Accessibility links

Қазақстанда туристерге кейбір режимдік нысандарға кіруге рұқсат беріледі


Астана қаласы бойынша Қазақстанда алғаш рет қатаң режимдегі нысандарды қамтитын экскурсиялық маршрут ашылды.

Ондағы мақсат - әлемнің кейбір елдеріндегідей, мысалы, АҚШ-та Ақ үй, Пентагон сияқты мекемелерге туристердің кіру мүмкіндігін жасау тәжірибесіне сүйене отырып, президенттің Ақордасынан бастап жоғары мемлекеттік мекемелер мен министрліктердің ғимараттарын туристік нысанға айналдыру. Бірақ, әзірге бірнеше мекеме ғана бұған келісім беріпті, ал үзілді-кесілді бас тартқандардың бірі - Қазақстан қорғаныс министрлігі.

Кейбір режимдік нысандарға кіруге туристерге рұқсат берілген дейді туристік бағыт ұйымдастырушылары. Бірақ, олардың тізімі әзірге өте шектеулі. Астанада Есілдің сол жағалауында орналасқан мемлекеттік мекемелердің әкімшіліктері қызығушылық танытқан туристерді кіргізуге рұқсат бермей отыр.

Астана әкімшілігінің кәсіпкерлік және өндіріс департамент директорының орынбасары Дәмір Толымбектің айтуынша, бұл мекемелер туристер кірсе, қауіпсіздік талаптары бұзылады деп жауап берген. Әйтседе, Д.Толымбектің айтуынша, болашақта салынатын ғимараттарда туристерге арнайы жағдай жасалмақ:

- Астанадағы режимдік нысандарға рұқсат берілді. Біздің ұсынысымыз бойынша, ендігі салынатын нысандарда туристерге арналған жер болуы керек.

Аталмыш департамент жарты жыл бойы Астанадағы бірқатар ғимарат иелерімен келіссөздер жүргізіп келген. Осы уақытқа дейін Жоғарғы сот әкімшілігі, қаржы министрлігі, «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы және Парламент туристерді кіргізуге келісімін берген.

Бірақ, Астана әкімшілігінің шенеуніктері туристер тамашалайтын ерекше нысандар тізімін бәрібір біртіндеп ұлғайтамыз деп отыр. Астана әкімшілігінің өкілі Дәмір Толымбектің айтуынша, жаңа бағыт ашудың арқасында бірден екі мақсатқа қол жеткізуге болатынын айтады:

- Туристер баратын нысандар неғұрлым көп болса, соғұрлым қалаға көп салық түседі. Сосын, президент айтқандай, патриоттық сезім тәрбиелейміз.

Қазір Астанада Есілдің сол жағалауында орналасқан 38 қабатты ғимараттағы көлік министрлігі мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен келіссөздер жүргізілуде. Астана әкімшілігінің кәсіпкерлік және өндіріс департамент директорының орынбасары Дәмір Толымбектің айтуынша, олар келісім беруге дайын сыңайлы.

Оның сыртында, Қазақстан президентінің жаңа әкімшілік ғимаратын көруге жағдай жасалып жатыр дейді Д.Толымбек мырза. Ал, сол президент сарайының жанындағы Жоғарғы соттың бас кеңесшісі Қанапия Омархан, Қазақстандағыдай сотқа арналған алып ғимарат жер бетінде кемде-кем дейді:

- Бұрынғы совет елдері ішінде мұндай ғимарат жоқ. Онда билердің сот ісін жүргізіп отырған мүсіндері бар.

Бірақ, ақ мәрмәр таспен және диаметрі 5 метрден асатын ірі хрусталь шамдарымен безендірілген ғимаратты көру үшін, туристердің тізімі алдын ала дайындалуы тиіс. Ал, қорғаныс министрлігі туристерге есік ашуға үзілді-кесілді келіспейтіндігін жеткізген.

Туристер ондағы жәдігерлерді көргісі келетіндіктерін айтқан. Жоғарғы соттың бас кеңесшісі Қанапия Омарханның айтуынша, сот ғимаратында да туристер тамашалайтын жәдігерлер жетерлік:

- Ұзындығы 12 метр, биіктігі 2 жарым метрлік үлкен гобелен бар. Онда Қазақстанның тарихы суреттеледі.

Бірақ, жаңа ерекше туристік бағыт бар қуатымен жұмыс істеп кеткен кезде қорғаныс министрлігі өз көзқарастарын өзгертуі мүмкін деп үміттенеді осы бағытты ұйымдастырушылар. Өйткені, олардың айтуынша, дамыған мемлекеттерде мұндай нысандардың кейбір жерлерін көруге рұқсат беріледі.

Тіпті АҚШ-тың Федералды тергеу бюросы мен Орталық барлау басқармасы туристерге арнап арнайы бағыттар ашқан. Ресейліктер қазірдің өзінде әскери бөлімшелерде туристер үшін, арнайы экстремалды лагерьлер жасаған. Белгілі бір мөлшерде қаржы төлесеңіз, сізге сарбаздардың күн кестесіндегідей тәртіп беріледі.

Украинада Севастополь маңында Балаклава елді мекеніндегі бұрынғы әскери теңіз базасын туристік нысанға айналдыру жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Бұрын ол жерде сүңгуір қайықтар жөндеуден өткізіліпті. Ал, АҚШ-қа сапарында Пентагонды аралап шыққан қазақстандық Төретай Аманбаевтың айтуынша, жабық нысандарды шет елдерде көрген оңай:

- Ол елге барғандағы таң қалғаным - мемлекеттік ғимараттарға тез кіріп шығуға болады. Ал, бізде кедергілер бар.

Т.Аманбаевтің айтуынша, Пентагондағы қаруды, сол елдің өз халқының қауіпсіздігі үшін қанша шаралар жасап жатқандығын көрген кезде, оның еріксіз патриоттық сезімі оянған:

- Америкаға барған кезде ойланасың, адамға қаншалықты сенеді. Демократияның деңгейін сол ғимараттарға кіргенде сезінесің.

«Астана біздің еліміздің жүрегі» деп аталатын туристік бағыт қаладағы шыны және бетоннан жаңадан салынған вокзалдан басталады. Туристік компанияның дүңгіршегі де осы жерде орналасақан. Астананы екі сағат аралатқанға туристік компания әр адамнан 350 теңге талап етеді (қазіргі бағам $1=132). Ал, балалар мен қарттар үшін жеңілдіктер ескерілген дейді туристік бағытты ұйымдастырушылар.
XS
SM
MD
LG