Пәкістандық христиандарға қысым үдеп барады

Your browser doesn’t support HTML5

ВИДЕО: Пәкістан христиандары Пешавардағы шіркеуге жасалған террорлық шабуылды айыптап шеру өткізді. 23 қыркүйек 2013 жыл.

Пешавардағы христиандар шіркеуіне жасалған шабуылдан 81 адам мерт болды. Бұл оқиға әлемдік қауымдастық назарын Пәкістандағы діни азшылық өкілдерінің мүшкіл жағдайына бұрды.
Қыркүйектің 22-сі күні Пешавардағы христиандар шіркеуінде жанкештілер жасаған екі жарылыстан кемінде 81 адам қаза тауып, жүздеген адам жараланды. Пәкістандағы мұсылман емес дін өкілдерінің көпшілігі әсіредіншілдерден қорқып өмір сүреді. Негізінен мұсылмандар мекендейтін мемлекеттегі өзге дін өкілдері саяси және құқықтық дискриминацияны да бастан өткеріп жатыр.

ҮРЕЙ АСТЫНДАҒЫ ӨМІР

Пәкістандық христиандардың ата-бабалары төменгі кастадан шыққан, қудаланған үнділер болатын. Олар 1800 жылдары Ұлыбритания отарындағы елдерге өз дінін таратқан еуропалық евангелистердің ықпалымен осы дінге өткен.

21-ғасырда пәкістандық христиандар 97 пайыз мұсылмандар мекендейтін мемлекетте заң тарапынан дискриминацияға ұшырап, зорлық-зомбылық көре бастады.

Романа Башир Пәкістанның солтүстігіндегі Равалпинди қаласында «Бейбітшілік пен даму қоры» деп аталатын үкіметтік емес ұйымды басқарады. Қор діни азшылықтың құқығын қорғайды. Оның айтуынша, соңғы 40 жыл шамасында исламдық шариғат заңы діни алауыздыққа әсер етіп, мұсылман еместерді ығыстыра бастады.

Кохати ауданындағы христиан шіркеуіндегі мінәжат. Пешавар, Пәкістан, 2001 жыл.

Ол Пәкістанның "Құдайға қарсылық туралы" заңы мұсылман емес діни азшылықтың пікірін жеткізуге немесе ашық әрекет жасауына мүмкіндік бермейтінін айтады. Сол заң бойынша Мұхаммед пайғамбарға немесе Құранға тіл тигізген адам өлім жазасына кесіледі. "Бірақ мұсылмандар "Құдайға қарсылық туралы" заңды асыра пайдаланып, христиандармен дауласып, кек алуға пайдаланады" дейді Башир.

Пәкістанның басқа заңдары мұсылман еместердің саясатта өсуіне кедергі келтіріп, үлкен саясатта бақ сынауына мүмкіндік бермейді.

Баширдің пікірінше, тіпті Пәкістанның "мектеп бағдарламасында бөгде діндегілерге жеккөрініш тудыру насихатталады, олар Пәкістанның жауы етіп көрсетіледі".

«Осының бәрі (заң мен тәжірибе) бірігіп келіп көптеген адамдардың бойында қорқыныш пен қорлану сезімін тудырды. Сондықтан христиандар үнемі қорқынышта өмір сүреді, өздерін қауіпсіз сезіне алмайды» дейді ол.

Экономикалық тұрғыдан алғанда пәкістандық христиандардың көбі кедейшілікпен күресіп келеді. Олардың кейбірі мұғалім немесе мейірбике болып қызметке орналасады. Бірақ көше сыпыру немесе тазалау жұмыстары сияқты мұсылмандар үшін «лас» жұмыс саналатын қызметтердің көбі пәкістандық христиандардың еншісінде.

«ОЛАР ЕЛДЕН КЕТЕДІ»

Қазір Пәкістанда 180 миллион мұсылман мен 3 миллион христиан, 2,5 миллион үнді бар. Христиандардың көбі Пенджаб шығыс провинциясына шоғырланған, кезінде британ әскери тұрақтары орналасқан басқа да жерлерде кездеседі.

Пенджаб провинциясында тұратын христиандар ерекше жапа шегіп келеді. 1997 жылы мұсылмандар тобыры Пенджабтағы христиан ауылын өртеді, солайша 20 мың адам баспанасыз қалды. 2013 жылғы наурыздың 9-ында мұсылмандар 170-тен астам үйді, 16 дүкен мен Пенджабтың астанасы саналатын Лахордың маңындағы 2 христиан шіркеуін өртеді. Кейін белгілі болғандай, мұсылман мен христан екеуі дауға келіп, христиан Мұхаммед пайғамбарға тіл тигізген-мыс, соған ашуланған мұсылмандар тобы жаңағыдай әрекетке барған.

Пешавардағы шіркеуге қарсы жарылыстардан зардап шеккендер. Пәкістан, 22 қыркүйек 2013 жыл.

Ал қыркүйектің 22-сі, жексенбі күні Хайбер Пахтунхваның орталығы Пешаварда «Барлық әулиелер» шіркеуінде болған екі жарылыс христиандарға қарсы зорлық-зомбылық Пенджабпен ғана шектелмейтінін білдіргендей болды. Көптің қаны төгілген бұл оқиға ел арасында үрей тудырды.

Пешавардағы жарылыста кем дегенде 81 адам қаза тапты, бұл елдегі христиан қауымына қарсы жасалған ең қатыгез шабуыл болды.

Пәкістандағы христиандар қозғалысының төрағасы Мартин Джавед Миачал Азаттық радиосына берген сұхбатында Пәкістандағы христиандардың жүректері әбден шайлыққанын, жыл сайын мыңдаған адамның елден кететінін айтты. Олар Таиланд, Шри-Ланка мен Малайзиядағы босқындар лагеріне жиналады екен.

«Біз, христиандар, үмітсіз әрі қорғансызбыз. Пәкістанда болашағымыз күңгірт, екінші сұрыптағы адамдар санатындамыз. Ұзақ уақыт кемсітушілік көріп келдік, қазір шіркеулеріміз бен адамдарымызға қауіп төніп тұр. Әсіредіншілдер біздің Пәкістанда тұруымызға мүмкіндік бермейді. Егер осылай жалғаса берсе, христиандардың көбі елден кетеді» деді Миачал.

Жанкештілік жарылыс болған жерде тұрған «Барлық әулиелер» шіркеуі. Пешавар, Пәкістан, 23 қыркүйек 2013 жыл.

«Бейбітшілік пен әділеттік үшін ұлттық комиссия» деп аталатын римдік-католиктік ұйымның жетекшісі, христиандар қорғаушысы Петр Яковтың айтуынша, қыркүйектің 22-сі күнгі шабуылға дейін Пәкістанда 1997 жылдан бері христиандарға қарсы 120-дан астам шабуыл болған.

"Соңғы шабуылдарды экстремистер емес, мұсылмандар тобы жасаған" дейді ол.

Бірақ бұдан басқа шабуыл жасаушы экстремистер де бар. Бұның өзі Пешавардағы жарылыстар мұнымен тынбауы мүмкін деген күдікті күшейтеді. Пешавардағы жарылыстан соң Пәкістандағы христиандық ұйымдар көшеде шеру өткізіп, өздерін қорғауға үкіметтің жеткілікті шара қабылдамай отырғанына наразылық танытты.

Әбубәкір Сыддық пен Маджид Ханның мақаласын аударған – Динара Әлімжан