Accessibility links

Ыстықкөл жеріндегі Қазақстан пансионаттары қайтадан Қырғызстанға берілуі мүмкін бе?


Ыстықкөл жеріндегі Қазақстан пансионаттары қайтадан Қырғызстанға берілуі мүмкін. Қырғызстан билігі өздерінде жұмыс істеп жатқан шет ел оның ішінде қазақстандық инвесторлардың келісім-шарттарын қайта қарастыруы мүмкін. Бұл туралы жұма күні «Азаттық» радиосына Жоғарғы Кенеш төрағасының орынбасары Эркинбек Алымбеков мәлімдеді. Бұл мәселеге пікір білдірген қазақстандық сарапшылар қырғыз жерінде жұмыс істеп жатқан қазақстандық инвесторлар бұдан айтарлықтай зардап шекпейді, дегенмен екі ел арасында жасалған келісім-шарттар стратегиялық мәселе екенін ескерсек, құжаттардың тұрақты болғаны дұрыс, дейді.

Қырғыз Жоғарғы Кенеші төрағасының орынбасары Эркинбек Алымбековтің мәлімдеуінше, Ыстықкөл облысының жерін сатуға Қырғызстан заңнамалары тиым салады. Сол себептен Ыстықкөлдегі Қазақстан пансионаттарының Қазақстанға берілуі заңсыз болып табылады.

«Осыдан екі күн бұрын құзіреті кеңейген қырғыз парламенті үкіметті қалыптастырып, оның жұмысына бақылау жасайды. Жоғарғы Кенеш ертерек жасалған келісімдерді қайта қарауға дайын. Осыған дейін Бакиевпен оның үкіметі жасаған келісімдер күшін жоюы мүмкін. Өйткені, бұл бұрынғы биліктің қателігін қайталауы ықтимал», дейді Эркинбек Алымбеков.

Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиев осыған дейін Алматыға келген сапарларының бірінде тұралап жатқан ел экономикасын көтеру үшін Қырғызстанда шетел инвесторларын, әсіресе Қазақстан капиталын тартуға мүдделі екендіктерін айтып, қырғыз жеріне келген қазақ кәсіпкерлерінің белсенді жұмыс істеуіне бар мүмкіндік жасалатындығын айтқан еді.

Қазақстандық экономис Оразалы Сәбден: «Эркинбек Алымбеков депутат болған соң жоғарыдағыдай пікір білдірген болар. Алайда, ол екі ел арасында жасалған шарттардың стратегиялық құжат екендігін естен шығармағаны жөн. Сол елдегі пансионат болсын, қазақ бизнесмендерінің инвестициясы, банктердің бөлімшелері болсын түбегейлі қалулары керек. Егер келісім-шарттарды қайта қарап, алып қоятын жағдайлар болса, бұл екі елдің экономикасына кері әсер етеді. Алайда бұдан Қазақстан инвесторлары айтарлықтай зардап шеге қоймайды. Керісінше Қырғызстан өз экономикасының дамуына кедергі жасап, мемлекет қазынасына түсетін қаржыны азайтады. Себебі, дүние жүзілік экономикалық бәсекелестікте, Давос форумының бағалауы бойынша, Қырғызстан ең соңғы 117 орында тұр. Ал Қазақстан биылғы жылы 56 орынды иеленді. Сондықтан қазақ инвесторларының жұмыс істеуіне қырғыздар мүдделі болуы керек. Бұл үлкен стартегиялық мәселе. Қырғызстанның президенті, парламенті экономикалық қарым-қатынасты тұрақты ұстауға тырысып, жоғарыдағыдай мәселеге жол бермейді деп ойлаймын», дейді.

Жаңа конституцияны қабылдап, президенттік-парламенттік республикаға айналған Қырғызстан кез-келген мәселені өз қалауларынша шеше алады. Алайда, олар мынадай мәселені естен шығармағандары жөн, дейді мәжіліс депутаты Ерасыл Әбілқасымов.

«Қырғыз халқының көпшілігі Қазақстанға келіп еңбек етіп жатыр. Сол себептен қайта оларға Қазақстанмен қарым-қатынасты жандандыруды ойлау керек. Себебі, біздің тек бюджетіміз 2 триллион 135 млрд. теңгеге жетті. Ал Қырғызстанның бюджеті 0,5 млрд.-қа жетпейді. Сондықтан қырғыз ағайындар бұл мәселені саясатқа айналдырмай қазақстандық инвесторларға арқа сүйеп, бірге болайық деген ұстанымда болу керек», дейді Е.Әбілқасымов.
XS
SM
MD
LG