Қазақстаннан неге кеттім?

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев жақында бір сөзінде қазақстандықтардың шетелге көшіп жатқанын естігенде "уайымдайтынын" айтты. Ал шетелге кеткендердің арасында өкінетіндер бар ма? Қазақстанда туып, өзге елге кеткендер қандай жетістікке жетті? Неден ұтты, неден ұтылды? Қазақстанға қайта оралғысы келе ме? Азаттық шетелге кеткен бірнеше кейіпкермен сөйлесіп, қазіргі өмірі жайлы сұрады.

"ҚАЗАҚСТАНДЫ ЖАҒЫМСЫЗ ЕТІП КӨРСЕТЕТІН БІР ФАКТОР – ЖЕМҚОРЛЫҚ"

Жат жерден жақсы ұсыныс түсіп, туған елін, туыстарын тастап кетуге бел буғандардың бірі – 40 жастағы Айнагүл Гохел. 2008 жылы Орал қаласында мұнай-газ компаниясында жұмыс істеп жүрген ол Қазақстанға қызмет бабымен келген үнді жігітімен көңіл қосып, көп ұзамай оған тұрмысқа шығады. Содан бері оның қалыпты өмірі күрт өзгерген.

– Екеумізге Африкадағы Гана мемлекетінен ұсыныс түсті. Болашағы бар, жалақысы жоғары жұмыс еді. Бір ай ойландық. Ақыры анамның батасын алып, кетеміз деген шешімге келдік. Иә, екіойлы болғаным рас. Жақындарымды тастап кеткім келмеді. Бірақ мұндай мүмкіндік қайталанбасын сездім. Сөйтіп, күйеуіммен қол ұстасып, бөтен елге жол тарттық, – дейді ол.

Үнді жігітіне тұрмысқа шығып, Ганада тұрған, кейін АҚШ-қа қоныс аударған оралдық қазақ Айнагүл Гохел.

Айнагүл Африкада төрт жыл тұрып, мұнай-газ саласында еңбек еткен. Табысы жақсы, мүмкіндіктері көп болған. "2012 жылы Дубайдан жаңа ұсыныс түскенде, ойланбастан тағы көштік" дейді ол.

– Күйеуім жұмысқа кірісті, мен қызметтен бас тарттым. Тұңғышыма екіқабат едім. Содан бастап карьерам тоқтады. 2012 жылы қызым, 2017 жылы ұлым дүниеге келді. Дубайда бас-аяғы жеті жыл тұрдық. Осыдан екі жыл бұрын АҚШ-қа көшу туралы шешім қабылдадық. Шындығында, бұл – күйеуімнің қалауы еді. Ол 2011 жылы АҚШ-тың "грин-картасын" (Америка үкіметі шетелдіктер арасында лоторея ойнату арқылы беретін визасы – ред.) ұтып алған. Маған салса, Қазақстанға жақын Дубайда қала берер едім. Бірақ амал жоқ, келістім. Қазір Пенсильвания штатында тұрамыз. Өміріме ризамын.

Әйтсе де "шетелде бәрі керемет емес, әсіресе жұмыс табуға келгенде көп адам қиналады" дейді Айнагүл.

– Елден кетіп, неден ұтылдым? Ең бастысы – кәсіби маман ретінде өспедім. Қазақстанда жақсы қызметте істедім. Қалсам, лауазымым өсер еді. Ал қазір жағдай басқаша. Сүйікті ісіме оралып, дамығым келеді-ақ. Бірақ бұл жақта қазақстандық диплом жарамайды. Қайта білім алу қажет. Бұл оңай емес. АҚШ заңы бойынша 12 жасқа толмаған баланы үйде жалғыз қалдыруға болмайды. Үлкенім 10-да, кіші балам үште. Сондықтан үйдемін. Ал жалпы жағдайым жақсы. Қазақстанмен салыстырғанда мұнда өмір сапасы әлдеқайда жоғары. Әсіресе медицина, білім беру жүйесі ұнайды. Сосын бұл жақта қауіпсіздікке ерекше мән береді. Мысалы, балабақша іші түгел камера. Балаға қол көтеру дегенді естімеппін. Ата-ана үшін бұл өте маңызды, – дейді Айнагүл.

Ганадағы мұнай компаниясында жұмыс істеген Айнагүл Гохел жұбайы мен әріптестерімен бірге.

Айнагүл – Қазақстан азаматы. "Болашақта елге оралу мүмкіндігі болса, қайтып келуге дайынмын" дейді ол.

