"Жігерлі" Чехия топ жарды

Чехияның жартылай қорғаушысы Йирачектің гол соққан сәті. Вроцлав, 16 маусым 2012 жыл

Чехия құрамасы 2012 жылғы Еуропа біріншілігінің иелері Польша құрамасын 1:0 есебімен жеңді. Сөйтіп алғашқы ойынында Ресей командасынан ойсырай жеңілген Чехия келесі кезеңге шықты. Азаттық сарапшылары осы ойын туралы пікірлерімен бөлісті.
Алғашқы тайм барсында футболшылар нөсерлеп жауған жаңбыр астында ойнауға мәжбүр болды. Кездесудегі жалғыз голды 72 минутта Йирачек соқты.
Ойынға шотландық төрешілер Томсон, Росс, Роуз бақылау жүргізді. Бас төреші Томсон барлығы сегіз сары қағаз көрсетті.

ТӘЖІРИБЕ ЖӘНЕ ПЕТР ЧЕХ

Футбол комментаторы Ермұхамед Мәулен Еуропа чемпионатына қатысып жатқан командалардың басым бөлігі топтан шығуды ғана мақсат етті деді.

- Поляктардың чехтарды жеңуіне мүмкіндік болған. Олар аса мықты қарсылас емес. Оның үстіне қақпашы Петр Чех соңғы кездері қателіктерге бой алдырып жүрді. Бұрын бұл командада Еуропаның мықты клубтарында ойнайтын қорғаушылары бар болатын, бірақ олар қазір құрама қатарында емес. Сондықтан да поляктардың бір клубта ойнап, бір-бірін жақсы түсінетін шабуылшылары жақсы әрекет жасағанда, бүгін чехтарды оңай жеңіп, топтан шығатын еді, - деді ол.

Ермұхамед Мәулен Чехия құрамасына тәжірибе көмектесті деп санайды.

- Чехтар бес-алты мәрте қатар әлем және Еуропа біріншіліктерінің финалдық кезеңдеріне өтіп жүр. Сондықтан бұл командаға осындай халықаралық чемпионаттарға қатысудағы тәжірибе көмектесті деуге болады, одан басқа ешқандай артықшылығы байқалмады. Бұл жерде атап өтетін жалғыз ойыншы голдың авторы - Йирачек. Өткен кездесудерде де барын салған футболшы. Осы Еурода ашылған ойыншылардың қатарына соны да қосуға болады, - деді шолушы.

Чехия шабуылшысы Милан Барош (сол жақта) гол соққан Йирачекті құттықтауға ұмтылды. Вроцлав, 16 маусым 2012 жыл


Бапкер Бауыржан Сәрсекенов футболдың жорамал жасауға қиын ойын екенін еске салды.

- Бірінші тайм тең өтті деуге болады. Чехтар аздаған ойын және территориялық артықшылыққа ғана ие болды. Алайда екінші таймда поляктар мүлдем ойнамады деп айтсам қателеспеймін. Чехтар гол соғып кетті, олардың шеберлігі басымырақ. Турнир басталғанда-ақ Польшаның мүмкіндігі аз екені байқалды. Олар тоғыз күннің ішінде үш ойын өткізді, бұл ойыншыларға психологиялық, физикалық және моральдық жағынан ауыр тиді. Ал чехтар Грекия командасын ұтқанда гректердің енді ойыны жүрмейді деп санаған едім. Чехтар мен гректердің жігері мықтырақ болып шықты, - деді ол.

Бауыржан Сәрсекенов «қақпашы Петр Чехты команданың көшбасшысы және мықты ойыншы» деп атады.

- «Қақпашы - жарты команда» деп бекер айтпайды. Чех - әлемдегі ең жақсы қақпашылардың бірі. Команданың жеңісіне сол ойыншының пайдасы көп болды, - деді бапкер.

БАР ГӘП - ШИРЕК ФИНАЛДА

"Қаламгер-Медиа" орталығының директоры, жанкүйер Жанарбек Әшімжан чехтар поляктардан барлық тараптарда басым болды деді.

- Топтық кезеңнің алғашқы ойынында Ресей командасынан тас-талқан болып ұтылған чехтарды плей-офф кезеңіне өтеді деп ешкім ойламаса керек. Бірақ олар бүгін барлық жағынан Польшадан басым түсті. Поляктар бір мәрте де қауіпті жағдай тудыра алмады. Чемпионат басталғанға дейін чехтар фаворит ретінде бағаланған еді, алайда кейін сарапшылардың барлығы да бұл командаға орташа баға берген болатын, - деді жанкүйер.

Ол Чехия құрамасы жанкүйерлердің сенімін ақтады деп санайды.

- Жалпы командалар алдындағы кездесулерде көрсеткен ойындарын қайталады деуге болады. Атап өтетін футболшы жоқ, олар ұжымдық ойын ойнады. Тек Петр Чехты ғана атауға болатын шығар, - деді ол.

Сарапшылардың барлығы да осы топтағы жеңімпаздардың ширек финалдағы қарсыластары оларға қарағанда әлдеқайда мықтырақ деп санайды.

Бауыржан Сәрсекенов «бұл екеуінің топтан шығуының өзі ерлік» деді. Жанарбек Әшімжан да осы жеңімпаздардың ширек финалдан ары өте алатынына күмәнмен қарайды.