Желтоқсан оқиғасын алғаш еске алу. Билікті иліктіру және көрінбейтін күрес

Қазақ ССР жоғарғы советінің бір топ депутаты Желтоқсан оқиғасына баға беруді талап етіп аштық жариялаған белсенділермен кездесіп тұр. Алматы. Мамыр, 1990 жыл. Хасен Оралтайдың жеке қорындағы фото.

"Желтоқсан" ұйымы 1989 жылы алғаш рет Желтоқсан оқиғасын еске алу жиынын өткізді. Оның қалай өткені, зиялы қауым қалай қабылдағаны, жиынға қатысқан совет билігі өкілдерінің хикаясы – бүгінгі шолудың арқауы.

Your browser doesn’t support HTML5

Желтоқсанды алғаш еске алу. Соттаушылар күтпеген жиын

Совет билігі тұсында "Желтоқсан" ұйымының құрылуына ұйытқы болған белсенділер Аманжол Нәлібаев пен Қалдыбай Әбенов 1990 жылы Азаттық радиосына берген сұхбатында Желтоқсан оқиғасын еске алу шарасы алғаш рет қалай өткенін баяндап берген. 1989 жылғы 13 желтоқсанда сол кездегі Алматы медицина институтында өткен Желтоқсан оқиғасын еске алу жиынына сол кездегі үкімет пен партия басшылары қатысқан. Бірнеше сағатқа созылған шараның соңы билік өкілдерінің сынға ұшырап, микрофонды өшіріп, жиыннан кетіп қалуымен аяқталған.

ЖЕЛТОҚСАНҒА ҚАТЫСҚАНДАРДЫ ЖАЗАЛАУШЫЛАР ҚАШҚАН ЖИЫН

Астанадағы ұлттық академиялық кітапханаға өткізілген Хасен Оралтайдың жеке қорында Желтоқсан ұйымы жетекшілерінің бірі Аманжол Нәлібаевпен және Қалдыбай Әбеновпен Азаттық радиосы өткізген сұхбаттың түпнұсқасы сақталғанын өткен эпизодта айтқанбыз. Монтаждалмаған, эфирге берілген (егер берілсе) күні көрсетілмеген бұл сұхбатта Азаттықтың Қазақстандағы алғашқы тілшісі Қиял Сабдалин еркін әңгіме өрбіткен.

Сұхбаттың қай күні жазылғаны да көрсетілмеген. Алайда спикерлердің сөзіне қарағанда, сұхбат 1990 жылдың басында жазып алынған сияқты. Мұнда сұхбат берушілердің қызды-қыздымен сол кездегі зиялы қауым өкілдерінің жеке басы туралы қазбалап кететін тұстары бар. Аманжол Нәлібаев Желтоқсан ұйымы құрылғанда зиялы қауым ортасынан қолдау күткенін, алайда сол үміттің ақталмағанын айтқан. Ұйым құрылғанда алғашқы атқарған шараларының бірі – Желтоқсан оқиғасын еске алу жиыны болды. Алайда шара өткізу оңайға түспеген. Өйткені желтоқсандықтарды соттаған, жазалаған адамдар сол кезде әлі билік тізгінін ұстап отырған. Желтоқсандықтардың бұл талпынысын зиялы қауым да ә дегеннен қолдай қойған жоқ.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының шындығын анықтап, қоғамдық тексеру жүргізуді және сотталған азаматтарды түрмеден босатуды талап етіп, Қазақ ССР жоғарғы кеңесі алдында пикет өткізіп тұрған белсенділер. 1990 жыл. Журналист Марат Тоқашбаевтың жеке архивіндегі сурет.

"Желтоқсан" ұйымы құрылғаннан бері жүргізген күресі өте қиын болды. Бұл өзі көрінбейтін күрес еді", – деп еске алған Азаттық тілшісі сұхбат алған Аманжол Нәлібаев. Ол биліктің осыдан сәл бұрын ғана ақталып, түрмеден босап шыққан желтоқсандықтарды өз мүддесіне пайдаланбақ пиғылы болғанын да айтқан еді. Сұхбатта желтоқсандықтарды бақылауда ұстамақ болған басшылардың аты-жөні де аталған. Мәселен, Қазақ ССР жоғарғы советі президиумының төрағасы Мақтай Сағдиев, Қазақ ССР прокуроры Ғалым Елемесов, Қазақ ССР Жоғарғы сотының төрағасы Тамас Айтмұхамбетов. Соңғы екеуінің 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушыларды жазалауға қатысы болғаны кейін Желтоқсан туралы деректерде талай рет айтылған.

