Accessibility links

ҰҚК Қазақстанда "Хорасан уәлаяты" тобы жоқ деп мәлімдеді


"Крокус Сити Холл" концерт залы.
"Крокус Сити Холл" концерт залы.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) көп елде тыйым салынған "Ислам мемлекеті" террор ұйымының "Хорасан уәлаяты" тобы Қазақстанда әрекет етпейді деп мәлімдеді.

ҰҚК хабарлауынша, 2015 жылы Астана қаласының Есіл аудандық соты "Хорасан уәлаяты" тобын террористік деп танып, қызметіне ел аумағында тыйым салған. Бұл ұйымға мүше болғандар қылмыстық жауапқа тартылады. "Қазіргі уақытта Қазақстан аумағында "Хорасан уәлаяты" тобының жұмыс істейтін бөлімдері жоқ" деп мәлімдеді ҰҚК. Комитет жауабын Tengrinews.kz жариялады.

22 наурызда Мәскеу түбіндегі "Крокус Сити Холл" концерт залында 140-тан астам адам өмірін қиған терактіні "Ислам мемлекеті" террор ұйымының "Хорасан уәлаяты" тобы мойнына алды. Шабуылдан 500-ден астам адам зардап шекті.

7 наурызда Ресейдің ақпарат құралдары осы елдің федералдық қауіпсіздік қызметі "Мәскеудегі синагогалардың біріне қарулы шабуыл жасауды жоспарлаған "Ислам мемлекеті" террор ұйымының Ауғанстандағы "Хорасан уәлаяты" атты бөлімшесінің мүшелерін өлтіргені" жөнінде хабар таратты. Ақпаратта ФСБ Калуга облысындағы Коряково елді мекенінде "ұстамақ болған кезде қарулы қарсылық танытқандардың көзін жойғаны" және "олар тұрған үйден Макаров тапаншасы, Калашников автоматы, оқ-дәрі мен қолдан жарылғыш зат дайындауға арналған заттар табылғаны" айтылды.

Кейін ресейлік ASTRA телеграм-арнасы ФСБ Калуга облысында Қазақстанның екі азаматы – Сәбит Әшірәлиев пен Жәнібек Тасқұловты өлтірген деген ақпарат жариялады.

Олардың Қазақстанда тұратын туыстары Әшірәлиев пен Тасқұлов "террор тобына мүше болған" деген хабарға сенбейді.

Бұған дейін Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті Азаттыққа жіберген жазбаша жауабында Тасқұлов пен Әшіралиев Алматы—Мәскеу рейсімен Ресейге 27 ақпанда ұшып барған деп мәлімдеді. ҰҚК ақпаратынша, қаза болғандарға қатысты "террористік топтың қызметіне қатысу" бабы бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG