"Үйден Ресейдегі алау көрінеді". Мұнайлы ауылдың жұпыны тұрмысы

Кирсаново ауылына жақын жол бойындағы жазу. Батыс Қазақстан облысы, 26 тамыз 2021 ж.

Кирсаново – Қазақстанның солтүстік-батысындағы шағын ауыл. Ол Ресейдегі Богдановское және Қазақстандағы Шынарлы мұнай кен орындарының ортасында орналасқан. Түнде ауылдан мұнай өндіретін қондырғылардан шыққан жанған газдың алауы анық көрінеді. Кенішке көрші тұратын халық көп жылдан бері оның зардабын тартып келеді: мұнай өндірісінен ауа ластанып, құдық суы тартылған. Мұнай өндірісі ауыл экономикасына да оң әсер ете қоймаған: жергілікті халықтың не ақшасы, не жұмысы жоқ. Азаттық тілшісі Кирсаново ауылына арнайы барып, шекара аймағындағы халықтың тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.

Кирсаново бір қарағанда қорқынышты фильм түсіруге арналған мекенге ұқсайды: көшеде тірі жан, бір де бір көлік я жануар жоқ ауыл апаттан кейін иесіз қалғандай көрінеді. Қараусыз жатқан, қирауға айналған жұпыны үйлер мен жергілікті халықтың қонысы қатар орналасқан. Барлық үйдің ауласында қарағай бар: бұл жақтағыдай құмдауыт жерде қарағай жақсы өседі.

Кирсаново шынымен жойылуға айналған елдімекен саналады: ауылда 250 адам қалған, тоғыз жылдық мектепте 20 оқушы ғана білім алады (жабылуы мүмкін деген сөз бар). Ауылдағы жалғыз азық-түлік дүкенінің сыртына ешқандай жазу я белгі ілінбеген: білмейтін адам оны көрші үйдің күрек-кетпен қоятын қорасы не жазғы асүй деп ойлап қалуы бек мүмкін.

Кирсаново ауылы, Батыс Қазақстан облысы, 26 тамыз 2021 ж.

Ауылды ұзақ аралап жүріп кезіктірген бірінші адамның сұрағы шекара аймағында жүргенімізді бірден еске салды:

– Құжатыңыз түгел ме? Жеке куәлік, төлқұжат сияқты, – деді көнетоз бас киім киген аласа бойлы ер адам.

Ескі велосипед мінген бұл кісіні жөн сұрау үшін тоқтатқан едік. Өзімнің де, көлік жүргізушінің де құжаты түгел. Жаңа танысымыздан құжат туралы неге сұрағанын білмек болдық.

– Мысалы, жолда шекара қызметкерлері тоқтатып, құжат тексеруі мүмкін. Құжатыңыз болмаса, заң бұзған болып саналасыз, – деген ол тұздықтап сыбап алды. Ауыл тұрғыны құжатын үнемі бірге алып жүруге мәжбүр екеніне кейіді ме, жоқ әлде әлгіндей ереже ойлап тапқандарды сыбады ма – ол жағын нақтыламай, қайтадан велосипедіне мініп, өз жөнімен кете барды.

Велосипед мінген адам. Кирсаново ауылы, БҚО, 26 тамыз 2021 ж.

Шекарада орналасқан Кирсановодағы өмірге мұнда тұратын жұрттың көбінің көңілі толмайтын сияқты. Жергілікті халықтың бұлай деуіне себеп бар: Қазақстанның басқа ауылдарындағыдай, мұнда да не жұмыс, не ақша, не болашақ жоқ.

Кирсаново – "Шекара аймағы" жобасы аясында Азаттық тілшісі барған кезекті ауыл. "Шекара аймағы" – Қазақстанның шекара маңындағы қалалары мен ауылдарының тыныс-тіршілігі туралы репортаждар сериясы.

Ресеймен шекарадағы аймақтағы жазу. Кирсаново, БҚО, 26 тамыз 2021 ж.

"БИЫЛ КИРСАНОВОДА БІР СӘБИ ҒАНА ДҮНИЕГЕ КЕЛДІ"

Светлана Петровская туғанынан Кирсаново ауылында тұрады. Бар уақыты үй мен шаруашылықтың жұмыстарымен, балалары мен немелерінің қамын жасаумен өтеді. Күйеуі көктемнен күзге дейін мал бағады, қыста жұмыссыз отырады. Үлкен ұлы 56 күн вахтада жұмыс істеп, 56 күн үйде демалады. Петровскаяның отбасы басқа жаққа көшкісі келеді, бірақ оған көп қаражат керек. Ал ауылда ақша табу оңай емес. Светлана жыл өткен сайын ауылдың жағдайы қиындап бара жатқанын айтады.

