Ресей элитасы Путиннің шешімін сынаудан неге қорқады?

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) елдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу мен қарулы күштер бас штабының бастығы Валерий Герасимовты (үстелдің арғы шетінде) қабылдап отыр. Мәскеу, 27 ақпан 2022 жыл.

10 қазан таңертең Ресей әскері Украинаның оннан астам қаласын нысанаға алып, жиыны 80-нен артық ракета атқан, оның 40-тан астамын Украина күштері зымыранға қарсы құрылғымен қағып түсірген. Ресей президенті Владимир Путин "қорғаныс министрлігінің ұсынысы және Ресей бас штабының жоспары бойынша Украинаның әскери, энергетика және байланыс нысандарына әуеден, теңізден және жерден жаппай соққы жасалды" деді. Настоящее время тікелей эфирінде саясаттанушы Иван Преображенский Путиннің қалай шешім қабылдайтынын және элита оны сынаудан неліктен қорқатынын айтты.

Настоящее время: Ракетамен атқылау Суровикинді тағайындау нәтижесі ме, әлде Қырым көпірі үшін кек алу болды ма? Қалай ойлайсыз? [бұған дейін Ресей ғарыш-әуе күштері қолбасшысы болған Сергей Суровикин жақында Ресейдің Украинадағы әскерінің басшылығына тағайындалған – Азаттық.]

Иван Преображенский: Қырым көпірі үшін кек алу деп ойлаймын. Бұл жағдайда олай болмауы мүмкін емес еді. Мәселе олардың қандай нысандарды шабуылдағанында болып тұр. Көбі шабуылдың әскери немесе азаматтық инфрақұрылымдарға, тіпті болмаса су немесе энергетика нысандарына жасалады деп ойлағаны түсінікті. Бірақ олар балалар алаңын атқылайды деп ешкім ойлаған жоқ. Алайда, өкінішке қарай, Запорожье мен Харьковтағы жағдайлардан қандай да бір сәтсіздік бола қалса, қарапайым халыққа шабуыл жасап, оларды қорқытуға тырысатынын білеміз. Террорист логикасының классикалық үлгісі ғой.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей Украинаның қалаларын ракетамен атқылады. Жағдайдың анық-қанығы

Настоящее время: Ресей пропагандасынан "тек әскери нысандарға шабуыл жасалып жатыр" деген әңгіме жоғалған сияқты. RT [Russia Today] қызметкерлері Константин Придыбайло мен Антон Красовский әскери инфрақұрылым туралы ештеңе айтып жатқан жоқ. Олар "Украина қалаларына шабуыл жасау керек" деді. Украина қалаларын жою туралы ашық айтыла бастады деп дұрыс түсіндім бе?

Иван Преображенский: Олар мұны соншалық ашық айтып жатқан жоқ. Олар "Біз кез келген нысанды, мейлі тіпті тұрғын үй болса да бомбалаймыз. Бізге ракетаның әскери немесе бейбіт халыққа түскені маңызды емес" деп айтқан жоқ. Олардың үнемі қосымша сылтауы бар. Бірақ жағдай нашарлап, майдан алаңындағы әскери жеңіліс анық байқала бастаған сайын, олардың сөзінде агрессия сарыны басым. Бірақ бұл қорқыныш риторикасы, енді не болатынын білмейтін жағдайға тап болған адамдардың үрейі. Оларды бақылап отырмағаны анық және олар кез келген жолмен қарсыласын қорқытуға тырысып жатыр.

Настоящее время: Генерал Суровокинге келсек. Бұрын Украинадағы Ресей әскерінің қолбасшысы кім екенін тек дереккөздерден білетінбіз. Сенбі күні Қырым көпіріндегі жарылыстан бірнеше сағат өткенде Ресей қорғаныс министрлігі Суровикиннің қолбасшы болатынын жариялады. Бұл кездейсоқ деп ойлайсыз ба? Кремль оның есімін неліктен қазір жария ғып отыр?

Иван Преображенский: Жария түрде айтуына себеп – Қырым көпіріндегі жарылыс деп ойлаймын. Ресей күштеріне жақын телеграм каналдар Суровикиннің осы қызметке тағайындалатынын жарылыстан бір күн бұрын хабарлаған сияқты. Егер бұл рас болса, шешім оқиғаға дейін қабылданған болып тұр. Онда шешімнің ешқандай символдық мәні жоқ дер едім, себебі мәселе бас қолбасшы Владимир Путиннің өзі сенетін адамды тағайындауында болып отыр. Сергей Шойгумен арада келіспеушілік бары анық. Ол Шойгудың қоластына, қажет болса Шойгуға емес, Путиннің өзіне тікелей хабарласатын адамды қойып отыр. Путин әу бастан әскери операция басшылығына өзі араласып отырғанын білеміз.

Оның есімі Ресей ядролық шабуыл жасауға дайындалып жатыр деген әңгіме тарату үшін жарияланды. Суровикин ядролық соғыс ашпай, әскери әрекеттер кезінде шағын ядролық қару қолдану концепциясының негізгі идеологтарының бірі саналады.

