Accessibility links

«Навальный достарының ісі»


Алексей Навальный.
Алексей Навальный.

Ресей тергеу комитеті Алексей Навальный маңайындағы адамдардың біріне қарсы іс қозғады.

Ресейде оппозициялық саясаткер және белгілі блогер Алексей Навальныйдың маңайындағы адамдар да қудаланып жатыр.

Сейсенбі күні Ресей тергеу комитеті «Парктегі кітаптар» фестивалін ұйымдастырушы, «БЮРО 17» компаниясының бастығы Александрина Маркво ханым мен оның жүргізушісі Андрей Мельниковтың үстінен қылмыстық іс қозғады. Олар «ірі және аса ірі көлемде алаяқтық жасады» деп айыпталған.

Александрина Маркво – Навальный жақтастарының бірі, Жемқорлықпен күрес қорының жетекшісі Владимир Ашурковтың азаматтық некедегі зайыбы. Ашурковтың өзін тергеу комитеті «Навальныйдың сайлау науқанына жұмсау үшін ақша ұрлады» деп айыптаған. Қазір ерлі-зайыптылар Ұлыбританияда бас сауғалап, сол елден саяси баспана сұрап отыр.

МӘСКЕУ МЭРИЯСЫ НАВАЛЬНЫЙҒА АҚША БЕРГЕН БЕ?

Александрина Марквоның үстінен тергеу жүргізу туралы бастаманы Ресей мемлекеттік думасының депутаты Евгений Федоров көтерген.

Newsru.com сайтының ақпараты бойынша, ол әу баста тергеу комитетінен «Мәскеу қалалық мэриясы оппозиционер Алексей Навальныйды астыртын қаржыландырып отыр» деген ақпаратты тексеруді сұраған.

Тексеру жүргізген тергеу комитеті «2010-2014 жылдары «БЮРО 17» компаниясы Баспасөз және бұқаралық коммуникация жөніндегі федералдық агенттікпен 13 миллион рубльге, Мәскеу қаласының бұқараларық ақпарат құралдары және жарнама департаментімен 51 миллион рубльге мемлекеттік келісім жасасқан» деген қорытындыға келді.

Тергеу комитетінің болжауынша, бұл келісімшарттарда Мәскеудің саябақтарында кітап оқуды насихаттау, әдеби анонстар байқауын өткізу туралы айтылған. 2013 жылы Маркво «құжаттарда 2 миллион рубльден астам сомаға ғимаратты жалға алды деп көрсетіп, шын мәнісінде қаладағы саябақтардың бірінің инфрақұрылымын тегін пайдаланып мәдени шаралар өткізген». Оның шара өткізген «шығындарын» қалалық мэрия өтеп берген. Осындай мәліметтер келтірген тергеу комитетінің пайымдауынша, Маркво ол ақшаны ұрлап, өз мақсатына пайдаланған.

Тергеу комитеті «ол осындай схемаларды қолданып, «Классиктер жаңалығы» байқауын өткізу үшін мемлекеттік келісімшарт арқылы тағы 500 мың рубльдей ақша қымқырған» дейді.

ТЕРГЕУГЕ ШАҚЫРЫЛҒАН ЖАЗУШЫЛАР

Комитеттің хабарламасында Маркво ұйымдастырған саябақтағы оқуларға қатысқан Дмитрий Быков, Борис Акунин, Лев Рубинштейн сияқты жазушылардың және Михаил Шац, Татьяна Лазарева сияқты тележүргізушілердің есімдері аталады. Тергеу комитетінің мәліметіне сенсек, Шац пен Лазарева 2011 жылы «БЮРО 17-ден» бір миллион рубль алған. Бірақ олардың бұл ақшаны қай қызметі үшін алғаны толық айтылмайды.

Тергеу комитетіне шақырылған Лев Рубинштейн мен Виктор Шендерович Ресей конституциясының 51-бабына сүйене отырып, сұрақтарға жауап беруден бас тартқан.

​Виктор Шендеровичтің айтуынша, Александрина Марквоның үстінен қозғалған істің «саяси астары бар».

​– Ол айдан анық. Оларды [тергеу комитетін айтады – ред.] Александрина Марквоның өзі де, оның ұрлаған ақшасы да емес, Навальный, сол Навальныйға апаратын «соқпақ» қызықтырып тұр. Сондықтан олар бұл істен бірдеңе табу үшін бар күшін салады, болмаса, қолдан жасайды. Бұл ойымды тергеу комитетіне барған кезімде де жазып бергенмін, ол хаттамаларында бар. Тергеуші мені 2012 жылы осы жобаға қатысқан деп байқатпай жазып жібергісі келді, бірақ мен оны түзетіп, бұл жобаға тек 2014 жылы қатысқанымды айттым. Шыны керек, содан оның көңілі пәс болып қалды. Олар 2012 жылға көп шүйлігіп отыр, себебі сол кезде бұл жобаны Маркво басқарған. Оларды Навальныйдың сайлау науқанын қаржыландыруға қатысы бар деген жайттар ғана қызықтырып тұр. Олар Навальныйды жазалағысы келеді, - дейді Шендерович.

Виктор Шендерович
Виктор Шендерович

Виктор Шендеровичтің айтуынша, «Олардың қолынан басқа ештеңе келмейді, бұл – олар істей алатын жалғыз нәрсе. Мұның өзін абыройсыз, ұят қарекеттерімен, сауатсыз түрде жасайды, дәлелдерді ойлап табады».

- Навальныйға үкім шығатын қаңтардың 15-і күні жұрт оны қолдауға жиналады деп ойлаймын. Әлі бәрі қашып кете қойған жоқ қой. Бабельше айтқанда, «әлі ар-ожданы бар» адамдар сол күні оны қолдап көшеге шығады деп сенемін, - дейді ол.

«КҮЙЕ ЖАҚҚЫСЫ НЕ ЕЛДЕН ҚУҒЫСЫ КЕЛЕДІ»

«Саябақтағы кітаптар» жобасына қатысқан ақын Лев Рубенштейн «Маркво ісіне» қатысты:

​– Мұның саяси астары бар екені айқын, сондықтан сұрақтарға жауап беруден бас тарттым. Егер тіпті сұрақтарға жауап берген күннің өзінде айтатын сөзім болмас еді. Жобаға қатысушыларды мұнда неге тықпалап жатқанын түсінбедім. Жай ғана қатысып, өнерін көрсетіп, кетіп қалған, ұйымдастыру ісіне араласпағандардың жұмысы сол жерде бітті емес пе?

Лев Рубинштейн
Лев Рубинштейн

Қай ақша қайда жұмсалды дегеннің бізге не қатысы бар екенін түсінбедім. Мүмкін бұл бір насихат құралы шығар. Машина жұмыс істеп жатыр, бұл – көркем әдебиетте баяғыда-ақ сипатталған Кафканың хикаясына ұқсайды. Оларға күйе жаққысы не елден кетіргісі келеді. Тергеу комитетіне тағы шақырса, тағы да үндемей отырып аламын. Егер бірдеңе білетін болса, заң бұзу фактілерін өздері тапсын, - дейді.

Мәскеу қалалық мэриясы әлі бұл іс туралы ешқандай пікір білдірмей отыр. «Интерфакске» берген сұхбатында Мәскеу қалалық жарнама және БАҚ департаментінің басшысы Владимир Черников «Іске қатысты қандай да бір құжатты көргеннен соң ғана пікір айта аламыз. Әзірге ондай құжаттарды көрген жоқпыз» деген.

(Любовь Чижованың мақаласын орыс тілінен аударған – Мұхтар Екей)

XS
SM
MD
LG