Елісхан Әліпұлы 1908 жылы Қытайдың Алтай аймағы Құмыл ауданына қарасты Баркөл деген жерде туып, 1943 жылы Пәкістанда өмірден өткен. Оның есімі Шыңжаң қазақтарын алғаш Қытайдан Гималай тауы арқылы бастап өткен батыр ретінде аталады. Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институында "Азаттық аңсаған қазақ көші және ел бастаған Елісхан" атты ғылыми конференция болып өтті. Жиынға Моңғолия мен Түркиядан арнайы қонақтар мен зерттеушілер келді.
"Қаралы көш" романының авторы Жәди Шәкенұлының айтуынша, Елісхан Әліпұлы жас күнінде қытай тілінде білім алған. Кейін Баркөл аймақтық шекара-қорғаныс бөлімін басқарған, әскери адам болған.
- 1932 жылы әкесі Әліп Жамысбайұлын ауылындағы барлық адаммен қосып, Қытай солдаттары "Қожанияз көтерілісіне қолдау білдірді" деп атып кетеді. 1934 жылы әкесіне ас берген Елісхан: "Мен мына жаумен достаса алмаймын. Егер достасатын болсам, онда олар менің өздері өлтірген әкемді, туыстарымды , баламды, тірідей ұстап кеткен шешем Шәрбан мен інім Сетерханды қайтарсын" деп сол тұстағы Шыңжаңды (Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесі - ред.) билеген Шэн Шицайға сәлем жолдайды. Бірақ Шэн Шицай керісінше құрту саясатын ойластыра бастайды. Содан кейін Елісхан елін ертіп Гималай асады - дейді зерттеуші.
1930 жылдары Шыңжаңды билеген Цзинь Шужэнге қарсы Қожанияз бастаған ұйғыр көтерілісі болғаны тарихтан белгілі. Бұл көтеріліске әуелі Баркөлден келіп қолдау білдірген Әліп кейін белгісіз себептермен бөлініп кеткен болатын. Қожанияз көтерілісін басуға шыққан Қытай солдаттарының Әліп ауылын да қоса шауып, жүзден астам адамды өлтіргені туралы Алматыдағы жиында бірнеше мәрте айтылды.
"ҰЛЫБРИТАНИЯ БОСҚЫН ДЕП ТАНЫДЫ"
Жиында сөз сөйлегендер 1930 және 1940 жылдардағы Қытай қазақтарының көрген қуғын-сүргінін Мәскеу мен Пекиннің арасындағы геосаяси ойынның зардабы деп сипаттады.
1934 жылы Шыңжаң өлкесінің Алтай аймағындағы Баркөлден үдере шыққан қазақ көші Гималайды асып 1941 жылы Үндістан жеріне жеткен. Зерттеушілердің айтуынша Үндістанға жеткенге дейін әр он адамның біреуі түрлі жағдайда қайтыс болып отырған. Елісхан Әліпұлымен бірге көш бастап шыққан Зәйіп тәйжі де жол ортада көз жұмған. Қытайдан ауа көшкен адамдардың өлімі-жітімі Үндістанға барғаннан кейін де тоқтамаған.
Түркиядан осы жиынға арнайы келген Шабан-Серқан Динштүрктің айтуынша, 1941 жыл Үндістан шекарасынан 3039 қазақ кесіп өтсе, 1951 жылы 1400 адам ғана тірі қалған.
Зерттеушілердің сөзіне сәйкес Елісхан Әліпұлы Үндістанға жеткеннен кейін жергілікті журналистердің көмегімен Ұлыбритания билігіне хат жазып, босқын мәртебесін сұраған. Бұл тұста Үндістан біртұтас колония ретінде Лондонның қол астында болатын.
- "Мені және менің босқын халқымды қабылдасын" деп арыз жазды. Және өздерін қабылдатты. 1700 адамға босқын куәлігі таратылды. Британ мұрағаттарының құжаттарында және Нью-Иорктегі БҰҰ қорларынан алынған материалдарға сәйкес Пәкістаннан қазақ босқындарын көшіру іс-шарасын қаржыландыруға Кашмир және Үндістан үкіметі мен АҚШ-тағы дүниежүзі шіркеулер қызметі мен БҰҰ араласып, қол ұшын берген екен, - дейді Жәди Шәкен.
1951 жылғы қазанның 17-сінде Пешавар қаласында Елісхан батыр бастап келген қазақтарды Түркияға көшіруді ұйымдастыру үшін "Қазақ босқындарының Шығыс Түркістан қауымдастығы" құрылған. Қауымдастық жүргізген есеп бойынша 1400 қазақ есепке алынған. Оның 300-ге жуығы бала болған.
"ҚАЗІРГІ ҚЫСЫМЫ ТІПТІ ЖАМАН"
Халықаралық адам құқықтары жөніндегі маман Мариям Хаким 1930 жылдары Қытай қазақтары бастан кешкен қиындықты қазіргі Шыңжаң қазақтарының көріп жатқан қысымымен салыстыра сөйледі.
- Ол замандағы қазақтар өздерінің бұрынғы ата-бабалары қалыптастырған өмір-салтынан ажыраған жоқ еді. Еркіндеу еді. Ал бүгін тек үлкен қалаларда ғана емес, Шығыс Түркістанның (Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесі - ред.) барлық ауыл аймағы мен малшыларына дейін қысымға алынып, бақылауда отыр. Олардың тек діни құқықтары емес, жеке адами құқықтары да тапталған. Тіпті үй ішілік қарым-қатынастары да қатаң бақылауда, - деді Мариям Хаким.
Шыңжаңдағы ұйғырлар мен қазақтардың жаппай саяси тәрбие лагерьлеріне қамалып жатқан туралы хабар 2017 жылдан бастап таралған. Биыл бұл мәселеге БҰҰ бастаған бірқатар халықаралық ұйым назар аударып, Қытай үкіметін адам құқықтарын шектеп, азшылықтарға тізе батырып отыр деп айыптаған. Пекин мұндай лагерьлердің бар екенін мойындағанымен Шыңжаңдағы этникалық және діни азшылықтарға қандай да бір қысым жасалғанын терістеп келеді. 1940 жылдары Елісхан Әліпұлы Қытай билігінің қудалауынан қауіптеніп, көрші елге еркін өтіп кетсе, қазіргі диссиденттер мен қудалауға ұшырағандар үшін шекара тас жабық.
Зерттеушілер Елісхан Әліпұлының қытай, моңғол және тибет тілдеріне жетік болғанын айтады. Қытайдың Ганьсу мен Цинхай өлкелері арқылы Тибет асқан қазақ көшінің жетекшісі 1943 жылы ауыр науқастан Пәкістанның Дир аймағында қайтыс болады.
Оның бірінші әйелі мен екі ұлы аталары Әліппен бірге Қытай солдаттарының қолынан қаза тапқан. Ал кейінгі екі әйелі Пәкістанда жерленген.
Елісханның басы Пәкістанда қалса да, оған ерген көштің соңы бәрібір діттеген мекеніне аяқ іліндірген. 1951 жылы Қалибек Хакім, Құсайын тәйжі, Солтаншәріп тәйжі, Дәлелхан Жаналтай бастаған және бір қазақ көші Пәкістан арқылы Түркияға жеткен. Қазір Түркия мен Еуропаның бірнеше елінде өмір сүріп жатқан қазақтардың басым көпшілігі - 1930-1951 жылдар аралығында Қытайдан ауа көшкен қазақтардың ұрпағы.