Қазақстанның батыс өңірінде экобелсенділер көп жыл қорғап келген түз жануарын ату мәселесі қайта қозғалды. Шаруалар қазір киік көбейіп, ауыл шаруашылығына қауіп төндіре бастағанын айтып отыр. Ресейдің шекара маңындағы аудандарынан да Қазақстаннан киік өтіп кетті деген хабар түсіп жатыр. Жергілікті билік киіктен шеккен зиян үшін Қазақстан үкіметінен өтемақы өндіріп алғысы келеді.
Маусымның басында Ресейдің ақпарат құралдары "Саратов жеріне тағы да киік қаптады. Шаруалар дабыл қағып жатыр", "Саратов облысында жаппай киік көші тіркелді" деп жаза бастады. Кей өңірлік басылымдар Қазақстанмен көрші Саратов облысында киік жайылымдық жер мен тұқым себілген алқаптарды таптап жатыр деп хабарлады.
"Жануарлар құдды Заволжье даласының толық құқылы қожайыны іспетті еркін жүр. Алғай ауданының шаруалары дабыл қағып, жайылымдық жерде бұрын-соңды осынша киік болмағанын айтып отыр", – деді мемлекеттік дума депутаты Александр Стрелюхин.
Шенеуніктер мен журналистер Ресей аумағына жылда киік өтетінін, бірақ биыл Саратов облыстық экология министрлігі бұл үшін Қазақстаннан өтемақы өндіріп алуға тырысып жатқанын айтады. Саратов облыстық экология министрі Александр Гаврилов "Киік келтірген шығынды жабатын өтемақы көлемін қарастырамыз" деген. Ресей билігі Қазақстаннан шынымен өтемақы сұрай ма, әлде бұл мәселені өзара шешіп ала ма, ол жағы белгісіз.
Азаттық Саратов облыстық экология министрлігіне хабарласып, бұл сұраққа жауап ала алмады. Ведомство сайтында бір ғана қалалық телефон нөмірі көрсетілген. Азаттық тілшісі ол нөмірге қанша рет телефон шалса да, тұтқаны ешкім көтермеді. Сайтта министрлікке хатта қалай жіберуге болатыны не электрон поштасы жазылмаған.
Қазақстанның экология министрлігі Ресей билігінен өтемақы туралы талап түскен жоқ деп жауап берді.
ШАРУАЛАР КИІКТЕН ӘБДЕН ЫҒЫР БОЛҒАНЫН АЙТАДЫ
Батыс Қазақстан облысының шаруалары үшінші жыл қатарынан киіктен зардап шегіп отырмыз деп шағынып жатыр. Кәсіпкерлер түз жануары жерді таптап, жайылымдық және шабындық жердің шөбін жеп кеткенін айтады.
– Шөп оруды бастадым. Бірақ өз жерімде емес, өйткені онда шөп қалған жоқ, бәрін киік жеп, тып-типыл қылды. 7 мың гектар жерім бар. Әкімдік тағы 500 гектар берді, сол жердің шөбін орып жатырмын. Ол жақта сәл де болса шөп бар, – дейді Жәнібек ауданындағы шаруа қожалығының басшысы Шәміл Салахов.
Шаруа малына шөп-жем жеткізе алмай екі жылда ірі қара басын екі есе азайтуға мәжбүр болған. Әкімдік бөлген жердің шөбі қысқа жетпейді. Оның есебінше, бұл жерден сиырға қысқа қажет шөптен 1,5 есе аз қор ғана жиналады.
– 460 бума шөп жинадым, тағы орсам, 100 бума шығып қалар. Сонда 600 бумадай болады. Маған бір қысқа кемі 2000 бума шөп керек. Оның өзі өлместің қамы болады. Қолымдағы малды ашықтырмай бағу үшін 3,5 мың бума шөп керек, – дейді Шәміл Салахов.
"Шопан ата агро" шаруалар бірлестігі филиалының басшысы Бауыржан Сабанов Батыс Қазақстан облысының барлық ауданынан киікке қатысты шағым түсіп жатқанын айтты.
– Әкімдік ақпарат жинады. Облыстық мәслихат депутаттары ауыл шаруашылық министрлігіне барып, өтемақы сұрағалы жатыр. Бәрін естіп, біліп отыр. Төбеден жай түспесе, ешкім қимылдамайды, – деді Сабанов.
"ШЫҒЫНДЫ ЕСЕПТЕУ МЕХАНИЗМІ ЖОҚ"
Экология министрлігі кейінгі кезде Батыс Қазақстан облысының шаруаларынан шағым көбейгенін растады.
