«Каримова ісінде» жаңа құжаттар табылды

Өзбекстан президентінің қызы Гүлнара Каримова. Италия, 9 тамыз 2012 жыл.

Швед журналистері Өзбекстан президентінің қызы Гүлнара Каримова мен коммуникация саласындағы TeliaSonera компаниясының "коррупциялық байланысы" туралы жаңа құжаттар тапқанын айтады.
Швед журналистері TeliaSonera мен Гүлнара Каримованың арасындағы "заңға қайшы байланыстарға" арнап телебағдарлама түсірген. Ол хабар мамырдың 22-сі күні Швецияның SVT ұлттық телеарнасынан көрсетілді. Онда TeliaSonera компаниясының Каримоваға пара берудегі мақсаты үкіметтік мекемелерден қорғану және жаңа клиенттер тарту екені айтылған.

Журналистердің Азаттыққа көрсеткен құжаттарында Каримованың компаниямен арадағы келіссөздері туралы деректер бар. Келіссөздердің болғанын Каримованың өз «талап-тілектерін» қолмен жазып білдірген хаттары дәлделдейді.

Бұл туралы Швецияның SVT телернасының Uppdrag Granskning («Міндет - тергеу жүргізу») бағдарламасында көрсетіледі. Uppdrag Granskning бағдарламасы TeliaSonera компаниясының 2007 жылы Өзбекстанның коммуникация нарығына кіру үшін 300 миллион АҚШ доллары шамасында пара берді деп айыпталғаны туралы бұған дейін бірнеше материалдар жариялаған еді.

Your browser doesn’t support HTML5

Гүлнара Каримова мен TeliaSonera


Каримованың TeliaSonera-дағы «әріптестері» қазір тергеуге алынды. Тергеуді екі мемлекет - Швейцария мен Швецияның тиісті органдары жүргізіп жатыр. Күдіктілерге «пара берді» және «ақша жасырды» деген айыптар тағылып отыр. Швеция прокурорлары TeliaSonera-ның кейбір қызметкерлеріне қарсы бұл істі «ушыққан парақорлық» бабы бойынша қозғаған.

Ал компанияның бас директоры Ларс Нюберг ақпанның 1-інен бастап қызметінен кетті. Өйткені ол басқарып отырған компанияның Өзбекстандағы қызметіне назар аударушы тараптар көбейіп, бұл мәселеге акционер ретінде финляндиялықтар да көңіл бөле бастады. Швед журналистері әзірлеген бағдарламада «TeliaSonera-ның шу шыққаннан кейін де, мәселен, 2012 жылғы жаз айларында да пара беру әрекеттерін жасағаны» айтылады.

ҚҰЖАТТАР

TeliaSonera компаниясының орыс тілінде жазылған меморандумдары мен атқарылатын жұмыстырға қатысты қорытындыларына үстінен қолмен жазылған ескертулер қосылған. Оны журналистер өзбек президентінің қызы Гүлнара Каримованың қолы (жазуы – ред.) деп болжайды. Өйткені журналистерге түпнұсқа құжаттарды өзін «Александр» деп таныстырған курьер әкеп тапсырған. Ол компанияның Өзбекстандағы әрекеттері туралы жақсы білетінін айтқан.

Швед журналистерінің "Гүлнара Каримованың қолмен жазған түзетулері" деп ұсынған құжаттың көшірмесі.


Алайда құжаттардың түпнұсқа екенін тексеру қиын. Оларда бұрын жарияланбаған қызметкерлер тізімі мен швейцариялық банктегі шоттар туралы көп жазылған.

Құжаттардың қолмен жазылған жерлерін тексерген графолог Азаттыққа жазудың Каримованың қолтаңбасына 75 пайыз ұқсайтынын айтты.