– Қазақстанды сүреңсіз ететін бір фактор бар. Ол – жемқорлық. Қазақстан мен Американы салыстырсақ, АҚШ-та жемқорлық, парақорлық жоқ деуге болады. Бір мысал. Егер сізді полиция тоқтатса, айтқанын істеу керек. Ақша ұсынып, "өзара шешейік" деуге болмайды. Яғни заң жұмыс істейді. Ал Қазақстанда ше? Кез келген мәселені ақшамен, тамыр-таныстықпен шешесің. 14 жыл бұрын да солай болған, қазір де солай, өзгеріс жоқ. Өкінішті.

"ҚАЗАҚСТАНДА ҚАЛСАМ, МҰНДАЙ ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТПЕС ЕДІМ"

2002 жылы Павлодарда мектеп бітіріп, Ресейдің Новосібір қаласына жоғары оқу орнына түскен Роман Ожик Қазақстанға қайтып оралмайтынын білген. 36 жастағы азаматтың сөзінше, мұның бірнеше себебі бар.

– Павлодар – шағын қала. Сондықтан бұл жақта қалып, жетістікке жетуім екіталай еді. Таңдаған мамандығым ІТ саласы болғандықтан, болашақта мүмкіндігімді аша алатын орта іздедім. Новосібір мемлекеттік политехника университетінің ақпаратты қорғау факультетіне оқуға түсіп, 2007 жылы бітірдім. Мамандығым бойынша банк саласында, кейін Ресейдегі ірі фармацевтика компаниясында еңбек еттім. Новосібір қаласында 17 жыл тұрыппын. Үйленіп, екі балалы болдым. Әйтсе де адам өзіне ыңғайлы жер іздейді екен. Кейінгі жылдары Новосібірдің өзі тарлық етті. Сондықтан екі жыл бұрын бағымды сынайын деп Мәскеуге қоныс аудардым. Қазір таңдауыма өкінбеймін, – дейді ол.

Павлодарлық ІТ маманы Роман Ожик Ресейге көшіп, Мәскеуде мамандығы бойынша жұмыс істеп жүр.

Романның сөзінше, үлкен қалада мүмкіндік көп. "Новосібірге қарағанда Мәскеуде жолым ашылды" деп есептейді. Ірі жобалар, ірі компаниялар, жаңа белестер. "Қазақстанда қалсам, қазіргі жетістігімнің бірі де болмас еді" дейді ол.

– Павлодар – туған жерім. Оны жақсы көремін. Бірақ ол қала мен қалаған мүмкіндікті бере алмас еді. Жақындарым сонда тұрады. Бизнесіміз бар. Бірнеше жыл бұрын әкем өмірден өтті. Шешем отбасылық кәсіпке бас-көз болып отыр. Әрине, жақындарымды ойлап елде қалғанымда әкем бастаған істі жалғастырар едім. Таршылық көрмей, ел қатарлы өмір сүрер едім. Бірақ бұл менің таңдауым болмағандықтан, шын бақытты болатыныма күмәнім бар, – дейді Роман.

Қазақстаннан кеткендер статистикасы

2020 жылдың қаңтар-маусым аралығында Қазақстаннан 10 977 адам көшіп кеткен. Олардың дені ТМД елдерінен, соның ішінде Ресейден пана тапқан (9,5 мың адам). Алыс шетелдерден қазақстандықтар көбіне Германия (780 адам) мен АҚШ-ты (131 адам) таңдаған.

Өткен жылдың осы кезеңінде 20 071 адам Қазақстаннан шетелге көшкен. Яғни, биылғы жарты жылда эмигранттар саны 45,3 пайызға азайған. Бұған әлем елдерінің коронавирус инфекциясының тарауына байланысты өз аумағына келетіндерге шектеу енгізуі әсер еткен болуы мүмкін.

"Қазақстанға қайтуыңыз мүмкін бе?" деген Азаттық сауалына Роман кідірместен "жоқ" деп жауап берді. Бірақ туған жерін сағынатынын жасырмады.

– Кейде қазақтың ұлттық тағамын аңсаймын. Сол кезде қазақ мейрамханаларына барамын. Қазақтың қонақжайлығы, кең пейілі, жомарттығы ұнайды. Бірақ қалай десе де, адам жанына жайлы ортаны іздейді екен. Мәскеу маған жақты. Сондықтан әзірге кететін ойым жоқ.

