Жаман хабар таратуға жақсы маусым

Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный мен жұбайы Юлия. Мәскеу, 27 қазан 2013 жыл.

Халықты абдыратып қызметтен кету, әскери басқыншылық пен қатаң жазаға тарту сияқты нашар жаңалықтар көбіне желтоқсанның соңында – елдің бәрі мерекеге дайындалып жатқанда болады. Әдетте бұның бәрі Ресейден басталады.

СОВЕТ ОДАҒЫНЫҢ АУҒАНСТАНҒА КІРУІ

Ұзаққа созылған совет-ауған соғысы 1979 жылы желтоқсанның 24-і күні басталды. Совет әскері ауған жетекшісі Хафизулла Аминды өлтіріп, орнына жақтасы Бабрак Кармалды қойды. Солайша Ауғанстандағы Совет одағына қарсылардың үнін өшірмек болды. Бірақ Кремль жылдам әрі шешімтал жеңіс деп санаған шиеленіс тоғыз жылдан соң масқара шегініспен аяқталды.

Совет әскерінің жұртта қалған қарулары. Ауғанстан.

СОВЕТ ОДАҒЫНЫҢ ТАРАУЫ

1991 жылы желтоқсанның 25-і күні СССР президенті Михаил Горбачев әлсіреп тұрған Совет Одағын сақтау үшін күрескенді қойып, басшылық міндеттен кетті. Ол өз кеңсесін күні біткен мекеме деп атап, Совет Одағын таратуға бұйрық беріп, Борис Ельцинге толық билікті табыстады. Орақ пен балға бейнеленген туды жаңа жыл алдында Кремль ғимаратынан төмен салбыратып қойды, оның орнына Ресейдің үш түсті туын іліп, Совет Одағының құрдымға кеткенін білдірді.

СССР президенті Михаил Горбачев төтенше жиында сөйлеп тұр. Мәскеу, 23 тамыз 1991 жыл.

ЖАҢА ЖЫЛ АЛДЫНДА ГРОЗНЫЙҒА ШАБУЫЛДАУ

1994 жылы жаңа жыл түні қарсаңында, Мәскеу Шешенстандағы сепаратистерге қарсы алғашқы соғысын бастаған соң екі аптадан астам уақыт өткен кезде ресейлік әскер Грозныйға ірі шабуыл жасады. Грозный тұрғындары жаңа жылда бір-бірін құттықтап, мерекені қызықтағанның орнына жауған оқтан бас сауғалады.

Бұл шабуылда ресейлік жауынгерлер жеңілді. Олардың әскери жаттығу дайындықтары әлсіз еді, оның үстіне Мәскеуден түсініксіз бұйрықтар келіп, шабуылдан көп шығынға батып, тез шегінді. Бірақ Ресей әскері 1995 жылдың ақпан айының басында Грозныйды бәрібір басып алды.

Грозный маңында тұрған Ресей әскері. 13 желтоқсан 1994 жыл.

ЕЛЬЦИННІҢ БИЛІКТЕН КЕТУІ

Ресей президенті Борис Ельцин 1999 жылдың соңғы күнінде таң қаларлық мәлімдеме жасап, аяқ астынан қызметтен кететінін айтты. Сөзін аяқтаған Ельцин әрі-сәрі күйде қалған халықты жаңа жылымен құттықтады. Президенттік өкілеттігі аяқталуға алты ай қалғанда қызметтен кеткен Ельциннің орнын иеленген сол кездегі премьер-министр Владимир Путиннің биліктегі жолы басталды.

Ресей президенті Борис Ельцин (сол жақта) ел премьер-министрі Владимир Путинмен сөйлесіп отыр. Мәскеу, 31 желтоқсан 1999 жыл.