«2 МИЛЛИОН АБОНЕНТ ПЕН ТЕКСЕРІСТЕН ҚОРҒАУ» САУДАСЫ

2012 жылдың жазында TeliaSonera-мен арадағы келіссөз құжатының бірін Каримованың көмекшісі толтырып, қарап шығу үшін Гүлнара Каримованың өзіне берген сияқты. Құжатта TeliaSonera 2 миллион мобильдік абонент тауып бергені үшін 5 миллион доллар шамасында бір реттік төлем жасайтынын жазған. Бұл құжаттың датасы «2012 жыл, 31 шілде» деп белгіленген. Бұл дата Өзбекстан билігінің ресейлік «МТС» компаниясының лицензиясын жойған, сол себепті 9 миллион абоненттің мобильдік байланыссыз қалған уақытына дәл келеді.
Аталған құжатта TeliaSonera-ны мемлекеттік бес реттеуші органнан қорғау үшін 15 миллион доллар талап етілгені көрсетіледі.

Uppdrag Granskning («Міндет - тергеу жүргізу») бағдарламасы «МТС» компаниясының бұрынғы басшысы Бекзод Ахмедовтың ресейлік компанияда қызмет етіп жүріп те TeliaSonera мен Каримованың арасында келіссөз жүргізуге дәнекер болғанын анықтаған.

Ахмедов қазір Швеция мен Швейцария бастаған тергеуде күдікті саналады. Аталған құжатта TeliaSonera-ны мемлекеттік бес реттеуші органнан қорғау үшін 15 миллион доллар талап етілгені көрсетіледі. Ол органдар: мемлекеттік салық инспекциясы, кеден, монополияға қарсы комитет, мемлекеттік байланыс инспекциясы мен ішкі істер министрлігі.

Құжатта төлемді агенттіктер арқылы төлеуге болатыны, бірақ оның «қымбатқа түсетіні» айтылған. Ал бес органның екеуінен ғана қорғау керек болса, оның бағасы да төмен болатыны ескертілген.

Құжатта TeliaSonera-ның бағаны төмендетуге тырысқаны анық білінеді. Бұл ұсынысқа Каримованың жазуы деп саналатын «Х» таңбасы қойылған.

«АУЫР СОҚҚЫ»

Гүлнара Каримованың Өзбекстандағы коммуникация жүйесіне ресми түрде ешқандай қатысы жоқ. Бірақ АҚШ дипломаттары оны кәсіпкерлерден ақша бопсалайтыны үшін «барон қарақшы» деп атайды. TeliaSonera Каримовамен байланысы бар екенін жоққа шығарып келеді.

TeliaSonera компаниясының аты-жөнін атаудан бас тартқан өкілі Uppdrag Granskning бағдарламасына Eurovision-2013 байқауына демеуші болып отырған, жаңа пайдалану нұсқаулығын жүзеге асырып жатқан компанияға жаңа құжаттар туралы ақпараттың ауыр соққы болғанын айтты.

- Бұл құжаттағы ақпарат шын болса, онда компания өкілдерінің Гүлнарамен диалог жүргізгендері де рас болып шығады, - деді ол.

Style.uz шарасының ресми сайтының скриншоты. Мұнда демеушілер арасында TeliaSonera-ның Өзбекстандағы бөлімшесі U-Cell-дің 2012 жылы да спонсор болғаны көрсетілген.


Құжаттарда TeliaSonera-ның өзбек әріптестері компанияның жергілікті мәдени шараларға демеуші болуын өтінгені жазылған. Соның ішінде TeliaSonera-ға жыл сайын Ташкентте өтетін Style.uz өнер мен сән фестивалін қаржыландыру туралы ұсыныстар да жасалған.

Құжаттарға қолмен жазылған ескертулерде «төлемдерді жеке-жеке жасау керек екені, FF аталмауы тиіс екені» анық жазылған. Бұл жердегі FF Каримованың Fund Forum қайырымдылық қоры екені айдан анық. Бұл қорды Каримова Өзбекстан халқының алдында өзінің беделін көтеру үшін қайырымдылық шараларына пайдаланды.

2011 және 2012 жылдары Style.uz шарасының ресми демеушісі болғанын TeliaSonera-ның Өзбекстандағы филиалы Ucell растады.

«ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ» ҚАРЖЫСЫ

Құжатта демеуші жергілікті «жұлдыздардың» саяхаты мен киімдерінің қаражатын көтеріп алуы керек екені ескертілген. (Түркияның «Тамаша ғасыр» телехикаясының жұлдызы Халит Эргенч 2012 жылдың күзінде Каримовамен бірге Style.uz-ге шықты).