Your browser doesn’t support HTML5

Зеленский мен Путин бірін бірі «террорист» деп айыптады

Настоящее время: Ракета шабуылын жоспарлауға Путин қаншалық араласады деп ойлайсыз? Демалыс күндері Запорожьедегі зымыран шабуылы туралы айтқансыз. Онда тұрғын үйлерге шабуыл жасалған еді. Дүйсенбі таңертең Украинаның он шақты қаласына зымыран атты. Ол әр шабуылды бекітіп отырады деп ойлайсыз ба?

Иван Преображенский: Запорожьеге келсек, соншалық сенімді болуға болмайды деп ойлаймын. Запорожьеге бұған дейін де шабуылдаған, тұрғын үйлерге де шабуыл жасалған. Олардың қолында Запоорожьедегі әскери инфрақұрылымдардың қайда орналасқаны жайлы қате дерек болуы да мүмкін. Бірақ бүгінгі жағдайдан саналы түрде әскери инфрақұрылымды емес, негізінен тұтас Украина нысанаға алынып, шабуыл жасалғанын көріп отырмыз.

Ақылға салып қарайық. Соғыс басында зымыранды көп қолданған Ресейде қазір дәлдігі жоғары зымыраны аз қалды. Қазіргі заманғы зымырандар өндірісі артқан 2020 жылдан бергі қор жұмсалып кетті. Сондықтан резерв көп емес және оны президенттің келісімін күтпей жұмсай береді деген сенімдемін. Ондай келісім алуға 15 минуттан жарты сағатқа дейін уақыт кететінін де түсінеміз. Телефон қоңырауы немесе видео байланыс туралы айтып отырмын. Жоспар барда, оған хабарласады, ол қосымша біреумен кеңеседі де, команда береді. Мұның қалай болып жатқанын да дұрыс білмейміз. Бірақ Путиннің ойы ескеріліп жасалатынын және бұл мәселені бюрократиялық жолмен әрі бас штаб пікірі ескерілмейді деп болжауға болады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Кремльдің қоқан-лоқысы". Путин Украинада ядролық қару қолдануы мүмкін бе?

Настоящее время: Бас штабты айналып өтіп бұйрық берген жағдайда кім орындайды?

Иван Преображенский: Қолбасшылық орындайды. Суровикин қолбасшы болып отыр ғой. Бұл шабуылдарды сол Суровикин мен оның қол астындағылар істеп отыр. Ресей әскерінің жағдайы нашар болғаны сонша, қолбасшының кей шешімі Кремльден келген қоңырау арқылы әскери иерархия келісімінсіз қабылданып жатқан болуы мүмкін деген күдігім бар. Егер Украинада шешімдерді жергілікті жағдайға байланысты қолбасшы бөлімдері қабылдайтын болса, Мәскеуде шешімнің бәрі ең жоғарыда қабылданады, әрі оны әскери істен мақрұм адамдар қабылдайды.

Настоящее время: Жалпы, Ресейдегі ресми тұлғалар Қырым көпіріндегі жарылысқа реакция білдірген кезде едәуір ырғалып-жырғалды. Сенбі күні таңертең тергеу комитеті қылмыстық іс қозғалғанын айтты, бірақ қандай бап екенін атамады. Путиннің Қырым көпіріндегі жарылыс туралы сөзін Ресей телеарналары жексенбі кешкісін ғана көрсетті. Бұл реакция неге көп уақыт алды деп ойлайсыз?

Иван Преображенский: Бұл Путиннің мінез-құлқы мен іс-әрекетіне байланысты деп ойлаймын. Мұны соғыстың басында – 21 ақпанда қауіпсіздік кеңесінде үндеу жасағанда көрген едік. Владимир Путин мұндай жағдайда өзін нақұрыс адам секілді ұстайды. Оның әрекеті нацистік Германия Совет одағына тұтқиылдан шабуыл жасаған кездегі Иосиф Сталиннің қылығына ұқсайды. Бұл тарихи тұрғыдан өте ұсақ көрінетіні түсінікті, бірақ нақты адам үшін осының өзі жеткілікті.

Your browser doesn’t support HTML5

Ресей Украинада оккупациялаған жерлерін өз аумағына қосты

Біріншіден, Владимир Путин байыпты шешім қабылдамайтын жағдайға түседі. Тұла бойын қатты ашу-ыза қысады әрі үрей билейді. Қол астындағыларға психологиялық немесе физикалық зомбылық көрсетуі мүмкін. Кінәліні іздеп, бәріне қырғидай тиіп, кәрін төгеді. Содан кейін біртіндеп өзіне келе бастайды, міне сол сәтте бәрі нақты тапсырма күтеді. Өйткені әлгіндей кезде күллі жағынан Путинге келіп тірелетін жүйе тоқырап, тоқтап қалады.

Мұның көсемшіл саяси режим болғаны сонша, кез келген әрекетке жасамас бұрын оның келісімін алу керек. Тиісінше, бәрі Путиннің өз-өзіне келгенін күтті. Содан кейін ғана ол бұйрық берді, пропагандаға қалай пікір білдіру керегін айтты. Екінші күннің аяғында Путин бәрін талқылай алатын жағдайға келді.