– Ақылға салып қараса, халық үшін шекара аймағында тұрудың зияны көп. Мысалы, мал бағу қауіпті: Ресейге өтіп кетсе, қайтара алмайсың. Былтыр шекарадан өтіп кеткен қойлар сол күйі табылмады. Полицияның ол жаққа өтуге құқығы жоқ, біз де малды іздеп бара алмаймыз. Ауыл ішінің өзінде құжатпен жүру керек. Бірде ауыл жігіттері шөп шабуға барып, құжатын үйде ұмытып кеткен. Ешкім шөп шабуға төлқұжат алып бармайды ғой. Оларды ұстап алып, айыппұл салды, – дейді Светлана Петровская.

Кирсаново ауылында тұратын Светлана Петровская. БҚО, 26 тамыз 2021 ж.

Коронавирус пандемиясына дейін шекара жабылмай тұрғанда Кирсаново адамдары әкімдіктен тұрғылықты мекенжайы туралы анықтама алып, көлікпен алты километр жүріп, он бес минутта Ресейдің Раннее ауылынан бір-ақ шығатын. 2020 жылы Кирсаново ауылы жанындағы шекара бекеті жабылып қалған. Енді Раннее ауылына жету үшін 180 километр жол жүруге тура келеді. Кирсаново халқы көрші Орынбор облысына қонаққа немесе Ресейде бағасы арзан азық-түлік, автобөлшектер мен шаруашылық заттарын алуға барады.

Кирсановода Раннее ауылы туралы жұрттың бәрі біледі. Көбінің туыстары мен достары сол ауылда тұрады, кей тұрғындар сонда туып-өскен. Жергілікті халық өз өмірін Ресей ауылындағы жағдаймен салыстырып, ол жақта жақсы мектеп, мәдениет үйі мен ағаш өңдейтін зауыт барын айтады.

Ауыл мектебінің қасында Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқандарға қойылған ескерткіш бар. Кирсаново. БҚО, 26 тамыз 2021 ж.

Валентина Әмірханова көп жылдан бері ауылдық әкімдікте істейді. Ол бір кездері Кирсановода қосқабатты балабақша, мәдениет үйі, дүкендер болғанын, он бір жылдық мектепте 470 оқушы оқығанын еске алып, "ешкім бұл жақтан көшкісі келмейтін" деп күрсінеді.

– Мен мектепте оқыған жылдары бір ғана Алматы көшесінде 107 бала тұратын! Ал биыл Кирсановода бір сәби ғана дүниеге келді, бүкіл ауылда 1-9 сыныпқа дейін 20 оқушы ғана білім алады, – дейді ол.

Валентинаның қызы тұрмысқа шығып, Ресейдің Самара облысына көшіп кеткен. Ал Валентина мен күйеуі әзірге ауылда қалып, зейнетке шыққаннан кейін бір шешімге келмек.

– Бізге қарағанда қызымның тұрмысы тәуір сияқты: оның жұмысы бар, үлкен баласы спортпен айналысады, кенжесі балабақшаға барады. Бірақ Ресейге көшу ойымызда жоқ. Біріншіден, зейнетке шығу керек, содан кейін белгілі болады: не үйге газ кіргіземіз, не қызымыздың жанына көшеміз. Әзірге көшеміз деген жоспарымыз жоқ. 90-жылдары кете алмадық, енді қазір қалай боларын білмеймін, – дейді ол.

Кирсаново ауылында тұратын Валентина Әмірханова. БҚО, 26 тамыз 2021 ж.

Валентина Әмірханова бізді үйіне шақырды. 1954 жылы салынған үй ескі болса да, берік. Валентинаның айтуынша, бұл үй екі рет ірі су тасқынынан аман қалған. 1957 жылы көктемде ауылдың жартысын су шайып кеткен. Одан кейінгі су тасқыны осыдан 11 жыл бұрын болған. Валентина ол кезде өзеннің жағасында тұратындар бақшасынан мөңке балық аулағанын еске алады.

Үйдің ортасында үлкен орыс пеші тұр: қазір мұндай пешті этнографиялық хаттан немесе мұражай үйлерінен ғана көруге болады. Бұл пеш қазір қолданылмайды, үй иесі "көп орын алады" деп жақында оны бұзуды жоспарлап отыр. Тоңазытқыштың сыртында мобиль телефон ілулі тұр: үйде тек осы жерде ғана интернет ұстайды.