"Біз 9 желтоқсаннан бастап, 17 желтоқсанда орталық алаңда еске алу жиынын өткізуге дайындалдық", – деп еске алған Қалдыбай Әбенов.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Таяқпен ұрып, итке талатты". Желтоқсан ызғарында солған үміт

КІМ ҚАЙДА ЖҮРГЕН? "ӨТЕ ЖАУАПТЫ СЫНАҚ"

Аманжол Нәлібаевтың айтуынша, үкімет пен коммунистік партия мұның алдында да желтоқсандықтармен кездесіп, райынан қайтармақ болыпты. Олар "Желтоқсан" ұйымының еске алу шарасын белсенділер осынша деңгейде өткізеді деп те ойламаса керек.

1989 жылы құрылған "Желтоқсан" ұйымы жетекшілерінің бірі Аманжол Нәлібаев. Сурет Ерлан Декелбаевтан алынды.

"Біз 17 желтоқсанда Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы болған алаңға гүл шоғын қойып, еске алу рәсімін жасамақ едік. Өзіміздің қарар, үндеуімізді дайындап, қолдайтын ағаларымызды іздедік", – деген сұхбатта Аманжол Нәлібаев зиялы қауымға меңзеп.

Ал оларды қолдайтын ағалар қайда болған? Кім қайда жүрген? Осындай сындарлы кезде олардың азаматтық ұстанымы қандай болған еді? Аманжол Нәлібаев пен Қалдыбай Әбенов 1990 жылы Азаттыққа берген сұхбатында сондай кейбір ағаларының аты-жөнін атап, іс-әрекетін сипаттаған.

"Ол кезде Мұхтар Шаханов ағамыз Москвада болатын. 9 желтоқсан күні жазушы Сафуан Шаймерденовке бардық. Ол кісіге барар алдында Қазақ ССР телевизия және радиохабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары Сағат Әшімбаевпен кездескенбіз. Біз сеніп жүрген азаматтардың бірі еді. Бірақ ол біздің үндеуімізді көріп, шалқасынан құлады. "Жігіттер, қойыңдар. Желтоқсанды ұмытыңдар, ертең халықты қанға батырасыңдар. Қазақ халқының атына кір келтіресіңдер" деп бізге екі сағат бойы лекция оқыды", – деп еске алған Аманжол Нәлібаев. Ол "өздері сеніп жүрген" Сафуан Шаймерденовке жолыққанда ол кісі де "тайқақтағанын" айтқан.

"Сафуан Шаймерденовті үркіткен Сағат ағамыз болатын", – деді ол.

Қазақ ССР телевизия және радиохабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитеттің басшылығында болған Сағат Әшімбаевтың Желтоқсан оқиғасы кезінде Алматының орталық алаңындағы бейбіт шеруді видеотаспаға түсіріп, оны жасырын сақтауға себеп болғаны жайлы кейіннен айтылып жүр.

Your browser doesn’t support HTML5

Желтоқсанда түсірілген бейнетаспа қалай сақталды?

Ал жазушы Сафуан Шаймерденов Қазақстан жазушылар одағында Желтоқсан оқиғасын зерттейтін қоғамдық комиссияның құрылуына мұрындық болғанын журналист Қайым-Мұнар Табеев өзінің "Қазақтың Желтоқсаны" кітабында атап өткен.

"...Сафуан Шаймерденов Жазушылар одағы жанынан Желтоқсан оқиғасын зерттейтін арнайы қоғамдық комиссия құрғызды. Кабинет әперді. Бір күні "Қазақ әдебиеті" газеті редакциясына Сафекең арнайы іздеп келіп, мені осы комиссияның жауапты хатшылығына шақырды. Онсыз да Желтоқсан оқиғасын зерттейтін парламенттік комиссиядағы сарапшылар тобында жүрген менің бір бағыттағы жұмыс болған соң ұсыныстан бас тартуымның жөні жоқ еді. Көп кешіктірмей жұмыс қызу басталып кетті. Комиссия құрамындағы Ғалым Ахмедов, Қалмұқан Исабаев, Сайын Мұратбеков, Тұрсын Жұртбаев, Смағұл Елубаев, Бейбіт Қойшыбаев, Армиял Тасымбеков сынды қаламгерлердің азаматтығы мен табандылығының арқасында бірталай шындықтың беті ашылды. Жалпы желтоқсандықтарды ақтауға негіз болған құжаттық материалдардың біраз бөлігі осында жинақталды. Мұның да өзіндік себебі бар. 1989 жылы ресми құрылған парламенттік комиссия Үкімет үйінде орналасқандықтан, жұрттың көбі онда баруға жасқанатын еді", – деп жазды Желтоқсан зерттеушісі Қайым-Мұнар Табеев.