Компанияда істейтін адамдардың айтуынша, мұндай әрекеттер (демеушілікке мәжбүрлеу) шетелдік инвесторлардан қосымша қаражат алу үшін жасалады.

2008 жылы Ucell-дің қаржы директоры міндетін атқарған Джон Дэвидтің айтуынша, өзбек билігі кейде телефон қызметін үзіп тастап, TeliaSonera-ны түрлі шараларға демеушілік пен басқа да ойдан шығарылған төлемдерді жасауға мәжбүрлейді.

- Бірде кенеттен жүздеген негізгі станциямызды жоғалтып алдық. Мыңдаған адам хабарласып, байланыссыз қалғанын айтты. Екі-үш күннен соң өзіміз таңдаған қайырымдылық қорына 100 мың АҚШ долларын жіберуге тиіс екенімізді хабарлады, - дейді ол.

Джон Дэвид мұны Uppdrag Granskning бағдарламасына берген сұхбатында айтқан.

- Мұндай төлемдер «мәдени шараға қолдау көрсету» деп тіркеледі. Бірақ оның қандай қайырымдылық шарасы екенін бәрі білетін, - дейді ол.

(2000 жылдың басында алаяқтығы үшін түрмеге түскен Джон Дэвидті TeliaSonera 2008 жылы Ucell-ге жұмысқа алған еді).

«СЕНІМДІ НӨКЕР»

Тергеуде күдікті ретінде Гаяне Авакянның да аты аталады. Швед журналистері ұсынған құжаттарда 2012 жылдың 8 тамызында Авакянның Швейцария банкіндегі бірнеше шотын қайта тіркегелі жатқаны жазылған.

Каримованың қолтаңбасы деп саналатын жазбаларда Авакянға «шот салынған банкке тиіспеу» қажет екені ескертілген. Бірақ жазба иесі «үш апталық тіркеу мерзімі өте ұзақ. Мұндай жылдамдықпен бәрінен айырыламыз» деп жазады.

Гүлнара Каримова мен Гаяне Авакян.


Гаяне Авакян Гибралтарда тіркелген Takilant компаниясының басшысы ретінде белгілі. Оған «TeliaSonera-ны Өзбекстан нарығына кіргізіп беру қызметі үшін 230 миллион доллар сұраған» деген айып тағылып отыр.

Авакян - Европада ақша жасыруға қатысты «өзбек ісіндегі» төрт күдіктінің бірі. Takilant компаниясы мен оның басқа да холдингілерінің жүздеген миллион доллар активі бар шоттарын Швеция мен Швейцария тұтқынға алды.

«ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ТӨЗБЕЙМІЗ»

Баспасөзбен байланысқа сирек шығатын Каримова SVT арнасының және Азаттықтың сауалдарына жауап бермеді. Uppdrag Granskning бағдарламасына берген сұхбатында TeliaSonera компаниясының өкілі Каримовамен келіссөз жүргізгенін тағы бір мәрте теріске шығарды.

Алайда соңғы бес жылда компанияның қаржы директоры болған Пер-Арне Бломквист TeliaSonera-ның Fund Forum қорының кейбір шараларын жүзеге асыруға қатысқанын растады. Бірақ ол Гүлнара Каримовамен күмәнді келіссөздер болғанын жоққа шығарып, «Өзбекстан сияқты елде негізгі шешім қабылдаушы тұлғалар мен ұйымдар арасында үнемі байланыс болатынын» айтты.

Бломквисттің айтуынша, «TeliaSonera компаниясының Өзбекстандағы келіссөздері Takilant компаниясымен шектелген». Ол Takilant-тың 2012 жылы компанияға түрлі «кеңес қызметін» ұсынғанын растады. Бірақ Бломквисттің сөзіне қарағанда, «TeliaSonera оның ұсыныстарының көбін қабылдамаған, соның ішінде 15 миллион доллар тұратын «қорғау қызметінен» де бас тартқан».

- TeliaSonera компания ретінде сыбайлас жемқорлық дәстүрлеріне жоламайды, ондай дәстүрлер Өзбекстан да бар. Біз сыбайлас жемқорлыққа төзбейміз, ондайды байқасақ, қарсы шара қолданамыз - дейді Пер-Арне Бломквист.

Мақаланы ағылшын тілінен аударған - Динара Әлімжан.