Фермерлердің өнімін тартып алатын шенеунік өлі табылды

Өзбекстандағы мақта терімі. (Көрнекі сурет)

Өзбекстанда мемлекетке өнім өткізу жөніндегі міндеттемелерін орындамаған фермерлердің техникасы мен жер телімдерін күшпен тартып алумен айналысқан шенеуніктің сүйегі табылды.

Үргеніш қаласындағы Шават су каналынан Хорезм облысының сот шешімін орындау департаментіне қарасты басқармасының 45 жастағы бастығы Абдувохид Ориповтың өлі денесі табылды. «Қасақана кісі өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Азаттықтың Өзбек қызметінің хабарлауынша, тергеушілер «шенеунікті Ориповтың басшылығымен өнімі тәркіленген фермерлер өлтіруі мүмкін» деп күдіктенеді.

ФЕРМЕРЛЕРГЕ ҚАРСЫ НАУҚАН

Абдувохид Орипов Хорезм облысында мемлекетке мақта өткізу жоспарын орындай алмаған фермерлердің өсірген күрішін тәркілеу жөніндегі сот шешімін орындаған адам ретінде танылған.

Бұдан ертеректе Өзбекстан БАҚ-тары елде премьер-министр Шавкат Мирзияевтің жеке бұйрығымен мақта өнімін жинаудан мемлекетке қарыз болып қалған фермерлердің дүние-мүлкін тартып алу науқаны басталғанын хабарлаған. Мысалы, Хорезм облысы Янгибазар ауданында сот шешімін орындау департаменті қызметкерлері шаруа қожалықтары иелерінің тракторлары мен астығын күшпен тартып алған.

Елдің кейбір облыстарында билік өкілдері борышкер фермерлердің үйінің терезесіндегі пердеге дейін жұлып әкеткен.

Өзбекстандағы мақта терімі. (Көрнекі сурет)

Фермерлер «егістікті суаруға арналған су тапшылығына байланысты мемлекетке мақта өткізу жоспарын орындау мүмкін емес» деп шағымданған. Соңғы екі-үш жылдан бері елде су тапшылығы байқалады.

ЖАЗАТАЙЫМ ЖАҒДАЙ МА?

Азаттықтың Өзбек қызметінің күштік құрылымдардағы тағы бір дереккөзінің айтуынша, Абдувохид Орипов жазатайым жағдайға ұшыраған. Биылғы суға шомылатын маусымда Үргеніш қаласының ортасын кесіп өтіп жатқан ағысы қатты канал суына ондаған адам батып кеткен.

Бірақ бұл болжамды ауа-райы жоққа шығарып тұр. Өзбекстанның көп аймағында қар түсіп қалды, сондықтан шенеунік күн суықта суға шомылды дегенге сену қиын.

Хорезм облысындағы сот шешімін орындау департаментін Ориповқа дейін басқарған адам қызмет көлігінде тірідей жанып кетті.

ФЕРМЕРЛЕР СУИЦИДІ

Өзбек фермерлерінің арасында өз-өзіне қол салу оқиғалары жиі кездеседі. Болжам бойынша, олар мұндай шарасыздыққа биліктің қысымына шыдамай және мақта жинауға қатысты қиын жоспарларды орындай алмай бел буады.

Осындай соңғы оқиғаның бірі биыл шілдеде болды. Әндіжан облысында аудан басшысы мен прокурор өткізген жиналыстан кейін 29 жастағы фермер асылып қалған. Ол аудандық ауыл шаруашылығы бөлімшесінің әжетханасында өз-өзіне қол салған.

Өзбекстандағы мақта терімі. (Көрнекі сурет)

Қаңтарда Самарқан облысында да осындай жағдай болып, 40 жастағы фермер өз-өзіне қол салып көз жұмды. Оны «мемлекетке тиісті мақта көлемін өткізбегенің үшін жазаңды аласың» деп қорқытқан деген хабар тараған.

Мақта жинау маусымы кезінде күнделікті өтетін жиналыстарда жергілікті билік фермерлерге қол жұмсайтынын Өзбекстанның тәуелсіз ақпарат құралдары талай хабарлаған.

Азаттықтың Өзбек қызметі Сурхандария облысында тұратын, аты-жөнін атағысы келмеген фермердің «аудан басшысы жоспарды орындамағандарды жұрттың көзінше балағаттап, ұрып жіберуі мүмкін» деген сөздерін келтірген.

Өзбекстан бюджетінің көп бөлігі ауыл шаруашылық өнімдерін экспорттау есебінен құрылады. Мақта сатудан жылына 1 миллиардтан кем емес доллар түседі.

Халықаралық ұйымдардың сынына қарамастан, ел билігі халықты мақта жинауға мәжбүрлеуін доғармай отыр.

Былтыр «Мақта науқаны» (Cotton Campaign) халықаралық құқық қорғау компаниясы Өзбекстанның шамамен әр бесінші ересек тұрғыны мемлекеттік мақта алқаптарында жұмыс істеуге мәжбүр деп хабарлаған.