Осы пікірін ол былай нақтылай түседі:

"Сонан соң жұрт есігі әрдайым ашық Жазушылар үйіне баруды қолайлы көретін. Мұнда оларды көбінесе, төрағаның орынбасары ретінде Тұрсын Жұртбаев қабылдап жүрді".

Қайым-Мұнар Табеев жазушы Сайын Мұратбековтің қауіпсіздік мекемесінен Желтоқсанда қамалғандардың мыңға жуық фотосуретін тауып алдыртқанын айтады.

Желтоқсан оқиғасының Азаттыққа жеткен суреттері

Ал Тұрсын Жұртбаев 2016 жылы жергілікті интернет ресурстарының біріне берген сұхбатында "Желтоқсан оқиғасы ұлттық көсем немесе тұлғаларды іріктеп шығара алатындай мүмкіндігімізді анықтап берді. 1986-1989 жылдардың арасында қайраткерлер мен зиялыларымыз өте жауапты сынақтан өтті", – деп атап өткен.

Азаттық радиосына 1990 жылы сұхбат берген Аманжол Нәлібаев Желтоқсан оқиғасын еске алу жиынына қатысты тағы бір жазушы Әнуар Әлімжановтың әрекетін де айтқан еді.

"Біз партияның орталық комитеті – ЦК-ға барған кезімізде, жазушы Әнуар Әлімжанов шығып келе жатыр екен. Біз өз талабымызды тапсыруға келе жатқанбыз. Әнуар ағамызды көріп қуанып қалдық. Бізді қолдайтын адам деп ойладық. Біз үндеуге қол қоюын сұрағанымызда "Жігіттер, мен мынаған қол қоймаймын. Бірақ ертең мінбеге шығып, айтарымды айтамын. Мен сіздермен біргемін" деді", – деп еске алады Аманжол Нәлібаев пен Қалдыбай Әбенов.

Азаттыққа берген сұхбатында Аманжол Нәлібаев пен Қалдыбай Әбенов Желтоқсан оқиғасы кезіндегі Қазақ ССР Телевизия және радиохабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары Сағат Әшімбаевтың әрекеті туралы қайталап айта берген тұстары бар.

"Ол кісі Желтоқсан оқиғасы кезінде халық жасақшысы болып шыққан. Егер ол осының бәрін телевидениеден айтса, бұл бір үлкен әңгіменің айғағы болар еді", – деген Аманжол Нәлібаев.

"ЦК АТҚАРУ КОМИТЕТІНЕ СІЛТЕДІ – СОҢЫНДА ЦК ХАТШЫСЫ ШЕШТІ"

Желтоқсандықтар компартия орталық комитетіне үндеу, талаптарын тапсырған соң ондағы шенеуніктер ендігі шаруаны қалалық атқару комитетіне сілтеген.

"Орталық комитеттегілер "біз сіздерді қолдаймыз, біз сіздермен біргеміз" деп шығарып салды", – деген еді Аманжол Нәлібаев осы туралы Азаттыққа берген сұхбатында.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы "Аллажар" фильмін түсірген режиссер Қалдыбай Әбенов Жаңаөзенде биліктің халыққа оқ атқанын айыптап Республика алаңына келіп тұр. Алматы, 17 желтоқсан, 2011 жыл.

"Мен кинорежиссермін ғой. Мына бір жайды айта кетейін. Біз үндеуімізді алып барғанда, орталық комитеттегілер болсын, атқару комитетіндегілер болсын, солардың көздерін көрсеңіз! Үріккен, қорыққан кейбіреулері "Ойбай, жігіттер, бұларың не?!" – деп, шындығын айтқанда, үстелдің астына кіріп кете жаздады", – деді Қалдыбай Әбенов.

