Қыркүйектің 7-8-і күндері Германияны Берлин қаласында «Орталық Азиядағы су және тату көршілік қатынастар» атты халықаралық конференция өтті. Конференцияны Германия сыртқы істер министрлігі мен халықаралық ынтымақтастық жөніндегі герман қоғамы ұйымдастырған. Жиынға Орталық Азия мемлекеттері мен Еуропа Одағы елдерінің, ЕҚЫҰ, БҰҰ жанындағы Еуропа экономикалық комиссиясы сияқты халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Орталық Азиядағы су мәселесі талқыланған жиынға барған Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Бақытжан Сағынтаев Аралды құтқару халықаралық қорына мүше мемлекеттер басшыларының кеңесін немесе ірі донорлар мен сарапшыларды қатыстырып, су саммитін шақыруды ұсынды. Қазақстан су ресурстарын жүзеге асыру бойынша Орталық Азияда инвестициялық қор құруды, бұл өңірдегі су және экологиялық қауіпсіздік туралы пакт жасауды бастамасын да айтты.
Алматыдағы әлемдік экономика және саясат институтының сыртқы саясат бойынша сарапшысы Жұмабек Сарабековтің пікірінше,Орталық Азиядағы су мәселесінің геосаяси ахуалға да ықпалы зор.
Азаттық: – Орталық Азиядағы су мәселесі мен тату көршілік қатынас туралы конференцияның Еуропада өтуіне не себеп?
Жұмабек Сарабеков: – Басқа да ықпалды күштер тәрізді Еуропа елдері де Орталық Азияда жанжал ошағына айналуы мүмкін жағдайларға бей-жай қарамайды. Еуропа Одағының Орталық Азияға қатысты 2014 жылға дейін белгіленген стратегиясы бар. Сондықтан бұл шараны Еуропа Одағының Орталық Азияға қатысты аймақтық саясатының шеңберінде қарастыру керек. Дәл қазіргі жағдайда Еуропа одағы Орталық Азия елдеріндегі мәселеге үшінші тарап, яғни мәмілегер ретінде қатысып отыр. Өйткені Орталық Азия елдері аймақтағы су мәселесіне қатысты өзара келісе алмайды.
Азаттық: – Орталық Азия елдері неге өздері келісе алмайды?
Жұмабек Сарабеков: – Орталық Азия елдері тәуелсіздік алғаннан кейін совет өкіметі кезінде қалыптасқан су жүйесінен шығып кетті. Советтік жүйе қалай болғанда даулы мәселені реттеп, одақтас республикаларды белгілі бір консенсусқа жетелейтін.
Су мәселесін реттеу үшін Орталық Азия елдері өз бетінше бірнеше мәрте талпынып көрді. 1993 жылдан бастап бірнеше келісім жасалғанымен ешбірі жүзеге аспады. 2000 жылдардың басында да «су энергетикалық консорциумын құру» жөніндегі бастаманы Қазақстан мен Қырғызстан көтерген, басқалар да қолдаған сыңай танытқан. Бірақ су мәселесін шешуге билік басындағы саяси элитаның ерік-жігері жетпеді. Мәселен, Қазақстан әртүрлі интеграциялық құрылымдарды жиі ұсынғанымен, Өзбекстан оны қабылдай салмайды. Өйткені екі мемлекет арасында саяси бәсекелестік бар екені белгілі. Оның үстіне Қырғызстанда бірнеше төңкеріс болды. Кезінде Қазақстан Орталық Азия ынтымақтастық ұйымын құруды ұсынған. Бұл ұйым құрылды, оған кейін Ресей қосылды да біртіндеп ұйым Еуразия экономика одағына жұтылып кетті.
Менің ойымша, билікке Өзбекстан секілді тұйық саясат шеңберінде қалмайтын, ынтымақтастықты қолдайтын жаңа элита келгенде су мәселесі де шешілуі мүмкін. Қалай болғанда да, қабылданған нақты шешімдер мен келісімдер Орталық Азияда су тапшылығы айрықша сезілгенде ғана орындала бастайды. Әзірге дәл ондай жағдай жоқ. Болашақта су тапшылығы күшейе беретіні анық. Өйткені Орталық Азия су жүйесіне Ауғанстанның да қатысы бар. Әзірге Ауғанстан су тұтынушы ретінде өз мүмкіндігінің 4-5 пайызын ғана пайдаланып отыр. Егер Ауғанстандағы жағдай реттелсе, олар да суды көбірек ала бастайды.
Азаттық: – Орталық Азиядағы су мәселесінің реттелмесе, оның салдары қандай болуы мүмкін?