"АЛАҢДАУШЫЛЫҚ, ШАРАСЫЗДЫҚ, ЖҰМЫССЫЗДЫҚ"

Қазақстанға қайтқысы келмейтіндердің бірі – Алматы қаласының бұрынғы тұрғыны, қазір Стамбұлда тұратын Әсел Исабаева. 44 жастағы әйел 2017 жылы Қазақстаннан көшем деген ұйғарымға келген. Әсел бұл – "саналы өмірімдегі ең дұрыс шешім" дейді.

– Үш жыл бұрын осындай шешімге келдім. Бұған дейін шетелде жұмыс істеп, Қазақстанға келіп-кетіп жүрдім. Әр келген сайын жағдай қиындай түскенін көрдім. Әсіресе білім беру, медицина саласы кері кетіп бара жатқандай еді. Келешегіне алаңдаған жұрт, шарасыздық, жұмыссыздық, қымбатшылық… Шынын айтсам, көңілімде үміттен гөрі күдік күшейе берді. Экологиялық-әлеуметтік жобалар қызықтырды. Бірақ оны Қазақстанда жүзеге асыру мүмкін болмады. Алматының тумасымын. Бір кездері апортымен әлем таныған шаһардан қазір түк қалмады. Алма жоқ, ағаштар шетінен кесіліп жатыр, бейберекет салынған құрылыс... Бастысы, Қазақстанда адами ресурс бағаланбайды. Қанша адам кетті? Алаңдаған біреу бар ма? – деп күрсінеді Әсел.

Түркияның Стамбұл қаласында кәсіп ашып, 2017 жылдан бері тұрып жатқан қазақстандық Әсел Исабаева.

"Қазақстандағы ірі мегаполис Алматы осындай болса, шағын қалалар туралы айтудың өзі артық" дейді ол.

– Қазақстанда түсініксіз заң көп. Жылдам қабылданады, кейде әй-шайға қарамай өзгеріп жатады. Диктатура белең алған. Халық бір жағада, билік екінші жағада өмір сүреді. Байланыс жоқ. Қарапайым адамға кәсіп бастау қиын. Өз басымнан өтті. Талай талпындым. Болмады. Бәрін саралай келе елден кетем деп шештім. Қазір қызыммен Стамбұлда тұрамын. Бұл – үлкен мүмкіндіктер қаласы. Үш жылда жеке кәсібімді аштым. Шүкір. Климаты жұмсақ, ішкі туризмі мықты, халқы тату. Әлемді дүрліктірген пандемия кезінде Түркияда алаңсыз болдым. Заң жұмыс істейді. Ертеңгі күнге сеніммен қарайтындай жағдай бар. Бұл жақта дәрменсіздік дегеннен ада болдым. Енді тек дамып, өскім келеді, – дейді Әсел.

Жат жерде жүрсе де Әсел Қазақстандағы ахуалды жіті бақылайды. Оның сөзінше, елдегі жағдай барған сайын қиындап барады.

– "Бұдан бетер нашарлауы мүмкін бе?" деймін кейде. Сөйтсем мүмкін екен. Меніңше, Қазақстан адам төзгісіз жағдай жасау бойынша әлемдік рекордты жаңартқан сияқты. Сондықтан елге оралу ойымда жоқ. Кеткеніме қуанбасам, ренжімеймін. Біреу эгоист дер. Өмір бір-ақ рет беріледі, сондықтан өзіме жайлы ортада бақытты ғұмыр кешкім келеді, – дейді Әсел.

"ҚАЗАҚСТАНДА ЖАҚСЫ ҒЫЛЫМИ ОРТА ЖОҚ"

Американың Калифорния штаты, Сан-Франциско қаласында 2008 жылдан бері тұратын шымкенттік Мәулен Өтеулиев шетелге білім қуып келген. "АҚШ – химия саласында әлемде көш бастаған мемлекет. Докторантураны қайда оқимын деген сұрақ туғанда бірден осы елді таңдадым" дейді ол.

Шымкенттік Мәулен Өтеулиев АҚШ-тың Сан-Франциско қаласындағы фарамацевтикалық компанияда жұмыс істейді.

– Фармацевтика компаниясында жетекші ғылыми маман болып істеймін. Екі балам бар, үшіншісін күтіп отырмыз. Жағдайымыз жақсы. Ең бастысы – мақсатыма жеттім. Сүйікті ісіммен айналысып, білігімді жетілдірдім. Шетелге кеткеніме өкінбеймін. Жоғары деңгейдегі ғылыми жұмыстардың басы-қасында жүріп, тәжірибе жинадым. Бұл жақта ғылыммен айналысуға мүмкіндік көп, – дейді Мәулен.

