АҚШ-тағы киіз үй бизнесі

АҚШ-тағы Colorado Yurt Company компаниясы жасаған киіз үй.

Киіз үйді АҚШ-тағы жұрттың көбі баспана ретінде қолданады, кейбірі медитация жасауға ыңғайлы орын деп біледі.
Азаттық тілшісі 30 жыл бойы киіз үй жасап, оны АҚШ-та сатып, орнатып берумен айналысып жүрген компанияның ісімен танысты.

Colorado Yurt Company компаниясы моңғол үлгісіндегі киіз үйді «бір-екі күннің ішінде оңай тігілетін, экологиялық таза баспана» ретінде сипаттайды. Компания «Киіз үйдің ағаштан жасалған бөліктері мәңгі қызмет етіп, ал матадан жасалатын жоғарғы бөлігі киіз үй тігілетін жердің климаты мен күн қызуына қарай 8-15 жылға шыдайды» деп кепілдік береді.

Киіз үйдің ішіне электр жарығын тартып, пеш орнатып, жатын бөлмені қабырғалармен бөліп, әжетхана, ас бөлмесін жабдықтауға болады.

Colorado Yurt Company компаниясы киіз үйден бөлек көшпелі үндістердің дәстүрлі жылжымалы баспанасы типиді де тұрғызады.

Компанияның Facebook парақшасына пікір жазған Скот Хеннинг деген адам: «Өзіме киіз үй қатты ұнайды. Табиғат аясында өмір сүргісі келетін жандар үшін таптырмас баспана! Киіз үйде тұрсаңыз, ақшаңызды көп үнемдейсіз!» дейді.

Көптеген адамдар сатып алған киіз үйлерінің фотосуреттерін әлеуметтік желілерге жариялайды. Ал компанияның YouTube-тегі парағы киіз үйді қалай тігу керек екенін көрсетеді.
http://www.youtube.com/embed/X09osMPLEs0

ТАБИҒАТҚА ОРАЛУ

Компания қожайындары Дэн Кигер мен әйелі Эмманың Азаттық тілшісіне айтуларынша, олар бұл кәсіптерін 1977 жылы бастаған. Қазір ерлі-зайыпты Кигерлердің 28 жұмысшысы, Колорадо штатының Монтроз қаласында шағын зауыттары бар. Қалада 15 мыңдай адам тұрады.

Дэн Кигердің айтуынша, компанияны құру идеясы 1970 жылдары, «табиғатқа оралу» қозғалысы өрістеген жылдары туыпты.

Бұл қозғалыс адамдарды табиғатпен етене өмір сүруге, ас-ауқатты өз қажетіне қарай шақтап әзірлеуге үндейді. АҚШ-та бұл идеяны Нью-Йоркте шаруа қожалығын құрып, осы тақырыпқа бірнеше кітап жазған белсенді Болтон Холл ұсынған. Оның идеясы жұртқа әсер етіп, 1970 жылдары қаладан ауылға қоныс аударған жұрттың қарасы көбейген.

Дэн Кигердің айтуынша, әйелі екеуі тауда, жұрттан аулақ өмір сүргісі келіпті. Олар Регинальд Лобиннің үндістердің дәстүрлі баспанасы туралы 20-ғасырдың ортасында жазған «Типи: тарихы, құрылысы және пайдалану» атты кітабын оқып шығады. Дэннің әпкесінің тігін машинасын қарызға алып, ерлі-зайыпты Кигарлар кітаптағы нұсқау бойынша алғашқы типи үйін жасап шығады.

БИЗНЕС

Екеуінің жаңа баспанасын көрген достары бұл идеяны қолдап, Дэн мен Эмма Кигар өз кәсібін бастапты. Олар экологиялық таза баспаналардың

Қазақстан өкілдігі тіккен киіз үй. Женева, 11 қазан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

каталогына жарнама беріп, пошта арқылы тапсырыс ала бастайды. Бұл шаруаны олар интернет пайда болардан бұрын, несие карталары көп пайдаланылмаған кезде бастаған.

- Өзімізге пікірлес адамдардың көшпелілер баспанасына қызығатынын сезіп, киіз үй жасай бастадық. Типи мен киіз үйдің арасында көп ұқсастық бар. Екеуі де мата немесе тері сияқты материалмен жабылады, екеуі де дөңгелек пішінді. Көшпелілердің көптеген ырым-жоралары, рухани салт-дәстүрлері осы баспаналарға байланысты, - дейді Дэн Кигер.

Дэн Кигердің айтуынша, олар дәстүрлі киіз үйді осы заманғы материал, техника мен құрылыс тәсілдері арқылы жасайды. Жұмыс істегеннен бергі уақыт ішінде компания мыңдаған киіз үй жасап, жылдың кез-келген мезгілінде 50 шақты баспана тұрғызады.

«РУХАНИ АРХИТЕКТУРА»

Кейбір тапсырыс берушілер киіз үйді тауда немесе көл жағасына тігіп, қала сыртындағы үй ретінде пайдаланады. Үйін салып біткенше киіз үйде

Қырғыз малшыларының киіз үйі. 17 маусым 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

тұратындар да бар.

Бірақ киіз үйді сатып алатындардың көпшілігі оны тұрақты баспана ретінде пайдаланады.

Клиенттердің тағы бір тобы – ұйым, мекемелер киіз үйді өз клиенттеріне қызмет көрсету үшін пайдаланады. Мысалы, жас скауттар ұйымы, шаңғы курорттары мен экологиялық тұрғыдан таза саяхаттар ұйымдастыратын курорттар, табиғат аясында йога, медитация өткізетін студиялар киіз үй сатып алады.

Дэн Кигердің айтуынша, тапсырыс берушілердің көбі киіз үйге медитация жасауға таптырмас ыңғайлы орын ретінде, яғни «рухани архитектурасына бола» қызығады. Клиенттерге киіз үйді тасымалдауға ыңғайлылығы, онда уақытша тұруға болатыны ұнайды.

- Экономикалық дағдарыстан кейін қарапайым тұрмысқа көшіп, табиғат аясына оралғысы келетін жандар көбейді, - дейді Дэн Кигер.

Компания қожайындарының айтуынша, диаметрі 5 метр (16 фут) үйдің бағасы - 5 мың 745 доллар, ең үлкені - диаметрі 9 метр (30 фут) үйдің бағасы - 9 мың 995 доллар.

Клиенттің талабына қарай қосылған қосымша жабдықтар да үйдің бағасын арттырып, орташа көлемді киіз үйдің бағасы шамамен 14 мың АҚШ доллары болады. Америкада орташа көлемді үйдің құны бұдан төрт-бес есе қымбат.