Accessibility links

Алматыда орман-ағаш өнеркәсібінің Орта Азиялық форумы басталды


Қазақстанның ағаш өңдеу өндірістері мен мебель бұйымдарын жасау кәсіпорындары қауымдастығы ұйымдастырып отырған бұл жиынның мақсаты - Орталық Азия аймағында Қазақстанды осы саладағы жетекші елге айналдыру.

Соңғы үш жылдың жағдайымен Қазақстанда ағаш өндірісі, ағаштан үй құрылысы материалдары мен үй жиһаздарын жасау біршама артқаны байқалады. Мамандардың айтуынша, өткен жылы Қазақстан үкіметінің қылқан жапырақты ағашты кесуге тыйым салғаны және Қазақстанда жасалған ағаш бұйымдарды шетелге шығаруға тыйым салғаны осы саланың өсіп-дамуына кері әсерін тигізген.

Қазақстанның ағаш өндірістері мен мебель бұйымдарын жасау кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры Олег Колесниковтың айтуынша, өткен жылы Қазақстанда ағаш өндірісінің өсімі тек 1,66 процентке қана өскен болса, биыл бұл көрсеткіш құлдыраған, яғни ағаштан үй жиһаздарын жасау былтырғы жылмен салыстырғанда 30 процентке өскеніне қарамастан, жалпы ағаш өндірісі биылғы жылы -8 проценттік көрсеткішке түскен екен. "Бұл орман-ағаш өнеркәсібінің дамуына теріс әсер тигізіп отыр" дейді Олег Колесников.

Оның айтуынша, форумда талқыланатын тағы бір мәселе - Қазақстанның қазіргі географиялық жағдайын пайдаланып, Ресейден ағаш сатып алып, оны орманға кедей Орта Азияның Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан секілді елдеріне реэкспорт жасау мәселесі болмақ. Совет заманы кезінде ағашқа бай Ресей Қазақстанға қажет ағаштың 70 процентін беріп тұрса, қалғанын Қазақстан өз есебінен толықтырған екен.

- Қазақстанның да орманға аса бай емес екендігі белгілі. Алайда, соған қарамастан Қазақстан әлемнің басқа елдері секілді бұл саланы дамытуға қатты көңіл бөлуі қажет, - дейді Қазақстаның ұлттық инженерлік академиясының академигі Серікбек Байболов.

Форумға қатысушыларды өздері жасайтын жиһаз бұйымдарымен таныстырған «Фолдинг Спасе» атты кәсіпорын директорының орынбасары Владимир Сунның айтуынша, кәсіпорын қазір Германия, Австрия технологиясын пайдаланып, Қазақстан ағаштарынан тәп-тәуір жиһаздар жасап, халықаралық стандартқа сай деген баға алып отыр.
XS
SM
MD
LG