Accessibility links

Қытайдың Қазақстанға ықпалы қалай өрбуі мүмкін?


Алматыда сәрсебі күні бірқатар тәуелсіз саяси сарапшылар «Қазақстан экономикасындағы Қытайдың ықпалын зерттеу» тақырыбына арналған жиында мыңдаған жылдық тарихы бар, қазірде қарқынмен дамып келе жатқан Қытай елінің көрші болуы тәуелсіздігіне небары 15 жыл болған Қазақстан мемлекетінің қауіпсіздігі үшін қатер емес, егер тиімді түрде қарым-қатынас жасаса ол – игілік» деген қортынды жасады.

Қытай мәселесіне арналған бұл жиынды Алматыда жаңадан ашылған «Қазақстан экономикасына мониторинг жасау және зерттеу орталығы» ұйымдастырды. Оған себеп, жақында Қазақстан парламент депутаттары «Қытай Қазақстанның мұнай саласын жайлап болса да басып алып жатыр» деп шу көтеріп, «Қазақстан экономикасына қауіп бар» деген мәселені қозғаған еді. Сәрсебі күнгі жиында тәуелсіз сарапшылардың бұл мәселеге қатысты пікірі сан алуан әрі бір-біріне кереғар болып жатты.

«Дегенмен Қытай тарапынан төнген қауіп туралы әңгімені көбіне-көп саясаткерлер қозғайды» дейді тәуелсіз «Тәуекелді зерттеу» орталығының директоры Досым Сәтпаев.

- Ал сарапшылар қауымдастығы болса Қытаймен көршіліктің оң жағы мен қоса теріс жағы да бар екенін айтып отыр. Кейбір әлемдік болжам бойынша 2025 жылдары Қытай дүние жүзіндегі дамыған деген екінші ел болмақ. Сол мерзімдерге қарай Үндістан мен Ресей де дамыған деген мемлекеттер клубына кірмек. Сондықтан Қытай сияқты қарқынды даму үстіндегі елмен көрші болу Қазақстан сияқты елге оң ықпалымен қатар теріс әсері де болуы мүмкіндігін мойындау керек. Бірақ, Қытайға «жау» деп қарау дұрыс болмаған болар еді. Қытайдың Қазақстандағы инвестициялық саясаты әлемнің басқа да елдеріндегі саясаттан еш айырмашылығы жоқ деп ойлаймын. Олардың бәрінде де Қытай мұнай-газ саласына белсенді араласуда. Себебі түсінікті де. Олар жанар-жағар майдың 70 пайыздайын сырттан тасымалдайды, тапшылық өсе түсуде. Сондықтан олар осындай белсенді саясат көрсетуде. Бірақ олар Қазақстандағы шикізат саласынан басқаға инвестиция салды ма?! Мен оған күмәндымын. Оның үстіне Қазақстан ДСҰ-на кіретін болса, Қытайдаң алдында бәсекелестікте ұтылатынымыз белгілі. Бірақ олар «Қазақстанды жайлап болса да саяси, демографиялық, экономикалық тұрғыдан жаулап алу саясатын жүргізіп отыр» деу - қауесет! Қазір олар біздің республикадағы өз орындарын біртіндеп нығайтып алу саясатын қолданып жатыр. Бірақ, бір таң қаларлығы, қазір мемлекеттік құрылым болсын, көші-қон полициясы болсын, статистикалық органдар болсын - Қазақстанда қанша Қытай азаматы бар екенін дәл айта алмайды. Бұл жағы еш бақылаусыз қалып отыр. Қауіп болса тек осы жағынан болуы мүмкін, - дейді Сәтпаев мырза.

Ал тәуелсіз «Ұлттық зерттеу орталығының» маманы, «Ақ жол» партиясының мүшесі Бөріхан Нұрмұхамбетов «Қытаймен қарым қатынаста алдын ала бір шарттарды белгілеп алу керек те, сол шарттардың шегінен шығармай қарым қатынас жасаса - еш қауіп жоқ» дейді.

- Біздің қауіп тұтатынымыз - Қытай азаматтары осында жұмыс істегенде көбейіп кете ме деген әңгіме. Сол үшін алдын-ала шарттар қабылдасақ. Мысалы үшін, олар біздің - Қазақстанның жұмысшыларымен бірдей жағдайда жалақы, жұмыс орнымен қамтамасыз етілсе. Әлгі Атыраудағыдай жағдайдың алдын алсақ деген ой ғой. Екінші мәселе, үлкен базарларда біздің азаматтармен қатар Қытай азаматтары жұмыс істейді, бірақ олар ерте тұрып, кеш жатып ерінбей жұмыс істейді ғой, ал біздің азаматтар бұл жерде ұтылады да, бірте-бірте жұмыс орнынан айрылады ма деген қауіп бар. Оны да реттеу керек. Қандай қарым-қатынас болмасын біз өзіміздің мүддемізді қорғауымыз керек, сонда көршімен тату-тәтті өмір сүре аламыз, - деді Б.Нұрмұхамбетов.

Ал «Мир Евразии» жорналының редакторы Эдуард Полетаев болса «Қытайлықтар теңіз жағалап қоныстануды қалайтын халық, сондықтан олардың Қазақстанға келу қаупі аз» деп есептейді.

- Қытай Қазақстанды өзіне терезесі тең дәрежедегі ел деп қабылдаған емес. Ол шекара мәселесін реттегенде де байқалды, қазіргі сауда-саттық қарым қатынастағы экспорт-импорттық баланста да байқалады. Ол қазір Африка елдеріне де кірігіп, шикізат рыногы ретінде қарап отыр. Олар үшін Қазақстанның мұнайы Ресей мұнайынан арзан емес. Тіпті, Қиыр шығыстағы Ресей мұнайы олар үшін тиімді де және олардың ауаны сол жақта. Қытайлықтар да сол жаққа көптеп қоныс тебуде. Қазақстан үшін қауіп жоқ, - дейді Полетаев.

«Қоғамдық проблемаларды талдау орталығының директор орынбасары Қанат Берентаев Қытай қаупін ушықтырып жүргендер - батыстың мүддесін көздеушілер деген ой айтады. Қандай болғанда да мыңдаған ғасырлық көршілік дәстүрі бар Қазақстан үшін басталып кеткен ғаламдану процесі жаңа бір беймәлім жұмбақ сауал тастап тұрғаны анық, бірақ оған әзірге нақты жауап жоқ.
XS
SM
MD
LG