"Өзі таңдаған президент" және "жасанды сайлау". Freedom House есебінде не айтылды?

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілетін Қасым-Жомарт Тоқаевқа табыстап тұр. 19 наурыз 2019 жыл.

Штаб-пәтері Вашингтонда орналасқан Freedom House халықаралық ұйымы биылғы есебінде «Қазақстанды отыз жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кетіп, орнына Қасым-Жомарт Тоқаев келген соң елде басталған наразылық шараларын билік күшпен басты» деп мәлімдеді.

Ұйым 4 наурызда «Әлемдегі бостандық-2020: лидерлер жоқта демократия үшін күрес» деген есебінде «авторитарлы елдерде» митингіге шыққандар қуданалып, қысым көретінін жазды. Ұйым «бұл жағдай АҚШ сынды елдер демократияның қорғаушысы рөлінен бас тартып жатқан тұста болып жатыр» деп санайды.

Freedom House «әлемде бостандық жағдайы 14 жыл қатарынан нашарлап бара жатыр» деп дабыл қағады.

ҚАЗАҚСТАН МЕН ПОСТСОВЕТТІК ЕЛДЕРДЕГІ ЖАҒДАЙ

Ұйым Қазақстанда отыз жылдай президент болған Назарбаев орнына келетін адамды өзі таңдап, өкілетін «жасанды сайлау арқылы» Қасым-Жомарт Тоқаевқа берді деп санайды.

Freedom House өз есебінде «осы ауыс-түйістен соң елде билікке қарсы наразылық күшейіп, билік митингіге шыққандарды күштеп ұстап, қамады» деп жазады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Президент сайлауы күні наразыларды жаппай ұстады

Назарбаев былтыр наурызда президенттіктен кетсе де, «Нұр Отан» партиясының және Қауіпсіздік кеңесінің мәңгілік төрағасы ретінде биліктің бір тармағын уысында ұстап отыр. Назарбаевта «Елбасы», «Ұлт көшбасшысы» сынды титулдары бар. Осы атақтарына сай, өзі және отбасы жауапқа тартылмайды.

Freedom House есебінде Қазақстан былтырғыдай «еркін емес елдердің» қатарында тұр.

«Әлем бойынша демократияның жағдайы нашарлап барады. Бұл тек Қытай, Ресей, Иран сияқты елдерде ғана емес, осыған дейін адам құқығы мен бостандығын қорғап келген елдерде де байқалады. Диктаторлар елде өзгеше ойлайтындардың аузын жабуға тырысып, өзінің теріс ықпалын басқа елдерге де таратып жатыр» деп жазады ұйым есебінде.

«Ресейде биліктегі «Единая Россия» партиясы былтыр губернаторлар сайлауында жеңіске жетті. Себебі бұл сайлауға оппозиция кандидаттары жіберілмеді. Мәскеу мемлекеттік думасының сайлауында оппозиция лидері Алексей Навальный стратегиялық дауыс беру кампаниясын өте сәтті жүргізіп, «Единая Россия» нәтижесі төмендесе де, біраз дауыс Кремль ұсынған балама кандидаттарға кетті» дейді ұйым.

Есеп авторлары «билік оппозицияны сайлауға жібермеді» деп Беларусь пен Өзбекстандағы парламент сайлауын сынады. Ал Түркіменстан мен Тәжікстан «ең еркін емес елдердің» ондығына енген.

Freedom House «жартылай еркін» елдер қатарындағы Армения мен Украинада жағдай жақсарып келе жатқанын айтады. Билікке жаңадан келген Армения премьер-министрі Никол Пашинян мен Украина президенті Владимир Зеленский «демократияға кедергі келтірген клептократиялық күштерді аластату үшін алғашқы қадамдарды бастады» деп санайды.

ӘЛЕМДЕГІ ЖАҒДАЙ: ҚЫТАЙ, АҚШ ҺӘМ ҮНДІСТАН

Халықаралық ұйым есебінде Қытайдың Шыңжаңдағы ұйғырлар, қазақтар және басқа да мұсылмандарды қуғындауын «ең қорқынышты репрессия» және «ұлтты жою кампаниясы» деп атаған.

«Еркін сайлау арқылы сайланған кейбір лидерлер бірден ойын өзгертіп, ұлттық құндылықтарды желеу етіп, түрлі әдістер қолданады. Мәселен, әлемдегі демократия үлгісі саналатын АҚШ пен Үндістанда институтциональды кепілдіктерді бұзып, сыншылардың және азшылық топтардың құқығын елемейді» деп жазылған есепте.

Freedom House Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди «ұлттық ұранды жаңа деңгейге көтеріп, мұсылмандарға қауіп төндірді. Осы арқылы Азия мен әлемдегі еркін саналатын елдің демократиялық болашағын қатерге тікті» деп есептейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Хиндилер мен мұсылмандар жанжалы. Делиде не болып жатыр?

Есепте АҚШ-қа, соның ішінде президент Дональд Трампқа да сын айтылады. «Трамп әкімшілігі демократияға және адам құқықтарына негізделген сыртқы саясат үлгісін көрсете алмады. Ол Иран мен Венесуэладағы авторитарлы әрекеттерді сынаса да, әскери одақтастары Түркия мен Египеттің әрекеттерін ақтап алып отыр. Трамп Ресей президенті Владимир Путин, Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын сияқты тиран лидерлермен тіл табысу үшін оларға жылы қабақ танытады» деп жазады ұйым.

Есепте 195 елдегі еркіндік, адам құқығы жағдайына баға берілген. Олардың 83-і – «еркін», 63-і – «жартылай еркін», 49-ы – «еркін емес» елдердің қатарына енген.

2019 жылы 64 елде еркіндік, адам құқығы жағдайы нашарлай түссе, 37 елде ғана жағдай жақсарған.