37 елдің БҰҰ-дағы елшілері қол қойған хатта «терроризм және экстремизм сияқты ірі қауіп-қатерге кезіккен Қытай Шыңжаңдағы терроризм мен радикализммен күресу үшін бірқатар шара қолданды. Кәсіби білім беру және оқыту орталықтарын ашты» делінген.
Сонымен бірге хатта Шыңжаңда барлық этникалық топтардың «негізгі құқықтары сақталатыны», Пекин әрекетінің арқасында «аймақтағы жағдайдың қауіпсіз бола бастағаны», соңғы үш жылда мұнда террористік шабуыл болмағаны айтылады. Хат авторлары бұған қоса Шыңжаң тұрғындарының «бақытты әрі тату-тәтті өмір сүріп жатқанын» атап өткен.
Мұның алдында БҰҰ-ның Адам құқығы кеңесіне Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын сынайтын хат түскен. Жапония, Австралия, Ұлыбритания, Канада, Франция, Германия, Швейцария бастаған 22 елдің БҰҰ-дағы елшілері Шыңжаңдағы діни азшылықтар қамауда отырған лагерьлердегі қысымды айыптаған.
Соңғы жылдары Қытайдың Шыңжаңдағы саясаты салдарынан «қысым көрдім, қамауда отырдым» дейтін этникалық қазақтар көбейген сайын Қазақстанда Шыңжаңдағы жағдай жайлы қоғамдық пікір қалыптасып, Қытай саясатын қоғамдық айыптау сарыны жиі естіле бастаған. Сондықтан БҰҰ-ға хат жолдағандар арасында Ресей, Беларусь, Түркіменстан, Тәжікстан тәрізді Қазақстанның одақтастары мен таяу көршілерінің жүргені жұртшылық назарын аударды.
«ҚЫТАЙДЫҢ КҮШІ САЯСИ ШЕШІМДЕРГЕ ӘСЕР ЕТЕ БАСТАДЫ»
Азаттық тілшілері осыған орай Қазақстан мен Ресей, Тәжікстан, Түркіменстанның сарапшыларымен сөйлесіп көрген еді. Мәселен қазақстандық саясаттанушы, Тәуекелді бағалау тобының директоры Досым Сәтпаевтың айтуынша, Тәжікстан мен Түркіменстан Қытай экономикасына тәуелді болғандықтан Пекинді қолдаудан басқа амалы жоқ.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қолдау мен айыптау. Пекиннің Шыңжаңдағы саясаты туралы екі түрлі хат- Батыс елдері Ресей мен Қытай саясатын сынай бастағанда екеуі бірге жаққа шығады. Ресей осы арқылы геосаяси мүдделерін жоғары қоятынын өте анық көрсетіп отыр. Батыстың Ресейге салған экономикалық санкциялары әлі ондаған жылға созылуы мүмкін екенін ресейлік сарапшылардың өздері де мойындайды. Ресей оқшауланғанын түсінеді, қазір оның жалғыз ірі серіктесі – Қытай. Сондықтан Ресейдің қолдауы – Қытай алдында есеп жинаудың бір түрі, - дейді ол.
Досым Сәтпаевтың сөзінше, «Батыс елдерімен үнемі араздасып қалатын Беларусь президенті Александр Лукашенкоға Пекиннің Минскті экономикалық серіктес ретінде танығаны маңызды. Бұған қоса, Беларусь – қазіргі уақытта Қытайдан аса ірі инвестиция тартып отырған еуропалық мемлекет».
Қазақстандық саясаттанушы Расул Жұмалы «Қытайдың экономикалық күш-қуаты саяси шешімдерге ықпал ете бастағанын» айтады.
- Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын қолдау хаты кез келген ел халықаралық саясатта ортақ мүддеден гөрі өзінің ұлттық мүддесін бірінші орынға қоятынын көрсетті. Ал мұндай хатты ұйымдастыруға Қытайдың өзі де мүдделі. Өйткені Пекин халықаралық имиджін де сақтап қалуға ұмтылады, сөйте тұра терроризм мен экстремизмнің алдын алуды желеу етіп, аз ұлттарды қытайландыру саясатын жүргізгісі келеді. Дегенмен БҰҰ, Еуропа одағы, халықаралық құқық қорғау ұйымдарының сындарынан кейін Қытай Шыңжаңдағы саясатын біршама жұмсартуға мәжбүр болды, - дейді ол.
«АДАМ ҚҰҚЫҒЫНАН ГӨРІ ГЕОСАЯСИ ҚАТЫНАС МАҢЫЗДЫ»
Қытай-тәжік қатынасын зерттеп жүрген тәжікстандық сарапшы Хурсанд Хуррамов Тәжікстанның Қытайды қолдағанын екі фактормен түсіндіреді.
- Біріншіден, экономикалық прагматизм. Өйткені Қытай – Тәжікстандағы негізгі инвестор. Тәжікстандағы үлкен экономикалық жобалардың басым көпшілі Қытай қаржысымен жүзеге асады. Екіншіден, Пекин мен Душанбенің саяси режимдері идеологиялық тұрғыдан бір-біріне жақын. Шыңжаңдағы саясатын «терроризммен, экстремизммен күрес» деп сипаттайтын Қытайдың әрекеті Тәжікстанның да қолайына жағады. Өйткені Тәжікстан билігі де өз ішіндегі «саяси исламнан» сескенеді. Қытайдың Шыңжаңдағы саясатына Тәжікстан халқының көзқарасы басқаша болуы мүмкін, бірақ Тәжікстанда халық саяси шешімдерге ықпал ете алмайды, - дейді ол.
