Халықаралық симпозиумға арнайы келген АҚШ-тың мемлекеттік хатшысының халықаралық қауіпсіздік пен қару-жарақты бақылау жөніндегі орынбасары Роберт Джозеф АҚШ президенті Джордж Буштың симпозиум жұмысына жиналғандарға жолдаған хатын оқып берді. Роберт Джозеф мырзаның айтуынша, Қазақстанның күші ядролық қаруға емес, әлемдік қауымдастықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасауында болып табылады. Сондай-ақ ол өз сөзінде Қазақстан мемлекетінің әлемдегі ең алғашқы елдердің бірі болып ядролық қарудан бас тартқандығына ризашылығын білдірді.
Халықаралық симпозиум жұмысында сөз сөйлеген Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ядролық әлеуетті қысқарту жөніндегі шартты қайта қарау қажеттілігін атап өтті. Президент Назарбаевтың айтуынша, АҚШ пен Ресей секілді алып державалар ядролық арсеналды азайтуға қатысты ең алдымен өздері үлгі көрсетуі тиіс.
«Бүгінгі уақытта әлемде пайда болған келісімдерге қатысты мынандай ахуал қалыптасты. Біреулерге қарудың болуы және дамытылуы рұқсат етіледі, ал басқа біреулерге ондай рұқсат берілмейді. Бұл дұрыс емес. Сондықтан, әлемдік мағынада және Біріккен Ұлттар Ұйымының шеңбері негізінде бұл келісімдер барлық мемлекеттердің қатысуымен ядролық арсеналды азайту жағына байланысты қайта қаралуы тиіс», - деді Қазақстан президенті.
Сондай-ақ, бейбіт мақсатта энергетикада қолдануда NTI қорымен бірлесіп жоғары байытылған уранды аз байытылған уранға өңдеу жөніндегі бірегей жоба жасалғанына тоқталған Нұрсұлтан Назарбаев, симпозиумға қатысушыларды қазіргі уақытта осы жобаның аяқталуға жақын екендігінен хабардар етті.