Мәулен де Қазақстанда қалған жақындарын сағынады. "Бірақ Америка тұлға әрі кәсіби маман ретінде қалыптасуыма мүмкіндік берді. Елге қайтсам бұл жақтағыдай мүмкіндік болмас еді" дейді ол.

– Америкамен салыстырсақ, Қазақстанда ғылыми орта жоқ деуге болады. Бұл – шындық. Екіншіден, ғылыми зерттеулерге жағдай жасалмаған. Ғалымдар материалдық тұрғыдан да, рухани тұрғыдан да қолдауға зәру. Әрине, өз елімде еңбек етіп, алған білім мен тәжірибемді жаратқым келеді. Соңғы технологиямен жабдықталған қолайлы лабораториялар мен дәрі-дәрмек өндіретін зауыттар ашылса, ойланбастан қайтып келемін, – дейді АҚШ-тағы қазақ жігіті.

Қазақстаннан кімдер кетті?

2020 жылдың алғашқы жартысында Қазақстаннан шетелге кеткендердің 3395-і – жоғары білімді маман.

Елден кеткен азаматтардың 1,8 мыңы техникалық мамандық иесі болса, 990 – экономика, 539 – педагогика, 313 – медицина, 213 – құқық, 136 – сәулет-құрылыс, 85 – ауыл шаруашылығы саласының маманы.

Қазақстаннан кеткендердің басым бөлігі – жұмысқа қабілетті азаматтар.

"ТЫНЫМСЫЗ ЕҢБЕКТЕНСЕҢ ҒАНА ТАБЫСҚА ЖЕТЕСІҢ"

Ал кейінгі 15 жыл Жапония астанасы Токиода тұратын Жәмилә Құлашбекова шетел көбі ойлағандай "әдемі ертегі" емес дейді.

– 2006 жылы Қазақстанға жұмыс бабымен келген жапон азаматымен таныстым. Ол кезде жапондық компанияда бас директордың көмекшісі болып істегенмін. Жасым 25-те еді. Сүйіп қосылдық. Кейін күйеуім еліне қайтатын болып, онымен еріп кеттім. Жат жерге келіп, бәрін басынан бастадым. Университетке оқуға түсіп, жақсы қызметке орналастым. Сегіз жылдай үздіксіз жұмыс істедім. 2014 жылы ұлым дүниеге келді. Бірақ үйде қарап отыра алмадым. Жарты жылдан соң жұмысқа оралдым, – дейді Жәмилә.

Жапон жігітіне тұрмысқа шығып, Жапонияда тұрып жатқан қазақстандық Жәмилә Құлашбекова.

39 жастағы Жәмилә жапон әйелдеріне отбасылық өмір ауыр тиеді дейді. Оның айтуынша, ол халықта Қазақстандағыдай ағайынды қолдау деген түсінік жоқ. Жұмысбасты болса да бала бағу, үй шаруасы, ас дайындау түгел жалғыз әйелдің мойнында.

– Мұнда ер азамат аңшы сияқты. Ақша тауып, үнемі сыртта жүреді. Балалар әкесін көрмей өседі. Туыс-туғандар біздегідей емес, алыстан сыйласады. Көмектесіп, қолдау көрсету деген жоқ. Сондықтан әйелдерге ауыр. Жақсы әйел, ана болғым келді. Десе де мықты маман ретінде өзімді жоғалтқым келмеді. Ұлым екіге толғанда күйеуім қайтыс болып, бөтен елде баламмен жалғыз қалдым. Басқа біреу дәл осы сәтті пайдаланып елге қайтып кетер еді. Мен қалам деп шештім, – дейді ол.

Қазір Жәмилә Жапониядағы Үндістан елшілігінде заңгер болып істейді. Келер жылы ұлы мектепке бармақ. Елден анасы, әпкесі келіп тұрады екен. Қазақстанға қайту туралы әлі ойланбаған. Бірақ бәрі мүмкін дейді.

– Жапонияның табиғаты ұнайды. Сосын бұл жақта темірдей тәртіп бар әрі қауіпсіз. Алаңсыз жүресің. Десе де шетелге кетіп, өмірім өзгереді дейтіндерге айтарым: жат жерде тынымсыз еңбектенсең ғана дегеніңе жетесің, – дейді Жәмилә.