РЕСЕЙ МЕН УКРАИНА АРАСЫНДАҒЫ ГАЗ ШИЕЛЕНІСІ

Ресей мен Украина арасындағы газ бағасына қатысты кикілжің әдетте желтоқсанның соңғы күндері шарықтау шегіне жететін. Ресейлік монополист «Газпром» мереке қызған уақытта Украинаның құбырын жауып тастайтын. «Газпром» 2006 жылы да қаңтардың 1-інен бастап жабдықтауды азайтты.

Үш жылдан соң, тағы да 1 қаңтардан бастап «Газпром» Украинаны газбен қамтамасыз етуді мүлдем доғарды. Ұзаққа созылған екіжақты келіссөздерден соң газ тасымалы қаңтардың 20-сынан кейін қайта басталды.

Газ құбырлары. Украина, 16 қазан 2014 жыл.

ХОДОРКОВСКИЙДІҢ ҮКІМІ

Ресейдің мұнай магнаты Михаил Ходорковскийді мемлекет қазынасын қымқырды деп айыптап, 2010 жылы желтоқсанның 30-ы күні, ресейліктердің басты мейрамынан бір күн бұрын соттап жіберді. Салық төлеуден жалтарған деген айыппен бұрыннан түрмеде жатқан Ходорковский мен оның серіктесі Платон Лебедев тағы да алты жылға бас бостандығынан айрылды. Бұл істің саяси астары бар дейтіндер көп.

Михаил Ходорковский (сол жақта) мен Платон Лебедев сотта отыр. Мәскеу, 31 наурыз 2009 жыл.

АЗАТТЫҚ БЮРОСЫН ТІНТУ

Әзербайжан билігі елдің назарын өзіне аз аудару үшін Рождество мейрамын пайдаланып, желтоқсанның 27-сі күні әрекет етті. Баку елдегі Азаттық бюросын тінтіп, қызметкерлерін күні бойы тексерген. Кей журналистердің үйін де тексерген. Әзербайжан 2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап халықаралық хабар таратушы ақпарат құралдарын көруге тыйым салды, оның ішінде Азаттық та бар.

Кеңсені тінту кезінде Азаттық журналистерін сыртқа шығарып жіберді. Баку, 26 желтоқсан 2014 жыл.

ҚАЗАҚ ОППОЗИЦИОНЕРІН ҰСТАУ

Қазақстандағы танымал оппозиционер болса да, желтоқсанның 27-сі күні ұсталған Мұратбек Кетебаевтың ісі батыс ақпарат құралдарында еленбеді. Желтоқсанның ортасында Қазақстан билігі берген Интерпол ордері бойынша Кетебаев Мадридте тұтқындалды. Оны Қазақстанға экстрадициялауы мүмкін.

Қазақстанда Мұратбек Кетебаевты «2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы мен 2012 жылы Алматыда болған терактіге қатысы бар» деп айыптайды. Кетебаев ол айыптардың ешбірін мойындамайды. Авторитарлық басшы Нұрсұлтан Назарбаевты, Қазақстан билігіндегі жемқорлықты сынаған Кетебаев 2011 жылдан бері өзіне саяси босқын мәртебесін берген Польшада тұрып жатқан.

Мұратбек Кетебаев.

НАВАЛЬНЫЙ ҮКІМІ

Мәскеудің Замоскворецкий соты бүгін, 30 желтоқсанда «Ив Роше» компаниясындағы қаржылық алаяқтық ісіне қатысты айыпталған оппозиционер Алексей Навальный мен оның інісі Олег Навальныйге үкім шығарды. Алексей Навальный үш жарым жыл мерзімге шартты түрде сотталып, ал Олег Навальный үш жарым жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Әуелде сот үкімі 2015 жылы қаңтардың 15-інде оқылады деп белгіленген еді. Бірақ үкім мерзімінің өзгергені кеше ғана белгілі болды.

Жақтастары «билік Владимир Путинді сынайтын Навальныйдан өш алып жатыр» деп жориды.​

Азаттық тілшісі Клэр Биггтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.