Accessibility links

Ресейде ТМД елдерінен ондаған мың заңсыз мигрант жүр


Осыдан бір жыл бұрын Манзура Холқозиева өз елі Тәжікстанда медбике болып істеген еді. Бірақ, болмашы жалақы, ауыр тұрмыс оны Ресейге қарай ат басын бұруға мәжбүр етіп, Мәскеуден бір-ақ шығады.

Манзура қазір Мәскеудің орталығындағы бір кеңседе еден жуады. Айлығы – 500 доллар. Ал, Тәжікстанда медбике ретінде айына 10 доллар алатын. Сыбайлас полиция мен мейірмсіз қожайындардың қолында аса ауыр жағдайда жұмыс істеп жүргендермен салыстырғанда, ол өзінің бұл табысына дән риза.

Дегенмен, бұл 500 доллардың өзі Мәскеу секілді тіршілік өте қымбат қалада әйтеуір тұрмысқа әрең жетіп жатады. Айлық табысын үнемдей отырып, Манзура елдегі туыстарына жүздеген доллар ақша жіберіп тұрады. Сіңлісі және екі інісі - төртеуі бірігіп 300 долларға бір бөлме жалдайды. Өз қажетіне жұмсалатын 50 доллардан өзгесін Тәжікстанға жөнелтеді. Ресей астанасында Манзураның жолы болып, ресми түрде тіркелген, ол соған қуанады.

- Өз елімде тапқаным тіпті жол көлігіме әрең жететін. Ал бұл жерде жолға және тамаққа 1500 рубль, яғни 52 доллар төлеймін. Қалған тапқанымды үйге жіберемін. Бірер баспанаға жететіндей ақша жинағаннан соң елге қайтармын. Бірақ, әзірше Ресейде өмір сүру жақсы, жұмыс тапса болады. Мұнда көңілді жүруге де болады, - дейді Манзура.

Манзура Тәжікстанда қолын дезинфекция жасаймын деп мұздай суға салып, талай рет суық тиіп ауырғанын айтады. Ондағы аурухананың өзінде он жылдан бері ыстық су болмаған екен.

- Тәжікстан - әлемдегі сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батқан елдердің бірі. Халықтың басым көпшілігі тақыр кедей, - дейді Манзура.

Ал қазіргі жұмысының арқасында Манзураның өмірге, болашаққа деген сенімі қайта оянғандай. Бірақ, басқа он мыңдаған тәжік мигрантының ахуалы онша мәз емес. Мәскеудегі адам құқықтары тобының Миграция және құқық жөніндегі бөлім басшысы Гаухар Жораеваның айтуынша, Мәскеуде жүрген 40 мыңдай тәжіктің табысы күнкөріске әрең жетеді. Олардың көбі - құрылысшы немесе базарда арба сүйретуші екен. Гаухардың айтуынша, әлгіндей қара жұмыста жүрген тәжіктер көбінесе қараңғы подвалдарда мал қорадағыдай жаппай бірге жатады екен.

- Мәскеудегі мигранттардың тұрмыс-тіршілігі әрқалай. Тіпті, өте ауыр деуге келеді. Мысалы, Черкизов базары маңайындағы жертөлелерде 300-400-ге дейін адам тұрады. Ешқандай жағдай жоқ. 2-3 отбасы болып жалға алатын пәтеріңіз өте қымбат. Жалпы, жағдай қиын, - дейді Г.Жураева.

Мәскеудегі мигранттардың негізгі бөлігі бұрынғы советтік аймақтан. Одақ құлағаннан кейін ол аймақтағы тұрмыс барынша нашарлап, жұмыссыздық жайлаған соң, күнкөріс қамымен шетелге шығып кеткен мигранттардың көбінде тиісті құжат жоқ, сондықтан олар жемқор полицияның жемтігіне де айналады. Бірер қорлық-зорлыққа кездессе өздері заңсыз жүргендіктен заң орындарына шағымдана алмайды.

- Фирмалардың 90 пайызы шетелдік мигранттарды жұмысқа алу құқығына ие емес. Оның механизмі өте күрделі. Сондықтан, көптеген жұмыс берушілер әу бастан-ақ заңды белінен басып, қызметкерді жалға алады. Ал, әлгі жұмысшылар құл деңгейінде жұмыс істейді. Сондай жағдайда жүрген 100 мыңдаған жұмысшы мигрант заң жүзінде өз құқықтарын қорғай алмайды, - дейді Г.Жураева.

Ең үлкен Черкизовский базарындағы саудагер, сатушы, арбашылардың көбі - Орта Азия мен Қапқаздан келген заңсыз жұмысшылар. Олар жұмыстарынан айырылып қалмауы үшін тілшілердің сұрақтарына жауап беруден де қорқады. Базардың сырт жағында темекі тартып тұрған 14 жастағы Марат қана ішкі сырын біршама ашып айтты. Ол мұнда әкесімен бірге Әзербайжаннан келіпті, қазір базарда зат сатуға көмектесіп жүр. Олар базар жанындағы тар бөлмені 3 кісі жалдап тұрып жатыр екен. Бірақ, Марат тәжікстандық Манзура секілді емес - бұл араға онша құштарлығын таныта қоймады.

- Орыстар кейде олай, кейде бұлай. Бірде - жақсы, бірде - жаман. Олар көп ішеді, көп шегеді. Мен анамды сағындым. Үйде қарындасым, бауырым бар. Оларды да сағындым, - дейді Марат.

Полиция кейде әкеме де, өзіме де тиісіп тұрады дейді жасөспірім. Бірақ, ол себебін айтпайды. Мараттың әкесі дәрігер екен. Бакудегі жалақысы айына 35 доллар болыпты. Ондай табыспен отбасын асырай алмағаннан соң, жанына Маратты алып, тәуекел деп Мәскеуге тартыпты.
XS
SM
MD
LG