"Қазталов және Жәнібек аудандарында ауыл шаруашылық жеріне жақын маңға 1500 тұлып қойылған, үш мотоциклетті экипаж киікке мониторинг жүргізіп отыр, төрт көлікпен екі патруль бригадасы құрылды", – деп жазған министрлік жауабында.
Биоалуандылықты сақтау ассоциациясы билік зардапты бағалау механизмін дайындамағандықтан шаруаларға келген шығынды есептеу мүмкін емесін айтады.
– Киіктің шаруаларға келтірген шығынын тіркеп, бағалау механизмі әлі күнге дейін жасалған жоқ. Сондықтан ешқандай дәлел (тапталған жер көлемі (га), егістік шығыны, ақшамен бағалағанда шаруалардың қанша теңге зиян шеккені туралы деректер) жоқ. Не былтыр, не биыл шығын көлемі анықталмады, – дейді ассоциацияның табиғатты қорғау бағдарламалары жөніндегі директоры Алена Кривошеева.
Ол Қазақстанда халықаралық сарапшылармен бірге елдегі киік популяциясын сақтау және басқару стратегиясы жасалғанын айтты.
– Бұл құжат адамдар мен киіктер арасындағы дауды шешіп, Қазақстандағы киік популяциясын сақтау және басқару жүйесін дамытуға негіз болады, – деді сарапшы.
"СУ ІЗДЕП КЕЛІП ЖҮР"
Киіктің көшіп-қонуының басты себебі – су. Батыс Қазақстан облысының оңтүстік аудандарындағы киік мекендейтін табиғи ортада су айдыны азайып кеткен. Түз жануары су іздеп, адам тұратын жерге жақын бара бастаған.
Биолог Табылғали Сапаров кейінгі он жылда құрғақшылық болып жатқан өңірдегі жануарларға көмектесу оңай деп сенеді. Ол үшін Жайық өзенінің арнасына аудандарға су бөлетін шлюздер орнату керек.
– Біз суда жүзетін шлюз қояйық, Күшім жүйесінің басындағы Жайық өзені арнасының бір бөлігін бөгеу керек, сонда су деңгейі көтеріледі дедік. Қазір 5 текше метр су келіп жатса, кейін 35 текше метр болады. Су көлемі аз болған кездің өзінде солай. Сонда 600 миллион текше метр су алуға болады, – дейді ол.
Биологтың айтуынша, бұл су өңірдің оңтүстігіндегі екі ірі су айдынын толтыруға жетеді. Киік жайылатын жерде Қараөзен мен Сарыөзен деген екі ірі бассейн бар. Қазір Қазақстан аталған өзендердің арнасын жартылай толтыру үшін Ресейден су сатып алып отыр.
– Жүзетін шлюз – жергілікті ноухау. Кезінде Ғали (Есқалиев 2019-2022 жылдары Батыс Қазақстан облысының әкімі болған – ред.) бұл жобаға бюджеттен 300 миллион теңге бөлген. Бірақ суда жүзетін құрылғыға тапсырыс берудің орнына орман шаруашылығына қажет трактор сатып алған. Жоба сол күйі жүзеге аспай қалды. Бұл біреуге тиімсіз. Неге? Жайықтан тегін су алғанша, Ресейден су сатып алғысы келеді. Жемқорлық схемасы сияқты. Қазір неге қарсы болып отыр?! – дейді Сапаров.
Ғалымдар ұсынысының тағы бір артықшылығы: су сатып алудан біржола бас тартуға болады. Олардың есебінше, бұл құрылғы бес жылда су тапшылығының орнын толтырып, Ресейге тәуелділіктен құтқарады.
КИІК ЕТІ МЕН МҮЙІЗІН САТУ
2022 жылы маусым айының аяғында сол кездегі экология министрі Серікқали Брекешев киік санын реттеу туралы шешім қабылданғанын айтты. Ол кезде киіктің 10 пайызы атып алынады деген хабар тарады. Бірақ даулы әдіс туралы толық ақпарат берілген жоқ.
Батыс Қазақстан облысында құралайға арналған пана орнының жұмысы қайта жанданды.
Биыл төлдеу маусымынан кейін 50 құралайды ұстап, қалаға жақын маңдағы арнайы мекемеге апарған.
Ол жерде жаңа туған құралайды сүт беріп асыраған. Киік төлі шілденің басында екі айға толып, жем-шөпке ілікті. Мұнда болашақта киікті қолға үйрету мақсатында зерттеу жүріп жатыр. Осы жерде жұмыс істейтін мамандардың мақсаты – сол.
Ғалымдар құралайды зерттеп жатқанда, өңірде киік атуға рұқсат берілсе, етін қайда жібереміз деген мәселе көтерілді. Былтыр облыс әкімінің сол кездегі орынбасары, қазір сенат депутаты болып отырған Арман Өтеғұлов киік етін сатуды ұсынған. Ондай ұсыныс қазір де бар. Былтыр бұл мәселемен экология министрлігі айналысып, министр әкімдік пен ғалымдардың ұсынысын қолдаған. Ғалымдар жаңа министр Зүлфия Сүлейменова киік туралы ештеңе деген жоқ, облысқа да келмеді деп наразы болып отыр.
– Мәселеден хабары жоқ, не болып жатқанын түсінбейтін адам. Бұл – экологиялық мәселе, – дейді Табылғали Сапаров.
Биыл киік саны артқанына қарамастан, өңірлік немесе мемлекеттік деңгейде жаңа ұсыныстар айтылмады. Елде киік атуға мораторий жарияланған. Бұл құжат 2023 жылдың аяғына дейін күшінде. Экологтар билік киікті тұрақты пайдалану механизмін дайындауы керек, бірақ киік атуға рұқсат берілген күннің өзінде бұл шаралар жануарларды барынша сақтап қалуға бағытталғаны дұрыс деп ескертеді.
– Киік жабайы жануарларға арналған нөлдік экспорттық квотасы бар СИТЕС конвенциясының №2 қосымшасына енген. Бұл квотаны алып тастап, киік мүйізін халықаралық нарықта заңды түрде саудаға шығару үшін Қазақстан ел ішінде бағаны белгілеу, сақтау және тасымалдауға ашық әрі қатаң бақылау жүйесі орнағанын дәлелдеуі керек. Содан кейін конвенцияға қатысушы мемлекеттердің 2/3 қолдаған жағдайда ғана нөлдік экспорттық квотаны алып тастауға болады, – дейді Алена Кривошеева.
"АЙТҚАНЫМЫЗДЫ ЕШКІМ ЕСТІМЕЙДІ"
Алена Кривошеева киік санын реттеу мәселесімен экология және ауыл шаруашылығы министрлігі бірге айналысуы керек деп есептейді.
– Мәселені шешіп, шығынды бағалау әдістемесін дайындап, өтемақы және сақтандыру механизмін енгізу керек. Жақын уақытта киіктен зардап шеккен шаруаларға жерін қоршауға көмектесіп, өтемақы төлеу қажет, – дейді маман.
Әзірге шаруалар мәселесін өздері шешіп жатыр. Шәміл Салахов жайылымын қорғау үшін биыл 20 миллион теңге жұмсап, металл бағаналар сатып алған. Тағы 20 миллион теңгеге тор сатып алуы керек. Салахов мемлекеттен үміт жоғын айтады.
– Биыл қоршап үлгерсем, келер жылы жайылым болады. Жайылым ғана, шабындық болмайды, оған әлі материал сатып алмадым. Бұған көп ақша кетеді. Маған көмектесер, басқалар қайтеді? – дейді шаруа.
Қазір Батыс Қазақстан облысында киікті қорқытып, қуып, амалдап жатыр. Оларды қууға шаруалар мен Охотзоопромның патруль қызметкерлері шығады. Киікті жайылымдық жерге жоламасын деп үркіту үшін тұлып пен дыбыс шығаратын құрылғы орнатып қойған. Бірақ бұл шаралар киік популяциясы үшін кезекті трагедияға айналады дейді биолог Сапаров.
– Оларды үнемі қуалай берсе, қоң жинамайды. Арық киік қысты көтере алмай, қырылып қалады. Әсіресе, жас киіктер. Олар онсыз да азайып бара жатыр. Сапалы көбеюі үшін киік қоңды болуы керек. Біз қусақ, ресейлік шаруалар қуса, қалай ет жинайды? Қыста жас киіктің көбі қырылып қалады. Осыны үнемі айтып жүрміз, бірақ ешкім естімейді, – дейді Табылғали Сапаров.
2023 жылғы мамырдағы дерек бойынша, Қазақстанда киік популяциясы 1,9 миллионға дейін өскен. Бұл былтырмен салыстырғанда 45,3% көп. Киіктің көбі Жайықта шоғырланған (1,13 млн).
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Жайылым жерді киік атып құтқару мүмкін емес". Үкімет шешімі асығыс қабылданды ма?"Киікке қасқырдан гөрі адам қауіптірек""Салығын біз төлейміз, шөбін киік жейді". Батыс Қазақстанда киік көбейді, бұған не себеп?Өмірлік жаза. Қорықшы өлімі бойынша істің үкімі қалай шықты?"Жазадан құтылғандар бізге күліп кетеді"