Сауд Арабиясы туризмді дамытқысы келеді

Джидда қаласының әуежайы.

Таяу Шығыстың және бүкіл араб аймағындағы ең бай, ықпалды және ең жабық, консервативті мемлекет, "Исламның қасиетті мекені" Мекке мен Мединаның отаны Сауд Арабиясы сәуірден бастап шетелдіктерге туристік виза бере бастайды. Бұрын бұл ел тек кәсіпкерлерге және қажылыққа келушілерге ғана виза берген. Бұл тарихи бастаманы мұрагер ханзада, реформатор Мұхаммед бин Салманның ұсынды.

Сауд Арабиясы 2030 жылға қарай жыл сайын 30 миллион турист қабылдауды жоспарлайды. Әзірше туристерге 30 күнге арналған біт реттік виза беріледі. 2020 жылға қарай билік туристік сала мен инфрақұрылымды дамытуға 35 миллиард доллар қаржы жұмсамақ.

"ЛАС-ВЕГАСТАН АСЫП ТҮСУ ТИІС" ЖОБА

Біріншіден, әлі күнге дейін адам аяғы баспаған Қызыл теңіздегі 50 аралға жағажай курорттарын жасап, Neom деп аталатын жаңа "футуристік ойын-сауық қаласын" салмақ. Ол жерде роботтар қызмет көрсетіп, қалпына келтірілетін энергетика қолданылады. Ең бастысы, Иордания шекарасына жақын аумақтың өз заңы болады. "Лас-Вегастан асып түсуі тиіс" жобаның құны шамамен 500 миллиард доллар болмақ.

Осыған дейін Сауд Арабиясының мемлекеттік құрылымы мен тұтас өмірі Басқарудың негізгі низамы деп аталатын жалғыз заңмен реттелді. Ол бойынша мемлекетте абсолюттік теократиялық монархия орнаған, елді бірінші сауд королі Абдель Азиздің ұлдары мен немерелері шариғат заңы бойынша басқарады.

Ханзада Мұхаммед бин Салман.

Бірақ қазір корольдікте түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Әкесі қартайғалы билікті қолына алған тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман дінбасылардың қатаң сыны мен туыстарының төңкеріс жасамақ болғанына қарамастан мемлекет "ашық, қалыпты ислам" жолымен жүру керек деп мәлімдеді.

Мұрагер ханзаданың бастамасымен саудиялық әйелдерге автокөлік жүргізуге рұқсат ететін жарлық шықты. 2018 жылы маусымның 24-інен бастап әйелдерге жүргізуші куәлігі беріле бастайды. Әйелдердің кинотеатр мен спорттық шараларға ерлермен баруына да рұқсат беретін заң қабылданды.

Екі жыл бұрын Сауд Арабиясы тарихында бірінші рет Брунейден Джиддаға Royal Brunei әуекомпаниясының жолаушылар ұшағы әйел ұшқыштың басқаруымен қонды. Бірнеше ай бұрын Джиддада Гарвард бітірген әйел Radisson желісінің Park Inn қонақ үйінің бас менеджері болып тағайындалды.

Бұрын Сауд Арабиясында 40 жасқа дейінгі әйелдер көшеге әкесі немесе аға-бауыры, күйеуімен ғана шыға алатын. Ал ислам қағидаларын сақтау жағынан консервативтік бағыты ұстанатын БАӘ мен Оман туристік саласын жақсы дамытып алды. Олар шетелдіктердің жағдайын жасаудан бұрын экономиканы әртараптандырып, көмірсутек өндіру мен оны экспорттауға тәуелділікті азайту үшін сондай қадамға барды.

Экспортының 95 пайызын мұнай құрайтын, қазынаға барлық табыстың 75 пайызы мұнайдан түсетін Сауд Арабиясы арнайы жұмыспен келген ер адам мен Меккеге қажылыққа келгендерді ғана кіргізетін. Мұхаммед бин Салман ханзада көршілерінен үлгі алуды ұйғарды. Қазір Сауд Арабиясына бару үшін туристік виза алу өте қиын. Мысалы, жасы 25-тен асқан әйел адам ғана визаға құжат тапсыра алады. Оның қасында туысқан ер адам болуға тиіс немесе ер адам отбасылық виза алады да оған барлық әйел туыстарын тіркейді.

Өтініш иелерінің бәрінде Сауд Арабиясы сыртқы істер министрлігінен поштамен алған рұқсат хат болуы керек. Келушінің қолында саудиялық туристік агенттік пен қабылдаушы қонақ үйден кепілхат болуы керек.

Әлбетте, барлық Израиль азаматтары, сол жақта туғандар немесе Израильге барғандарға саудиялық виза берілмейді. Жер көлемі жағынан 12-орын алатын Сауд Арабиясына саяхаттап баруды бұған дейін ешкім ойлаған емес. Алайда ханзада Мұхаммед бин Салманның айтуынша, келушілерге ұсынатын дүниелер көп, әлемдегі ең таза, жер бетіндегі ешбір өзен құймайтын Қызыл теңіздің 1500 километр жағалауы бар.

Сауд Арабиясы аумағындағы Қызыл теңіз.

Корольдіктің экономикалық астанасы Джидда аумағы жағынан екінші ірі қала саналады. Шаһар біздің заманымызға дейін VII ғасырда салынған. Қажылық жасаушылардың көбі осы қала арқылы келеді.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл жерде әлемдегі ең көне мола Інжілдегі Еваның зираты тұр. ЮНЕСКО әйгілі иордандық Петраның саудиялық нұсқасы деп атаған Мадаин-Салих археологиялық нысандар кешені де бар. Бұл кешен Набатей патшалығы кезінде қатты жартастарға қашап салынған.

Таудағы ландшафтар, түйе жарыстар мен корольдің бақылауымен өтетін фестивальдер, жергілікті дәмді тағамдар... Әзірше алкоголь туралы сөз жоқ. Спирттік сусындарды ішуге қатаң тыйым салынады. Бірақ туристер үшін ең қиыны бұл емес.

ТЕРРОРЛЫҚ ТОПТАРДЫҢ ҮНДЕУІ

Amnesty Imternational құқық қорғау ұйымы бұл елді өлім жазасы үшін жиі сынайды. Сауд Арабиясында өлім жазалары жұрт алдында орындалады. Шетелдіктердің жүріс-тұрысына, киіміне өте қатаң талаптар қойылады. Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрлігі сайтында ол туралы нақты айтылған. Әйелдер көз тартпайтын киім кию керек. Абайя көйлек, орамал, хиджаб немесе никаб кисе тіпті жақсы. Гомосексуалдық әрекет және некесіз қатынас, зинақорлық деп есептеліп, өте ауыр жазаланады.

Барлық импорт өнімдер мұқият бақыланады. "Корольдікке есірткіні контрабандалық жолмен әкелу – өлім жазасы". "Шошқа етін әкелу, порнографиялық материалдар дұрыс киінбеген адамдардың, әсіресе әйелдердің суретін алып жүруге тыйым салынады". "Інжіл кітабын тек жеке өзіңіз үшін алып жүрсеңіз болады".

Әлемдегі өмір сүру деңгейі ең жоғары елдердің бірі болғандықтан Сауд Арабиясындағы қызмет пен азық-түліктер бағасы Батыс Еуропаның ең қымбат туристік елдерімен бірдей. Бірақ әуе және теміржол - арзандау. Мысалы, ел астанасы Эр-Риядтан Джиддаға баратын билет құны 80 долларға жуық.

Автокөліктерді жалға алу мен бензин бағасы да арзан. Бірақ жолдары өте қауіпті. Батыс елдерінің сыртқы саяси мекемелерінің сайттарында жазылғандай, жүргізушілердің біліктілігі мен көлік жүргізу стандарттары өте төмен. Сондықтан жол апаты көп болады.

Сондай-ақ, Сауд Арабиясында терроризм қауіпі айтарлықтай жоғары. ДАИШ, "Әл-Каида", "Мұсылман бауырлар" сияқты топтар интернетте исламның қасиетті жерлерін былғайтын жабайылар баратын барлық қонақүйлер, мейрамханалар, дүкендерге шабуылдау" туралы үндеулер жариялай бастады.