"Атқару комитетіне келгенде ең алдымен Александр Минибаевқа кірдік. Әуелде шекесі тырысқан ол 40 минуттай күткізіп қойды. Жаман қарсы алғанымен, сөйлесе келе көнген сияқты болды. "Талаптарыңды жеткізетін жерге жеткізейін. Бірақ 17 желтоқсанда алаңға шықпаңдар, мен басқа жиын өткізетін жер тауып берейін", – деді. Сонымен не керек, ол осы мәселені өзі қолына алды. Қолдайтындай көрінген. Бұл 10 желтоқсан күні болатын. Ал 11 желтоқсан күні бұл мәселеге орталық комитеттің идеология хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков араласты. Бұл кезде Минибаев кейіндеп қалды да, Жәнібековпен сөйлесіп кеттік. Қайда өткіземіз, қалай өткіземіз? Өткіземіз бе, өткізбейміз бе? Соңында олар "өткізудің қажеті жоқ" деп, қойыңдар дегенге келтірді. Желтоқсанда төгілген қан аз ба еді деді. Сонда олар кім кімнің қанын ағызғанын да ескеріп отырған жоқ", – деген Аманжол Нәлібаев Азаттыққа берген сұхбатында.

Бұл жерде аты-жөні аталған Александр Минибаев – сол кезде Алматы қалалық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болған шенеунік. Одан кейін есімі аталған Өзбекәлі Жәнібековтің кім екені сұхбатта айтылды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қоғамдық қозғалыстарды құптаған Жәнібековтің идеясы өзгерді ме?

Ақыр соңында 1989 жылғы 13 желтоқсанда Алматы медицина институтында Желтоқсан оқиғасын еске алу жиыны өтетін болып келісілді. Алайда шенеуніктер сол жиынның өзін өз пайдасына шешуге тырысты дейді осы шараны өткізуге ұйытқы болған белсенділер.

"Сөйтіп келісе келе желтоқсанның 13-інде Алматы медицина институтының үлкен залында Желтоқсан оқиғасына арналған бірінші митингі өтетін болды. Ең қызығын айтайын. Осы шараны өткізу үшін жанын салып жүгірген Желтоқсан комитеті болатын. Ал шара өткен оны ұйымдастырған қалалық партия ұйымы, қалалық партия комитетінің үшінші хатшысы Сәрсенов болып шыға келді!" – дейді Аманжол Нәлібаев пен Қалдыбай Әбенов.

"ЖЕЛТОҚСАН КОМИТЕТІНІҢ АЛҒАШҚЫ ЖЕҢІСІ"

Сонымен алғаш рет өткізілген Желтоқсан оқиғасын еске алу жиыны несімен есте қалды? Желтоқсан оқиғасын басып-жаншып, оған қатысқандарды қудалап, соттап, жазалаған билік өкілдері мен желтоқсандықтар, студенттер, қарапайым адамдар қатысқан, бес сағатқа созылған митингі аса тартысты түрде өткенге ұқсайды.

"Кішкентай ғана Аманжол аға шығып, ішкі істер министрлігін, КГБ, сот, прокуратураның бәріне Желтоқсан оқиғасы кезіндегі кінәларын бетіне салық қып айтқан кезде залдағы бүкіл адам орнынан тұрып кеткендей болды. "Кетсін!" деді бір ауыздан. Сол кезде Елемесов пен Айтмұханбетов қайта шығып сөйлемек болғанда адамдар шулап, ысқырып, оларды сөйлетпей, "кетіңдер" деп әбден масқаралады. Желтоқсан комитетінің алғашқы жеңісі осы болды", – деді Қалдыбай Әбенов.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде Алматының орталық алаңында түсірілген сурет.

Аманжол Нәлібаевтың айтуынша, Желтоқсанды еске алған алғашқы көпшілік жиында әсіресе республика прокуроры Ғалым Елемесов қатты сынға қалған.

"Ол мінбеге үш рет шығып, біздің "нашақорлығымызды", "араққорлығымызды" және "басбұзарлығымызды" дәлелдемекші болды. Ең аяғында прокурор үшінші рет шығып сөйлеп, бір нәтижеге қол жеткізгісі келіп, аман-есен қалғысы келді. Ол қайта сөйлей бастағанда бірінші курс студенті "Оу, енді кет дегенде ит те кетеді ғой, кетпейсіз бе?!" деді. Сол кезде залдағылардың бәрі орнынан үшып тұрды. Сонымен не керек, бұл митингі аяғына дейін жетпеді. Ең аяғында бұлар жеңіліп бара жатқанын білді. Сәрсенов микрофонды жұлып тастап, орнынан тұра қашты. Ал Өзбекәлі Жәнібеков ертесінде Сәрсеновтерге ұрысса керек, "балаларды масқара қыламыз деп жүріп, өздерің масқара болдыңдар" деп. Біз бұл жиынның аяғын басбұзарлыққа жіберткізбейміз деп сөз берген едік. Халықты қалай жинадық, солай таратамыз дегенбіз. Айтқандай-ақ солай жасадық. Бірақ халық "алаңға кеттік" деп тұрып алды ғой", – деген Аманжол Нәлібаев 1990 жылы Азаттыққа берген сұхбатында.

