Армяндар қырғынын «геноцид» деп атаудың дауы

Осман империясы кезінде армяндардың қырғынға ұшырауы жайлы көрмедегі тарихи сурет.

20-ғасырдың басында Осман империясы кезінде бір жарым миллион армян қудаланып, жер аударылып өлтірілді. Мұны 20-ғасырдың алғашқы геноциді деп атайтындар көп. Бірақ ол сөзді айтпауға тырысатындар да табылады.

Армения Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Осман империясының шығысындағы бір жарым миллион армян халқының жаппай қырылуын әлем халқы «геноцид» ретінде мойындаса дейді. Қанды қырғыннан бері 100 жыл өтті, қазір бұл терминді айтуға тартынатындар оның саяси салдарын ойлайды.

Бұрын армяндар мекендеген жерлерді қазір өз аумағы етіп бекітіп алған Түркия кезінде христиандардың көптеп қырылғанын мойындайды. Бірақ оған Осман империясы себепкер дегенді терістейді, «аяусыз соғыстан жүздеген мың мұсылман түріктер де ажал құшты» деген уәж айтады.

Бір ұлтты, этносты, нәсілді немесе діни топты тұтастай немесе бір бөлігін әдейі жойып жіберу, жаппай қыру деген мағына беретін «геноцид» сөзін Анкара үзілді-кесілді қабылдамайды, ал Батыстағы әріптестері оны қолданса жақтырмай қалады.

Жақында Рим папасы Франциск бұл оқиғаны геноцид деп атаған кезде Түркия Ватикандағы елшісін еліне қайтарып алды. Армяндарды жаппай қудалап, қырып-жою оқиғасына 24 сәуірде 100 жыл толады. Әлем мемлекеттер арасында бұған қатысты бірауызды ұстаным жоқ.

ҚОЛДАУШЫЛАР

Армения, Австрия, Аргентина, Бельгия, Боливия, Канада, Чили, Кипр, Франция, Грекия, Италия, Ливан, Литва, Нидерланд, Польша, Ресей, Словакия, Швеция, Швейцария, Уругвай, Ватикан, Венесуэла ол оқиғаны геноцид деп таныды.

Түркияның Еуропадағы ең ірі сауда әріптесі Германия үкіметі оқиғаны алғаш рет геноцид деп атаған парламент қарарын қолдаймыз деді. 1987 жылы Еуропа парламенті адамдарды жаппай қыруды «геноцид» деп атауға дауыс берген еді.

Қырғынның 100 жылдығын еске алуға келген шетелдік басшылар. Ереван, 24 сәуір 2015 жыл.

Олар биыл сәуір айында Түркияға ұсыныс жасап, оқиғаны геноцид ретінде мойындап, армяндармен қарым-қатынасты жақсартыңдар деп кеңес етті. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған оны «бір құлақтан кіріп, екіншісінен шығып кететін» ұсыныс деп мысқылдады.

Еуропаның төрт елі – Швейцария, Кипр, Словакия және Грекия армяндар геноцидін терістеген адамды заң алдында жауапқа тартады. Бірақ 2013 жылы Швейцария соты елге келген түркиялық саясаткерге геноцидті «халықаралық өтірік» деп айтқаны үшін айыппұл салған кезде Еуропа соты оны «саясаткердің сөз еркіндігін бұзу» деп шешті.

Еуропа соты пікірінше, тарихи дерегі нақтыланған Холокостпен салыстырғанда, армяндардың қырылуына қатысты «көптеген пікірталастар» бар. 2012 жылы Францияның конституциялық соты «армян геноцидін» мойындамағандарды жауапқа тартатын жаңа заңның күшін жойды.

АҚШ ҰСТАНЫМЫ

АҚШ президенттігіне үміткер кезде Барак Обама жаппай қырып-жоюды «геноцид» деп атаған еді. Бірақ бұрынғы президенттер тәрізді оның әкімшілігі содан бері бұл терминнен бас тартты, оның орнына армяндардың өздері айтатын «Ұлы сүргін» сөзін қолданады.

Түркияның қысымына төтеп бере алмаған Буш пен Обаманың әкімшілігі өкілдер палатасын Бірінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі оқиғаны геноцид деп атамауға көндірді.

Қырғын құрбандарын канонизациялау рәсімі. Ереван, 23 сәуір 2015 жыл.

