Гүлнара Каримова Twitter-дe жауап берді

Гүлнара Каримованың Twitter парақшасы

Азаттық радиосы мен швед телеарнасы жариялаған Өзбекстан президентінің қызы мен "пара алу туралы құжаттар" Twitter әлеуметтік желісінде қызу талқыланды. Онда бұған қатысты Каримованың өзі де пікір білдірген.
Азаттық мамырдың 22-сі күні швед журналистерімен бірігіп, «Каримова ісінде» жаңа құжаттар табылды» деген мақала жариялады. Онда Гүлнара Каримованың TeliaSonera компаниясымен «коррупциялық байланысы» туралы айтылды.

Өзбекстан президентінің қызы Гүлнара Каримова мен жақтастары жарияланған материалдарды (Азаттықтың мақаласы мен Швеция ұлттық телеарнасының телебағдарламасын - ред.) сынап, бұған Өзбекстан мен Каримованың қарсыластарын айыптады.

«ЖАУЛАРДЫҢ ӨШ АЛУЫ»

Гүлнара Каримова мен оны қолдаушылар Каримованың шетелдік компаниядан ірі көлемде пара алғаны туралы жоғарыда айтылған материалдарға қатысты ойларын Twitter желісінде жариялады.

Азаттық радиосы мен Швеция ұлттық телеарнасының Uppdrag Granskning («Міндет - тергеу жүргізу») бағдарламасы Каримова туралы материалдарында Өзбекстан президентінің қызы "өз қолымен жазды деген құжаттарды" жариялады.

Гүлнара Каримова сән апталығында. Мәскеу, 2 сәуір 2011 жыл

Ол құжаттарда негізгі кеңсесі Стокгольмде орналасқан телекоммуникация нарығындағы ірі компания - TeliaSonera-ның Өзбекстан нарығына ену үшін миллиондаған доллар пара бергені туралы дәлелдер бар.

Өзбекстан басшысы, автократ Ислам Каримовтың халық назарынан түспейтін үлкен қызы Гүлнара Каримова өзінің TeliaSonera компаниясымен байланыстары туралы ресми түсініктеме берген емес.

Бірақ ол Twitter-ге кіріп, өзіне арналған қошаметтерді оқығанды, кейде сын пікірлерге түйреп жауап жазғанды ұнатады. Ол Азаттық пен швед телеарнасына шыққан ақпараттарды елемеуге тырысқан. Бірақ өзіне қатысты ондай материалдардың жариялануын Гүлнара Каримова «Өзбекстан мен шеттегі жаулардың өш алуы» деп санайды.
Гүлнара жауларының ұсыныстары мен бопсасына селт етпегесін, одан ары қысымға ұшырап отыр.

Каримованың бұл сөзіне жауап ретінде @meclarck есімді интернет қолданушы «Озодлик (Азаттықтың өзбек тіліндегі атауы) Гүлнара Каримованың атына кір келтіру туралы жоғарыдан бұйрық алғаны белгілі» деп жазады.

Twitter қолданушылар TeliaSonera-ның бәсекелесі «МТС» компаниясының 2012 жылдың жазында өзбек нарығынан ығыстырылғаны туралы, «Каримова ісі» бойынша айыпталған төрт адамның бірі Бекзод Ахмедов туралы жазған.

Мәселен, @AbdunazarovaM «Осы жаланың бәрін ойдан шығарып отырған Ахмедовтың қорғаушылары» деп жазса, @hellsuffer атты қолданушы «МТС» Өзбекстаннан миллиондаған пайда тапты, қазір былыққа батып отыр» дейді. Ал @UlushMirab «Иә! Гүлнара олардың ұсыныстары мен бопсасына селт етпегесін, одан ары қысымға ұшырап отыр» деп болжайды .

"САЙЛАУ АЛДЫНДА ҚАРАЛАУ"

Twitter-дегі жақтастарына Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнара «Маған қысым жасамақшы ма?! Күлкім келеді» деп жазды.

Каримова: «Азаттық пен швед телеарнасы ауыз жаласқан ұйымдар ғой» десе, тергеуден қашып жүрген күдікті Ахмедовті «Үнемі бір орында тұрмай, жер бетін шарлап жүр, қазір $ $ $ $ Мәскеуде))))» деп кекетеді.

Гүлнара Каримова түрік актері Халит Ергенчпен бірге. Ташкент, 8 қазан 2012 жыл


Twitter-ге пікір жазушылардың көбі Гүлнара Каримова қартайған әкесінің орнын басуы мүмкін деген сыбысқа тоқталады. Оның жақтастардың бірі @amalprosto «Олардың (Азаттық пен швед телеарнасы - ред.) негізгі мақсаты – Гулнара Каримованы сайлау жақындаған кезде сайыс орнынан аластату. Сайлау тақаған сайын «компроматтар» да көбейе береді» деп жазады.

Тағы бір Twitter-ші @RasidJamamurato «кейбір саяси күштер Каримованың ел арасында танымалдығы өсіп бара жатқанын көре алмай, қыспаққа алмақ» десе, @Meclark «Оның рас, олар – Өзбекстан үшін геосаяси соғыс жүргізіп жатыр» деп Ресей мен АҚШ-ты тұспалдайды. «Оларға өз айтқанынан шықпайтын, топас адам керек. Ондай адамдар да бар, күмәніңіз болмасын!)))» деп жазады @Meclark.

Каримова пікірталастың соңында «Қымбатты достарым, мені түсініп, қолдағандарың үшін көп рақмет. Сендердің көздеріңе тіке қарай алатынымды мақтан тұтамын» деген жазба қалдырған.

Мақаланы ағылшын тілінен аударған - Динара Әлімжанова.