– Кейбіреудің үйінде икона, ал бізде телефон ілулі тұр. Бізде барлық жерде бірдей байланыс бола бермейді. Әр кезде әртүрлі байланыс операторлары ұстайды, сондықтан бізде Beeline, Activ және ресейлік сим-карта бар, – дейді Валентина Әмірханова.

Кирсановоға жақсы интернет тартуға бір де бір провайдер келіспейді: оған кеткен миллиондаған шығынды 250 адамы ғана бар ауыл 2050 жылға қарай бір-ақ өтейді.

Валентина Әмірханованың үйіндегі мобиль телефон. Кирсаново, БҚО, 26 тамыз 2021 ж.

"ҚАЛДЫҚ БӨЛІНГЕН КЕЗДЕ БӘРІМІЗДІҢ ЖҮРЕГІМІЗ АЙНИДЫ"

Кейінгі 20 жылда Кирсаново мен оның айналасындағы ауылдардың экологиясы күрт нашарлаған: жергілікті тұрғындар ауа, су мен топырақ құрамы да өзгергенін айтады. Халықтың айтуынша, Шынарлы кенішінде ірі көлемде кен өндірілген кезде ауылда үнемі күкірт сутегі иісі сезілетін болған. Қазір күкірт сутегі иісі желмен бірге шекара маңындағы (тікелей есептесе, бұл жерден ауылға дейін небәрі он километр) Орынбор облысында орналасқан Богдановское кен орнынан келеді. Сегіз жыл бұрын ауылдың айналасына ұңғыма бұрғылағанда шыққан улы қалдықты заңсыз төккен. Бұл қалдық топыраққа түссе, ол жерге көп жыл бой ештеңе өспейді.

Әмина Зарипова Кирсановоға жақын шекара маңындағы Красноармейское ауылында тұрады. Ол бұрын жергілікті мектепте география, биология және химия пәндерінен сабақ беріп, бір кездері ауыл әкімі де болған. Ол биолог ретінде бұл жақтың әр тасына дейін танитынын, ал химик ретінде мұнай кен орындарына көрші тұрудың қаупін жақсы түсінетінін айтады. Зарипованың пікірінше, шекара маңындағы ауылдардың экологиясына мұнай өндірісі қатты әсер еткен.

Красноармейское ауылында тұратын Әмина Зарипова. БҚО, 27 тамыз 2021 ж.

– Күкірт сутегінің иісі қатты сезіледі. Ресей жақта бірнәрсе жанса, иісі бізге келеді. Мұнай құрылғылары Раннее ауылына тиіп тұрғанына қарамастан, өздері де ештеңе істей алмай отырғанда, біз не істей аламыз? Қалдық бөлінген кезде түгелдей жүрегіміз айнып, басымыз ауырып, әлсірей бастаймыз. Кен орнынан алыстау тұрамыз, бірақ біздің ауыл орманы жоқ жазық далада орналасқандықтан, бұл жақта ауа еркін айналады. Қалдықты өртеген кезде күкірт оксиді түзіледі. Ол ауадан ауыр, ойлы-қырлы даланы аралап, шық суына еріп, өзенге түседі. Күкірт сутегі кішкене тұман не жаңбыр тамшысына еріп, адамдардың, жануарлар мен өсімдіктердің төбесіне күкіртті жауын болып жауады, – дейді Әмина Зарипова.

Шынарлы кен орнындағы жанған ілеспе газдың алауы алыстан көрінеді. БҚО, 27 тамыз 2021 ж.

Зарипова мен оның жерлестерінің айтуынша, қазір Шынарлы кенішінде бұрынғыдай көп мұнай өндірілмейді. Ілеспе газды өртеу де сирек кездеседі.

– Бірақ жанымызда Ресей бар, олар да ұңғыма қазады. Олардың қаншалық талапқа сай жұмыс істеп жатқанын білмейміз. Үйден Ресей жақта зымыран ұшырып жатқандай алау жанып тұрғаны көрінеді, – дейді ол.

Әмина Зарипова күйеуімен бірге зейнетақы мен ауыл шаруашылығынан түскен ақшаға күнелтеді. Олар ауласында шағын бақша ұстайды: онда гүлдер, картоп, алма және алмұрт ағаштары өсіп тұр. Биыл жазда қатты құрғақшылық болған. Тұщы су жыл өткен сайын азайып келеді. 25 жыл бұрын құдық суы сегіз метрден шықса, қазір жерді 24 метрге дейін қазуға тура келеді.

Красноармейское ауылындағы Әмина Зарипованың үйі. БҚО, 27 тамыз 2021 ж.