Рим папасы Франциск жаппай қырып-жоюды геноцид деп атаған соң БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун оны «жантүршігерлік қылмыс» деп сипаттады. БҰҰ бұл терминді халықаралық тұрғыда мойындалған үш заңсыз қылмысқа қарсы қолданады, олар – геноцид, адамзатқа қарсы қылмыс және соғыс.

БҰҰ өкілі Стефан Дюжарриктің айтуынша, Пан Ги Мун «1915 жылы болған оқиғаға қатысты әр елдің ұстанымын жақсы біледі».

Түріктер 1915 жылғы оқиғаны сипаттау үшін katikam (жаппай қыру) және tehcir (мәжбүрлеп көшіру) деген терминдерді қолданады. Барлық тараптың айыпты екенін жеткізгісі келген ресми тұлғалар кейде mukatele (топтық зорлық-зомбылық) дегенді айтады.

Түркияның қылмыстық кодексіндегі 301-бапта «түрік ұлтына тіл тигізу қылмыс болып саналады» деп жазылған. Бұрындары жаппай қырып-жоюға түріктер айыпты деген ел тұрғындарын жауапқа тартатын, бірақ сәуір айында «Әл-Жазира» арнасына сұхбат берген Түркия премьер-министрінің кеңесшісі Этьен Махчупян қазір ондай жаза жоқ екенін айтты.

Бірақ көпшілік алдында бұлай айту қауіпті. 2007 жылы сол оқиғаны геноцид деп жазған армянтекті түрік журналисі Грант Динк бір ұлтшылдың қолынан қаза тапты. 2008 жылы Нобель сыйлығының иегері, жаппай қырғындағы түріктердің рөлі туралы жазған жазушы Орхан Памукты өлтірмек болған 13 адам тұтқындалды.

Түріктер әдетте геноцид деп Холокост оқиғасын, Руанда геноциді мен 1995 жылы Сребреницада босниялық сербтердің мұсылмандарды қырғанын айтады.

АРМЕНИЯНЫҢ КӨРШІСІ ӘЗЕРБАЙЖАННЫҢ ПІКІРІ

Әзербайжан мен Армения соңғы 20 жыл бойы Таулы Қарабақ өлкесіне таласып келеді. Халықаралық тұрғыда Әзербайжан аумағы деп танылған жерге негізінен этникалық армяндар қоныстанған. 1915 жылғы қырғынды Әзербайжан баспасөзі көп жазбайды. Әзербайжан шенеуніктері геноцид деген сөзді қолдамайды. Мысалы, премьер-министрдің орынбасары Али Гасанов Еуропарламенттің қарарын сынап, «ойдан шығарылған геноцид» деп атады.

Түркиядағы армяндар қырғынның 100 жылдығын еске алуға жиналды. Стамбул, 24 сәуір 2015 жыл.

New York Times газеті 100 жыл бұрын армяндарды аяусыз қыру оқиғасын көп жазды. Ол кезде геноцид термині қолданысқа енбеді, сондықтан «түріктер тұтас бір ұлтты қырғаны үшін айыпталады» десті. Соңғы 11 жыл бойы газет бұл оқиғаны «геноцид» деп жазып келеді.

Los Angeles Times пен Boston Globe те бұл терминді қолданады. Басқа ақпарат көздері, оның ішінде Reuters, ВВС және Азаттықтың ағылшын тілді сайты «жаппай қырып-жою» терминін қоданады.

Армяндар 1915 жылғы қанды қырғынға «геноцид» мәртебесін беру үшін күресіп келеді. Олар поляк-еврей заңгері, нацистер Польшаға шабуылдаған кезде АҚШ-қа қашқан Рафаэль Лемкиннің сөзіне сілтеме жасайды. Лемкин 1949 жылы «Геноцид алдымен армяндардың басынан өтті, кейін Гитлер соны қайталады» деген еді.

АҚШ президенті Обаманың бұл оқиғаның 100 жылдығын еске алу кезінде «геноцид» сөзінен қашқанына армяндар наразы. Ол елдегі армян ұлттық комитетінің атқарушы директоры Арам Амбарян «АҚШ президенті Ердоғанның айтқанынан шыға алмай қалды» дейді. Ол Азаттыққа берген сұхбатында «адам құқы мәселесінде шетелдік басшыны тыңдадық» деді.

Азаттық тілшісі Гленн Кейтстің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.