Осы жиынға сол кезде компартияның идеология хатшысы болған Өзбекәлі Жәнібеков те қатысқан болуы мүмкін. Бірақ ол өзінің естеліктерінде 1989 жылы әлдебір "қыркүйек айында өткен студенттердің бүкілқалалық митингісі" жөнінде жазады. Бірақ оқиғасы Аманжол Нәлібаев пен Қалдыбай Әбеновтің сұхбатында айтылған жайлармен бірдей.

"Республика басшылары (бірінші хатшыны қоса) Мәскеуде бір үлкен жиында болатын. Күмісжан Өмірбаевамен (үкімет төрағасының орынбасары) ақылдасып, біз де митингке барып, студенттерді тыңдап қайтпақ болдық. Алматы медицина институтының үлкен залында өткізілген митингке екі мыңға жуық студент қатынасты. Жиналғандардың алдында сөз сөйлеген республика прокуроры Ғ.Елемесов болса қандай шаралар белгілегенін айтып берудің орнына 1986 жылғы оқиға кезінде кімнің қай жерде тұрып, не істегені жайлы, "ескі әңгімесіне басып кеткендіктен", ызаланған жұрт оны да, басқа да құқық қорғайтын орындардың басшыларын сөйлетпей тастады", – деп суреттеген Өзбекәлі Жәнібеков естеліктерінде.

Оның жазғанына қарағанда, мінберге шығып сөйлегендер "Өзбекәлі аға, Өзбекәлі аға!" деп хатшыға "жалтақтай бергенге" ұқсайды.

"Оның үстіне Сафуан Шаймерденовтың кейбір шешендердің сөзін қостап "бұған өзіміздің жақсы көретін хатшымыз Өзбекәлі Жәнібеков не айтар екен?" деп қақпалағанын есітіп, маған да мінберге көтерілуге тура келді. Мен қысқаша сөйледім. Желтоқсан оқиғасына қатысты мәселелерді бүге-шігесіне дейін мұқият тексеріп, нақтылы ұсыныстар енгізетін депутаттық комиссия құрылатынын және үкімет тарапынан айыпты деп танылған сот, прокуратура және милиция қызметкерлеріне шара қолданылатынын, жазықсыз кінәланған жастардың "ісі" қайта қаралатынын айтып, жұртты тыныштандырғандай болдым. Сөйтіп, алғашқы бүкілқалалық митинг қақтығыссыз-соқтығыссыз тарады", – деп жазған Өзбекәлі Жәнібеков.

Бір қызығы, Жәнібековтің жазуынша, сол кезде өткен тағы бір осындай жиынға Қазақ ССР компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысуға мәжбүр болғанға ұқсайды. Оның өз хикаясы бар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Диссиденттен саяси тұтқынға айналды". Арон Атабек және Шаңырақ оқиғасы

Өзбекәлі Жәнібеков "Бірақ сол күні түнде-ақ Мәскеуде жүрген бірінші басшымызға "Жәнібеков жиналғандарға отпор бермеді, жұрттың тыныштығын бұзып, аузына келгенін лаққандарға тойтарыс жасамады" деген мәліметтеме (депеша) жетіп те үлгіріпті. Сонымен не керек, бірінші хатшы екі күннен кейін жаңа митинг өткізіп, студенттерді тыңдайтын болды. Мұны көрген Күмісжан: "Ал енді Нұрекеңнің өзінің студенттерге қалай отпор бергенін көрейік" деп қасыма келіп отырды. Митинг сол залда болды. Сонша студент тағы да жиналды. Сол әңгіме айтылды. Сол бұрынғы берілген уәде қайталанды. Тек бұл жолғы митингке қатысқандар желтоқсан оқиғасының жазықсыз құрбандарын еске алып орындарынан тұрды. Төрде отырған басшымыз да сахна сыртындағы көмекшісінен бір құжат сұратқан боп орнынан тұрып, оған дейін саны да, аты-жөні де беймәлім 1986 жылғы желтоқсан құрбандарын еске түсіру рәсіміне қатысуға мәжбүр болды", – деп жазған өз естелігінде.

