Өзбектердің «виртуалдық сайлауы»

Сайлау комитеті мүшесі бюллетень салынған урнаны көтеріп келеді. Бұхара, 27 желтоқсан 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

Өзбекстанда тәуелсіз кандидаттар қатысқан ашық сайлау өтуін қалайтын, бірақ ондай шара өткізуге мүмкіндіктері жоқ шетелдегі өзбек белсенділері интернетте «виртуалдық сайлау» өткізбек.

Өзбекстанның қуғындағы оппозициясының өкілдері отандарында жуықта өтетін президент сайлауы ашық әрі әділ болады дегенге сенбейді. Сондықтан олар билік өткізетін сайлауға балама ретінде интернетте виртуалдық сайлау ұйымдастырмақ.

Виртуалдық сайлау комиссиясына 11 «​кандидат»​ тіркелген. Олардың көбі – Өзбекстанда наурыздың 29-ы күні өтетін президент сайлауы тізіміне енбей қалған, сайлаудан шеттетілген «кандидаттар» – оппозиция мен азаматтық қоғам белсенділері, олардың арасында танымал тұлғалар аз.

ВИРТУАЛДЫҚ КАНДИДАТТАР

Президенттікке «кандидаттар» арасында ресми түрде тіркелмеген «Бирдамлик» ("Бірлік") партиясының өкілі Баходир Чориев бар. 2004 жылы Өзбекстаннан қашып, АҚШ-қа қоныс аударған Чориев кейін сол елде жүріп осы партияның негізін қалаған. Оның әкесі, күмәнді іспен сотты болып, түрмеге қамалған құқық қорғаушы Хасан Чориев жаза мерзімін өтеп шыққаннан кейін 2014 жылдың көктемінде қайтыс болды.

Виртуалдық сайлауға тіркелген тәуелсіз «кандидаттың» бірі - Дилшоджон Усманов. Оның әкесі Рустам Усмонов Өзбекстандағы алғашқы жекеменшік қаржы институты - «Рустамбанктің» негізін қалаған.

Виртуалдық кандидаттар арасында АҚШ-та тұратын Мирахмат Муминов пен Мохира Ортикова да бар.

Қуғын көріп Ресейге кеткен, қазірде өзбектердің «Ватандош» ("Отандас") ұйымын басқаратын тағы бір белсенді Усман Баратов та Өзбекстан президенттігіне «кандидат» ретінде «тіркелген».

Көктемде өтетін Өзбекстан президентінің ресми сайлауына кандидат ретінде тіркелген Акмал Саидов, Хотамжон Кетмонов және Наримон Умаровтар интернетте өтетін осы онлайн-сайлауға да түсіп жатыр. Мұны Азаттық радиосының Өзбек қызметіне виртуалдық сайлау комиссиясының «баспасөз хатшысы», тәуелсіз журналист Улугбек Бакиров хабарлады. Интернеттегі «сайлауға» қатысуға өздері өтініш бермесе де, бұған дейінгі ресми сайлауларға қатыспағанын ескере келе, виртуалдық комиссия оларды да «кандидаттар» қатарына енгізіпті.

Виртуалдық сайлау комиссиясының баспасөз хатшысы Улугбек Бакировтің айтуынша, тіркелген «кандидаттар» дауыс беру күні қарсаңында түрлі пікірсайыстар өткізбек.

ОНЛАЙН-ТІЗІМГЕ ЕНБЕГЕНДЕР

Виртуалдық сайлауға Өзбекстанды ұзақ жылдар басқарып келе жатқан, бұл жолы да қайта жеңіске жететіні күмән туғызбайтын қарт автократ Ислам Каримов қатыспайды. ​

Өзбекстан президенті Ислам Каримов.

Виртуалдық дауыс беру шарасын ұйымдастырушылардың айтуынша, Ислам Каримов президенттікке екі реттен артық сайланып, ел конституциясын бұзғандықтан «кандидаттар» тізіміне қосылмаған.

Оған қоса Ислам Каримовтің мұрагері болуы мүмкін деген премьер-министр Шавкат Мирзиёев, қаржы министрі Рустам Азимов сияқты «ескі гвардия» өкілдері де онлайн-сайлаудың «кандидаттар» тізіміне енгізілмеген. Ислам Каримовтың үлкен қызы, әкесінің кәріне ұшыраған Гүлнара Каримова да бұл тізімде жоқ.

Шараны ұйымдастырушылар «Өзбекстанда сайлау ашық өтпейді, кандидаттар тізіміне халықтың таңдау жасауына мүмкіндік беретіндей әркелкі үміткерлер, соның ішінде оппозиция мен азаматтық қоғам өкілдері енгізілмеген, сондықтан, біз осындай виртуалдық сайлау ұйымдастыруға мәжбүрміз» дейді.

35 жасқа толған, өзбек тілінде еркін сөйлейтін, Өзбек ССР-інде немесе Өзбекстан Республикасында туған, саяси не басқа да себептермен елден кетуге мәжбүр болған адамдар да Өзбекстанның виртуалдық президенті болып сайлана алады.

(Майкл Сколлонның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей).