Accessibility links

Telenor Каримоваға пара бермегенін айтты


Гүлнара Каримованың үйқамақта отырған суреті деп Райан Локсли жариялаған фотография.
Гүлнара Каримованың үйқамақта отырған суреті деп Райан Локсли жариялаған фотография.

Норвегиялық Telenor телекоммуникация компаниясы басшылары «компания ішіндегі жемқорлық дерегін таппадық» деп мәлімдеді. Екі күн өткенде «Өзбекстан байланыс операторына иелік еткен норвегтер миллиондаған доллар пара жөнінде білуге тиіс» деген аноним дерек пайда болған.

Норвегия сауда, өнеркәсіп және балық шаруашылығы министрлігі қаңтардың 13-і күні белгісіз біреуден Telenor-ды айыптайтын жаңа мәліметтер алғанын хабарлады. Министрлік өкілі ол мәліметтерді бірден Telenor-ға жолдағанын айтады.

Құжат Telenor акциясының үштен біріне иелік ететін Vimpelcom ұялы операторы мен Гибралтардағы Takilant компаниясы арасындағы транзакциялар туралы баяндаған.

Гибралтардағы компанияны Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнара Каримова өз мақсатына пайдаланған деген ақпарат бар.

Амстердамда құрылған Vimpelcom-ның Орталық Азияның авторитарлық елімен іскерлік байланыстарын Голландия, Швейцария мен АҚШ билігі біраздан бері тергеп жатыр.

Vimpelcom баспасөз хатшысы Бобби Лич Азаттыққа электрондық поштамен берген жауабында: «Vimpelcom аноним дереккөз акционерімізге жіберген мәлімет жөнінде түсініктеме бермейді. Vimpelcom тергеу жүргізіп жатқан барлық билік өкілдерімен ынтымақтаса жұмыс істеп, оларға қажетті ақпараттардың бәрін беріп отыр» деп жазған.

Швед прокурорлары жүргізген жеке тергеуге сай Швеция мобильдік операторы - TeliaSonera 2007 жылы Гибралтардағы Takilant компаниясына (Каримоваға тиесілі деген ақпарат бар – авт.) 2 миллиард 300 миллион швед кроны көлемінде пара берген. Қазір Каримованың басы дауға ілініп, Өзбекстанда үйқамақта отыр.

Vimpelcom Өзбекстанда мобильдік байланыс жиілігін сатып алу үшін Takilant-пен «баяғыда» жұмыс істегенін айтады. Норвегияда жарияланған әлгі аноним дерекке қарағанда, Vimpelcom-ның 2009-жылы АҚШ қор биржасына тіркеген құжаттарында көрсетілген шартқа сай, Telenor-дың директорлар кеңесі мұндай келісімге (сыбайластықпен жасалған келісімге – ред.) тыйым салуға міндетті болған.

Vimpelcom мәлімдемесінде де «Директорлар кеңесі ТМД елдерін кеңінен қамту туралы жалпы стратегияны бекіткенімен, әрбір сатып алу нысанын жеке-жеке қарайды. Сондықтан біздің кеңес Ресей, ТМД немесе басқа аймақтардағы сатып алынатын нысандарды бірден бекітпейді» деп жазылған.

Telenor өкілдері түсініктеме беру туралы өтінішке дереу жауап қайырмады, бірақ компания сайтында жарияланған баспасөз мәлімдемесінде Telenor-дың Vimpelcom-нан «түсініктеме беруді талап етіп отырғаны» жазылған.

Telenor жаңа ақпаратқа күдікпен қарайды. «Ол ақпаратта Vimpelcom-ның Өзбекстан нарығына кіруі сипатталған. Бұл жаңа құжат Vimpelcom-нің Өзбекстандағы инвестициясына қатысты жағдайды пайдаланып Telenor-ды қаралау үшін жасалған қадам болуы мүмкін» дейді компания.

Telenor компаниясының негізгі акционері – Норвегия үкіметі. Қаңтардың 14-і күні Telenor Group басқарма төрағасы Свайн Аасер Норвегия парламенттік комиссиясы алдында жауап беріп: «Vimpelcom Өзбекстанға инвестиция салған кезінде АҚШ-тың шетелдегі жемқорлық туралы заңында көрсетілген талаптарды ескерген» деп мәлімдеді.

Свайн Аасер кейін ABC Nyheter жаңалықтар сайтына берген сұхбатында: «Олар біздің сөзімізге иланбаса, шынымен өкінішті-ақ» деген.

(Гленн Кейтстің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан).

XS
SM
MD
LG