Настоящее время: Ресейдің ядролық доктринасы турады бірнеше рет айтқан Дмитрий Песков кеше "Қырым көпіріндегі жарылыс Ресейдің ядролық доктринасында аталған жайтқа жата ма?" деген сұраққа жауап бермеді. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

Иван Преображенский: Себебі сол – Владимир Путин әлі шешім қабылдамаған. Путин [көпірде] жарылыс болған күні айғайлап, жер тепкілеп "оларға қазір бомба тастаймыз" деген болуы мүмкін. Бірақ ондай нақұрыстар үрейленген кезде ашу-ызаға булығады да, одан қорқынышқа бой алдырады. Ол өте дәйексіз әрекет етіп отыр деп ойлаймын. Ондай бұйрық берілсе де, бізге мұны айтпасы анық. Сондықтан ядролық қару қолдану мүмкіндігі жақындаған сайын Кремль ол туралы сирек айта бастайды деп ойлаймын.

Дмитрий Песковтың неліктен айтпағанын білмейміз: [ядролық шабуыл] расымен жоспарланбаған және олар әлсіз болып көрінбеу үшін ол туралы айтқысы келмейді немесе оны қолдануға дайындалуға бұйрық берген және оған көп уақыт кетеді. Бұл жарты немесе 24 сағаттың шаруасы емес, себебі ядролық қару қолдану үшін оны әскери қимыл болып жатқан жерге жеткізу керек. Тиісінше, кез келген жағдайда Кремль оны қолдануға дайын емес, сондықтан Песков бұл туралы ашық айтпайды. Олар Владимир Путиннен басқасының бұл тақырыпта айтқанын қаламайды.

Настоящее время: Кейінгі күндері Путинге маңайындағылардың көңілі толмайтыны айтылып жүр. The Washington Post та соны жазды. Қазір Ресей билігінде Путинге көңілі толмайтынын айта бастаған адам бар деп ойлайсыз ба?

Иван Преображенский: Наразылық білдіреді деп ойлаймын. "Қалай білдіреді?" деген сұрақ туындайды. Олар бұрын да наразылық білдірген. Соғыс басталар алдында қауіпсіздік кеңесінің отырысын көрдік. Содан кейін соғыстың бірінші кезеңі сәтсіз болғанын түсінген кезде Владимир Путиннің көңілі нілдей бұзылғанын, сатқындар туралы айта бастағанын көрдік. Бұл риториканың бәрі ел ішіндегі үлкен репресия қаупіне бағытталғаны, оның элитаға қарата айтылғанына дау жоқ.

Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы соғысқа қосымша күш жіберу үшін елде "ішінара мобилизация" жариялағаннан кейін наразылық білдіріп көшеге шыққан адамдарды полиция жасағы күштеп әкетіп барады. Мәскеу, 24 қыркүйек 2022 жыл.

Оған біреулердің шынайы жағдайды жеткізгені анық. Бірақ байыпты адам болмаған соң, Владимир Путин ондайларға разы болмай қалады. Ара-тұра оның "Украинаны толықтай оккупациялаймыз" деген қиялын бұзып, мұның неліктен мүмкін емесін айтатын адамдар бар деп ойлаймын. Бұл үнемі "Владимир Владимирович, қазір олай істей алмайтынымызды түсінесіз ғой. Қазір бізге техникалық шектеулер бар. Басқаша істейік, сонда Украинаны кейінірек және жақсырақ оккупациялаймыз" деген сияқты бюрократиялық сөзбен жеткізеді.

Ондай адамдардың бары анық. Кейбірі елден кетуге дайындалып жатқан шығар. Депутаттар, сенаторлардың дауыс бермеуге тырысып жатқанын көрдік. Кудрин, Набиуллина мен патриарх Кирилл оккупацияланған жерлерді қосып алуға арналған Кремльдегі салтанатты жиынға қатыспады.

Билікте наразылық бары даусыз. Бірақ біртұтас элита жоқ. Олар Путинге қарсы бірігуге қауқарсыз. Путин олар үшін бұрынғыдай жалғыз "пахан" болып отыр. Ол бұларды үлкен топтарға бөледі, өзінің араласуымен ғана келісуге мүмкіндік береді.

Олар оның араласуынсыз келісім жасамайды, бір-бірінен қорқады. Путинге айтып барады деп қорқады. Сондықтан ол жерден ештеңе күтудің қажеті жоқ.

Настоящее время тілшісі Алексей Александров алған сұхбаттан аударылды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Владимир Путин жетпіске толды. Жиырма жылдан артық билікте отырған оған ресейліктердің көзқарасы өзгерді ме?Кремльдің Украинадағы "референдумы" және Орталық Азия елдерінің үнсіздігі"Путин үшін соғысқым келмейді". Мобилизациядан қашып, Ақтөбеге келген ресейліктер не дейді?Ресей Украинада оккупациялаған жерлерін өз аумағына қосты"Баласы табытпен орала ма деп қорқады". Ресейде мобилизация қалай жүріп жатыр?