Жұмабек Сарабеков: – 2012 жылы Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың «Орталық Азияда су үшін соғыс болуы мүмкін» деп мәлімдегені есімізде. Ол бұл пікірді Рогун су электр стансасын салуды ұйғарған Тәжікстанға қарата айтқан болатын. Бірақ ірілі-ұсақты жанжалдар Өзбекстан мен Қырғызстан арасында да болды. Мысалы, 2000 жылы қыста Өзбекстан Қырғызстанға газ беруді тоқтатқанда Қырғызстан Тоқтағұл су қоймасын Өзбекстанның мақта алқабына жіберді. Оған жауап ретінде Ташкент шекараға әскер шоғырландырып, жағдай шиеленісе жаздап шешілген. Қазақстан Өзбекстанмен арадағы су мәселесін Көксарай су қоймасын салу арқылы шиеленістірмеуге мүмкіндік алды. Қазақстан мен Қырғызстан арасында да суға байланысты жергілікті жерлерде жанжалдар болады. Егер Орталық Азия елдері суды қыста немесе жазда жіберу мәселесін шешіп алса, онда үшнші тараптың қажеті болмас та еді. Қазіргі жағдайда су мәселесін Орталық Азия елдері ғана емес, осы аймаққа ықпал етуші Ресей сияқты ірі елдер де геосаяси мақсатта қарастырады.
Азаттық: – Орталық Азия елдеріндегі су мәселесін шешуде Ресейдің рөлі қандай?
Бірақ Ресей қажет кезде бұл ірі жобаларды Орталық Азиядағы геосаяси ойындарға пайдалана алады.
Жұмабек Сарабеков: – Орталық Азия елдері су мәселесі бойынша екіге бөлінеді. Бірі – судың бастауындағы Қырғызстан мен Тәжікстан, екінші – судың төменгі жағындағы Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан. Су электр стансалары арқылы қуат өндіру мүмкіндігі мол алдыңғы екі ел суды жазда жинап, қыста электр қуатын көбірек өндіргісі пайдаланғысы келеді. Соның ішінде ең ірі жобалар – Тәжікстандағы Рогун су электр стансасы мен Қырғызстандағы Қамбар Ата-2 су электр стансасы. Бұл екеуі де Ресейдің араласуынсыз жүзеге аспайды. Мысалы, Рогун су электр стансасының құны 4,5 миллиард доллардай болуы мүмкін. Бұл қаржы Тәжікстанның ішкі жалпы өнімінің 60 пайызына тең. Бірақ қазір Тәжікстанның да, Ресейдің де қаржылық жағдайы белгілі. «Қамбар ата – 2» су электр стансасын салу үшін 2012 жылы келісім жасалған. Бірақ ол да тоқтап қалды. Бірақ Ресей қажет кезде бұл ірі жобаларды Орталық Азиядағы геосаяси ойындарға пайдалана алады.
Азаттық: – Қазақстан су мәселесінде көрші елдермен келісімге келе ала ма?
Жұмабек Сарабеков: – Қырғызстан жағы Қазақстанды «Қамбар ата – 2» салынғаннан кейін оны басқаруға араласуға, яғни акциялар пакетін сатып алу арқылы келешектегі шешімге әсер етуге болады деп сендіреді. Қазақстан бұл бастамаға қырын қараған жоқ. Осыған ұқсас ұсынысты Тәжікстан Рогун су электр стансасына байланысты Өзбекстанған да ұсынған, бірақ олар бас тарты. Тәжікстанның электр қуатын өндіру әлеуеті қазіргіден үш-төрт есе жоғары. Орталық Азиядағы суды 60 пайызы Тәжікстан аумағынан, 20 пайызы Қырғызстан аумағынан шығады. Егер Тәжікстан Рогун су электр стансасын салса, мол қаржы көзіне және Ауғанстан мен Пәкістанға электр энергиясын экспортаушы елге айналады. Ал қазір Ауғанстанға электр қуатын Өзбекстан сатып отыр. Сондықтан Өзбекстан Рогун су электр стансасының салынуына мүдделі емес. Әлгінде айтқанымдай, Тәжікстан оны өз бетінше салуға, біріншіден, қаржысы жетпейді, екіншіден, осы аймақтағы ықпалды елдер араласпаса, Өзбекстанның қарсылығымен санаспауы да мүмкін.
Азаттық: – Орта Азиядағы су мәселесінде Арал теңізінің жайы да бар емес пе?
Жұмабек Сарабеков: – Орталық Азия елдері өзінде үлкен су тапшығы бар аймақ бола тұра, әлемнің басқа елдерімен салыстырған ең ысырапшыл мемлекеттер қатарында тұр. Аралды қорғау үшін халықаралық донорлардан қаржы бөлінгенімен оның қалай жұмсалатынын толық бақылай алмайды. Яғни қаржының тиімсіз жұмсалу мүмкіндігі де бар.
Азаттық: – Сұқбатыңызға рақмет.
Your browser doesn’t support HTML5