Түркіменстандық саяси сарапшы Руслан Митяев «ұзақ уақыт бейтарап саясат ұстанып келген» Түркіменстанның Қытай саясатын, әсіресе, сұрағы көп Шыңжаң мәселесінде қолдай кеткеніне таңырқайды.
- Түркіменстан мұндай хатқа қол қойса, демек Қытай Түркіменстанға қысым жасаған деп болжауға әбден болады. Өйткені оның тетіктері жеткілікті. Қытай Түркіменстанның негізгі тауары - орасан мол газының негізгі бөлігін сатып алушы әрі Түркіменстанға қарыз беруші ел, - дейді ол.
Митяевтың сөзінше, Түркіменстан баспасөзінде Қытаймен достық жайында ғана айтылады, Шыңжаңдағы жағдай сияқты шетін жайттар сөз болмайды, талқыланбайды.
Видео: Шыңжаңның өткені мен бүгіні
Your browser doesn’t support HTML5
Ал Мәскеудегі «Саяси ақпарат орталығының» («Центр политической информаций») директоры Алексей Мухин «Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын қолдаған елдер қай мемлекетке саяси басымдық беретінін анықтады» деп баға береді.
- Олар Шыңжаңда адам құқығының бұзылып отырғанын жоққа шығармайды, бірақ одан гөрі Қытаймен геосаяси серіктестік маңыздырақ деген тоқтамға келді. Ал Ресейдің Қытайды қолдауына таңғалатын ештеңе жоқ. Бұл - саяси прагматизм, - дейді ол.
Мухин Шыңжаңда Ресей азаматтары қысым көрмегенін, сол себепті де ондағы жағдайға, «жұмсарта айтқанда» Ресей аса бас ауыртпайтынын айтады.
- Де-факто әлемнің бірде-бір елінде Қытайдың ішкі ісін айыптайтындай моральдық құқық жоқ. Қытай қазіргі саясатын өзгертіп, геноцид жасай бастаса мәселе басқа, - дейді ол.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘРЕКЕТІ ҚАНДАЙ БОЛУ КЕРЕК?
Саясаттанушы Расул Жұмалы Қазақстан билігінің Шыңжаңдағы этникалық қазақтарға байланысты Қытайға білдірген уәждері нәтижесіз емес деп санайды.
- Меніңше, Қазақстан Қытаймен саяси байланыстарға нұқсан келтірмей, [Шыңжаңдағы] этникалық қазақтарды қолдауға арналған істі жалғастыра беруі керек,-дейді ол.
Саясаттанушы Досым Сәтпаев әр ел өз мүддесімен жұмыс істейтініне таңырқауға болмайтынын айтады. Ол «болашақта Қазақстан мен Қытай арасында қандай да келіспеушілік бола қалса, Қазақстанның Еуразия экономика одағындағы, Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарт ұйымындағы серіктестері ең тәуір дегенде бейтарап ұстанымда қалады немесе Қытайды қолдап шығуы да мүмкін. Оларға Қазақстаннан гөрі Қытай маңыздырақ» деп санайды.
- Ал Шыңжаңдағы қазақ мүддесін қорғау сияқты мәселе туғанда Қазақстан билігі бірінші кезекте экономикалық мүддесін ойлай бастайды. Бұл билік транзиті кезінде Қазақстан басшылығына мәселе туғызады. Өйткені демографиялық тұрғыдан алғанда да Қазақстан халқының 70 пайызы – қазақтар. Бұл әрі қарай өсе береді. Болашақта олар Қытай мен Ресейге қатынасқа күмәнмен қарап, биліктен нақты ұстаным талап ете бастайды. Ал билік қазіргі қалпымен оны орындай алмайды, - дейді ол.
2017 жылы көктемінде Шыңжаң аймағындағы аз ұлттар қысым көріп, олардың кейбірі лагерьлер қамалып жатқаны айтыла бастаған. БҰҰ Шыңжаңдағы "саяси тәрбиелеу орталықтарында" миллионға жуық адам "еркінен тыс" қамауда отырғанын, олардың арасында ұйғырлар мен қазақтар барын мәлімдеген.
Қазақстанның бірнеше қаласында азаматтар жиналып, "Шыңжаңда жақындарымыз қысым көріп жатыр, лагерьде отыр, Қазақстанға өте алмайды" деген. Олар Қазақстан билігінен, халықаралық ұйымдардан көмек сұраған. Қазақстан сыртқы істер министрлігі «Шыңжаңдағы лагерьлер Қытайдың ішкі мәселесі, онда қамауда отырған қазақтар Қытай азаматы» деген. Кейін министрлік Пекинмен келіссөз жүргізіп, Шыңжаңнан бергі бетке өте алмай қалған қазақтардың мәселесі шешіліп жатқанын айтқан.
Қытай үкіметі басында саяси тәрбиелеу орталықтарының барын жоққа шығарып келді. Кейін Пекин Шыңжаңдағы саясатын "экстремизмге қарсы шара" деп атап, адамдар еркінен тыс отырған лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын " орталықтар деп түсіндірген еді.
2018 жылы желтоқсан айының соңында Пекин бірнеше елдің елшілерін Шыңжаңға апарып, “саяси тәрбиелеу орталықтарын” көрсеткен. Лагерьге барғандардың арасында Қазақстан елшілігінің қызметкері де болған. Ол Шыңжаңдағы саяси тәрбиелеу орталығында "жағдайдың жақсы" екенін айтқан.