Осының мәнісін "Желтоқсан" ұйымының белсендісі болған Ерлан Декелбаевтан сұрағанымда, ол ұйымның 1989 жылы желтоқсанның 9-ынан бастап, 14-іне дейін бірнеше жерде Желтоқсан оқиғасын еске алу акциясын өткізгенін айтып берді. Декелбаевтың сөзінше, осы митингілерден соң "Желтоқсан" ұйымының алғашқы төрағасы Бақтыбек Иманқожаевты және Аманжол Нәлібаев пен Қалдыбай Әбеновты сол кездегі Қазақ ССР КГБ-сының басшысы Виктор Мирошник кабинетіне шақырып алып, "абайлап жүріңдер" деген ескерту жасаған.

– Әрине, сол жылдары митингілер өткізу жауапкершілігі өте қауіпті еді. Түрмеден шығып, есімізді жия алмай жүрсек те, басымызды бәйгеге тіктік, – деді Ерлан Декелбаев.

ЖАБЫҚ МИТИНГІДЕН – АШЫҚ МИТИНГІГЕ

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын және құрбандарын еске алуға арналған алғашқы рәсім, алғашқы жиынды осылай өткізген "Желтоқсан" ұйымы басқа да бейресми ұйымдармен бірлесіп, 1990 жылғы 17 ақпанда Алматыда көпшілік алдында көшеде, нақтырақ айтқанда Шоқан Уәлиханов алаңында алғаш рет ресми рұқсат етілген жалпыхалықтық митингі өткізуге де қол жеткізген.

Сол жалпыдемократиялық бейресми қозғалыстар мен топтардың ішінде "Желтоқсаннан" басқа Тәуелсіз қоғамдық ұйымдар қауымдастығы, "Бірлесу", "Мемориал" және "Жерұйық" ұйымдары бар еді. Сол кезде белсенді болған Андрей Свиридов осы митингі туралы жазбасында билік жалпыхалықтық митингіге рұқсат бергенімен, тура жиын алдында "ұлтаралық қақтығыстар мен тәртіпсіздіктер болуы мүмкін" деген желеумен елді үркітетін сақтық науқанын жүргізгенін жазған. Оның айтқандарын желтоқсандықтардың бірі Елтай Танашев те таяуда Азаттыққа берген сұхбатында растады.

Ғылым академиясы алдындағы алаң. Алматы, 8 қазан, 2016 жыл. Азаттық архивіндегі фото.

– 1990 жылғы 17 ақпанда Сейфуллин мен Совет көшелерінің қиылысындағы бір дүкенге барсам, "неге арақ сатпайды?" деп ел шулап жатыр екен. Сұрастырсам, митингімен байланыстырды. Соны естіп ап, сол кездегі Жаңа алаңға барайын, ескі алаңға барайын, митингі жоқ. Одан кейін бірқанша жоғары оқу орындарының стадиондарына барып, таппадым, – деген Елтай Танашев ақыр соңында Ғылым академиясының қасындағы Шоқан Уәлиханов алаңына келгенде митингінің үстінен түскенін айтады.

Ол жерге жеткенімде түс ауып кеткен еді деп еске алды Танашев. Ол алаңда тұрған бір топтың білегіне ақ және көк түсті шүберек байлап алғанына назар аударған. Бұрын мұндайда адамдар қызыл шүберек байлап алатын. Мінбеге шығып сөйлегендердің ішінде Елтай Танашев та болған, өлең оқыған.

Танашевтің айтуынша, Шоқан Уәлиханов алаңы лық толмағанымен, адамдар соның жартысын толтырып тұрған. Жиналған жұрт қойған талаптардың ішінде Желтоқсан оқиғасына қатысып, сотталғандарды ақтау туралы да айтылған.

– Таңертеңгі он жарымда басталды деген митинг төрт жарым – бестің кезінде бітті. Жиын да аяқталды, қар да жауа бастады, – деп еске алды желтоқсандық белсенді Елтай Танашев.

"Желтоқсан" ұйымының белсенділері Аманжол Нәлібаев пен Қалдыбай Әбеновтің 1989 жылғы 13 желтоқсанда Алматы медицина институтында Желтоқсан оқиғасын еске алуға арналған алғашқы жиын қалай өткені жайлы Азаттыққа берген сұхбатының толығырақ нұсқасын "Азаттық толқынында" подкасынан тыңдауға болады.

"Азаттық толқыны" подкасының барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға болады.