Бүгін ОБСЕ ұйымының баспасөз өкілі Миклос Харазти жария еткен хабарламада Өзбек билігінің бірнеше Ресей және Батыс журналистеріне қорлық көрсеткені турасында мысалдар келтірілген. Харазти Әндіжанға бармақшы болған кейбір жергілікті және шетелдік тілшілердің біраз уақытқа ұсталғандығын да айтқан. Ол сондай-ақ биліктің Әндіжандағы қантөгісті оқиға туралы жазған веб-сайттарды ашылмайтын етіп, жауып тастағанын да сынады. Хабарламада, сондай-ақ, мерт болғандардың нақты саны турасында әлі де біркелкі пікірдің жоқтығы да айтылған.