Accessibility links

Батыс Қазақстанда газ құбыры жарылып, апат салдарынан үш адам қаза тауып, үш адам жарақат алды


Дүйсенбі күні кешкісін Батыс Қазақстан облысының Қара-Оба ауылынан 10-15 шақырымдай жерде газ құбыры жарылып, апат салдарынан үш адам қаза тауып, үш адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.

Қарашаның 1-і күні Батыс Қазақстан облысында жергілікті уақыт 9 сағат 12 минөтте Орталық Азия – Орталық магистральды газ құбырының төртінші тармағының 52-ші шақырымында жөндеу жұмыстары жүріп жатқан уақытта газ құбыры жарылған. Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің баспасөз хатшысы Қайрат Тарыбаевтың айтуынша, жарылыс өте қатты болған. Ал бұл газ құбыры “Орталық Азия Интергаз” мекмесіне қарайды екен. Қазіргі уақытта апат салдарынан туындаған өрт толық сөндіріліп, енді оның себептері анықталуда дейді төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің баспасөз хатшысы Қайрат Тарыбаев.

Алайда Қазақстан Республикасының бас еңбек инспекторы Серікқали Бисеқаев барлық апат пен ондағы адам шығыны тек қана техникалық қауіпсіздік ережесін сақтамаудан орын алып келе жатқанын айтады.

Біз осы мәселеге орай Батыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі басқармаға хабарласқанымызда мекеменің бас маманы Татьяна Чебатарева әзірге түрлі министліктен құралған комиссия апаттың себебін тексеріп жатыр деп жауап берді.

Ал төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің баспасөз хатшысы Қайрат Тарыбаевтың айтуынша, қаза тапқандар мен жарақат алғандар Маңғыстау облысының кәсіпорындарының жұмысшылары екен.

Сондай-ақ төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің баспасөз хатшысы Қайрат Тарыбаевтың айтуынша, апаттың неден орын алғаны алдағы бір-екі күнде белгілі болады дейді.
XS
SM
MD
LG