Азаттықтың Түркімен қызметі дерекөздерінің хабарлауынша, прокуратура "мектеп мұғалімдері мен балабақша тәрбиешілерінен бір үлгіде тігілген киім киюді талап етті және мектепте шаралар өткізуге ата-аналарынан ақша жинады" деп күдікке ілінген Дашогуз облысы әкімінің білім және мәдениет мәселелері жөніндегі орынбасары Джерен Какалиеваның жұмысын тексеріп жатыр. Қауіпсіздік үшін аты-жөнін жасыруды сұраған дереккөздің айтуынша, "тым артық кеткен" әкім орынбасарының үстінен мұғалімдер ұжымдық шағым түсірген.
Мамырдың басында Азаттықтың Түркімен қызметі Дашогуз облысындағы орта мектептердегі әйел мұғалімдер ұлттық оюмен көмкерілген көйлек, халат және "балак" деп аталатын шалбардан тұратын бірыңғай киім үлгісін киюді талап етіп жатқанын хабарлаған.
"Какалиева әйелдерге ұлттық оюмен өрнектелген шалбар кию керек деп ауызша нұсқау берумен шектелмей, өзі арнайы тексеру жүргізді. Ол мұғалімдердің шынымен "балак" киіп жүргенін я алдап тұрғанын тексерді. Мұны тексеру үшін Какалиева әр мұғалімнің жанына барып, етегін түріп көрді. Шенеуніктің бұл қылығы жұрттың көбін ашуландырды, сондықтан мұғалімдер ұжымдық шағым жазды" дейді Азаттықтың Түркімен қызметінің дереккөзі.
Азаттықтың Түркімен қызметінің Дашогуз облысы әкімшілігіндегі тағы бір дереккөзінің айтуынша, мұғалімдермен өткізген жиналыстардың бірінде Какалиева екі мұғалім әйелге "қол көтеріп, көйлектерін жыртқан әрі балағаттаған".
Дереккөздің сөзінше, "жиналыста мұғалімдер жалақының киім алуға жетпейтінін, отбасын асырағанға әрең жететінін айтқан. Шенеуніктің қылығына әбден ашуланған әйелдер осы оқиғадан кейін Какалиеваның үстінен прокуратураға шағым түсірген. Бірақ кейін арыздарын қайтарып алған".
Азаттықтың Түркімен қызметі Дашогуз облыстық әкімшілігі мен прокуратурадан шенеуніктің ісіне қатысты әлдебір комментарий алуға тырысқанымен, әзірге нәтиже шықпады.
Оқи отырыңыз: "Спорт державасы" болғысы келетін елдегі ысырап
Түркіменстан билігі талай жылдан бері әйелдер мен ерлердің сырт келбетіне қатысты шектеулер қою саясатын жүргізіп келеді. Соңғы уақытта ұлттық дресс-кодқа сай киіну талаптары күшейіп келеді. Ресми Ашғабат елге суға шомылғанда киетін бикини мен шолақ шалбар (шорты) әкелуге тыйым салынғаны хабарлаған. Сәуір айында мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне тырнақ өсіруге, шаштарын сары түске бояуға тыйым салынғаны туралы да жазылған.
2006 жылы Сапармұрат Ниязов өмірден өткен соң биліккен келген Гурбангулы Бердімұхамедов мемлекеттік қызметшілерді велосипед алуға міндеттеген. Мемлекеттік қызметкерлерге артық салмақтан арылуға бұйрық та берген. Түркіменстан - әлемдегі жабық елдердің бірі. Соңғы жылдары елде ұлттық валюта манат құнсызданып, Түркіменстанда азық-түлік тапшылығы басталған. Халықаралық ұйымдар бұл елде адам құқығы жиі бұзылатынын сынайды.
(Азаттықтың Түркімен қызметінің мақаласы орысшадан аударылды)