– Жайықтың тартылуынан су азайып жатыр. Жайық халықаралық маңызы бар су айдынына жатады. Ол Ресейдегі Орал тауынан бастау алады. Бұл – облысымыздағы жалғыз ірі өзен. Бұрын өзеннің түбін тереңдетіп, жүк таситын кеме мен пароход жүзіп жүрген. Мәселенің тамыры Ресейге тіреледі: өзен бойына су қоймаларын салып, Қазақстанға су жібермей отырған сол, – дейді Әмина Зарипова.

Кирсанованың іргесінде Жайық пен оның өзенге айналған ескі арнасының арасында шағын табиғи қорық бар. Ресми дерек бойынша, бұл жерді бұлан, елік, қабан, суыр, сілеусін мекендейді. Бірақ Азаттық тілшісімен сөйлескен Кирсаново тұрғындарының ешқайсысы бұл жақтан соңғы рет қашан бұлан не сілеусін көргенін есіне түсіре алмады. Жергілікті халық қорыққа "дөкей адамдар" аңшылыққа келетінін, олардың "бүкіл аңды атып тауысқанын" айтады.

Жайық өзенінің ескі арнасы. Кирсаново, БҚО, 26 тамыз 2021 ж.

Экологиялық кодекске сәйкес, шағын қорық суы қорғалатын аймаққа жататындықтан бұл жерден көмірсутекті пайдалы қазбалар өндіруге болмайды. Соған қарамастан, бірнеше жыл бұрын қорықша аумағынан мұнай іздеу жұмыстары жүрген. Қорыққа сейсмикалық барлау техникасын әкелу үшін Жайықтың ескі арнасына бөгет салған. Бірақ халық шу шығарып, журналистерді шақырып, қарсылық білдірген соң, көп ұзамай барлау жұмыстары тоқтаған. Ал бөгет сол күйі қалған. Ауыл халқы Жайықтың суы мол ескі арнасы қазір қамыс өскен батпаққа айналып барады деп қынжылады.

"НАЗАРБАЕВТЫ ҚАЛАЙ ТАҢДАСА, ӘКІМДІ ДЕ СОЛАЙ САЙЛАЙДЫ"

Кирсаново халқы ауыл әкімі Абылай Жұмағалиевті сирек көреді. Ол көбіне әкімдік ғимараты орналасқан көрші Январцево ауылында жұмыс істейді. Бірақ әкімді ол жақтан да таба алмадық, жұмыспен басқа жаққа кетіп қалыпты. Кирсаново тұрғындарының ауыл әкіміне қатысты пікірі әртүрлі: бір жағынан, халық оның бірнеше жылдан бері "негізгі трассаға дейін жол салып беремін" деген уәдесін орындамай келе жатқанына наразы болса, екінші жағынан қыста әкімнің тракторға отырып, қар тазалайтынын айтып, мақтайды.

– Биыл әкім сайлауы болды. Бірақ бізде қайбір адал дауыс беру болады дейсің? Халықты алдаусыратып үш-төрт кандидат шығарып қояды, бірақ жұрт қалай дауыс берсе де, бәрібір бұрынғы әкім қайта сайланады. Назарбаевты қалай таңдаса, әкімді де солай сайлайды, – дейді Кирсаново тұрғыны Аман Лұқманов. Жақында зейнетке шыққан ол қазір басқа жұмысы болмағандықтан, ауыл шаруашылығымен айналысады.

Кирсаново ауылында тұратын Аман Лұқманов (сол жақта). Батыс Қазақстан облысы, 26 тамыз 2021 ж.

Жақында ауылға жергілікті халық 15 жылдан бері күткен табиғи газ құбыры тартылмақ. Мемлекет магистральді және сыртқы желілерді тартуға 147 миллион теңге бөлген. Бірақ газды үйге дейін кіргізу ақысын тұрғын өз қалтасынан төлейді. Бұған газ плитасы, есептегіш құрал, жылыту қазандығы мен газ тұтқыш құрылғының бәрін қосқанда, 400 мың теңге кетеді.

Ауылда әзірге газ жоқ. Кирсаново жұрт үйін ағаш жағып жылытады. Жергілікті халық орман шаруашылығы басқармасынан отын жинауға рұқсат алып, ағаш жинауға шығады. Бұл жақта отын тапшылығы сезілмейді: құрғақшылық пен өзен суының тартылуынан Жайықтың жағасында кепкен ағаш көбейіп келеді.

Кирсаново ауылы маңындағы шабылған шөп, БҚО, 26 тамыз 2021 ж.