Өзбекстанда соңғы айларда бірнеше мектеп пен колледжден "Ислам мемлекеті" экстремистік тобыныкіне ұқсас қара тулар мен доқ көрсеткен парақшалар табылған соң қауіпсіздік шаралары күшейе бастады.
Елдің білім министрлігі өкілі Азаттық тілшісімен сөйлескен кезінде әр мектепте оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күзетші болатынын растады.
- Әрбір мектепте форма киген күзетші тұрады. Жеке штатқа орын бөлінеді. Мектептерді ішкі істер бөлімдерінде дайындықтан өткен күзетшілер күзетеді, - деді министрлік өкілі.
Ішкі істер министрлігі бұл мақсатта мектептерді күзететін жеке бөлім құрмақ. Қазір жасы 45-ке толмаған, денсаулығы жақсы азаматтарды бұл қызметке іріктеп жатыр.
Мектептерге төтенше жағдай бола қалса патрульдік милицияны шақыратын арнайы қауіпсіздік құрал да орнатылмақ. Подробно.уз сайтының дерегінше, кейбір мектептерде ондай құрал әзірден бар.
Мектептерде қай кезден бастап арнайы күзетшілер тұратыны әзірше белгісіз. Өзбекстанның халықтық білім министрлігі өкілінің сөзінше, қазір ол мәселенің қаржылық жағы талқыланып жатыр.
- Жек штат ашылып, күзетшілерге айлық төленеді. Қазір ол мәселені қаржы министрлігімен ақылдасып жатырмыз, - дейді ол.
Ташкенттегі мектептердің бірінің шаруашылық жөніндегі өкілінің сөзінше, қазір мектеп күзеті оқушылардың есебінен қамтамасыз етілген.
- Қазір күн сайын қауіпсіздік шарасын күшейтіңдер деген тапсырма аламыз. Күнде кешке бір мұғалім кезекші болып қалады. 24 мамырда да күшейтіледі. Бұл мұғалімдердің жұмысына кедергі болады, оқуға кесірін тигізеді. Жеке күзетші келсе, жақсы болады, - дейді ол.
Оның сөзінше, қазір мектептерде төтенше жағдай бола қалса не істеу керегі жайлы айтылып жатыр.
Өткен айда Ташкент облысының Паркент ауданындағы оқу орындарында "Ислам мемлекеті" экстремистік тобына тиесілі делінген, бомба қаупі жайлы қоқан-лоқы көрсеткен арабша үнпарақтар табылған. Мамыр айының басында Ташкент облысындағы Янгийол ауданындағы, одан соң Бухарадағы мектептен "Ислам мемлекеті" ұйымы тобының туына ұқсас ту шыққан. Күдікті парақтар табылған колледж бен мектептер бірнеше күнге жабылған.
Азаттықтың Өзбек қызметінің мақаласы.