Accessibility links

«Бутя-Капитал» қорының басшыларына сот ісі жалғасты


Алматыдағы Алмалы аудандық сотта «Бутя-Капитал» атты жекешелендіру қорының басшылары – Болат Әбілов, Бауыржан Қарабеков және Уәлихан Бекбосынның үстінен 4-ші желтоқсанда басталған сот ісі сәрсенбі күні екінші отырысын өткізді. Бірақ айыпталушы Бауыржан Қарабековтың науқастанып емханаға түсуі себепті, 15 минуттан соң сот айыпталушы жақтың жаңа жақтаушылары «сот ісімен танысуға бір жарым ай уақыт беріңіз» деген өтінішіне қарамай, келесі отырысын 2007 жылдың 10 қаңтарында болады деп бекітті.

Айыпты деп сотқа тартылып отырған тұлғаларға «Бутя-Капитал» жекешелендіру қорын басқарған кезде қызмет бабын асыра пайдаланып, жеке бас пайдасы үшін әр түрлі құйтырұы әрекеттермен көптеген қаржыны жымқырған деген айып тағылып отыр. Сотқа телевизия және фототілшілер қатыстырылмай отыр.

«Бутя-Капитал» басшыларының үстінен өтіп жатқан сот ісінің 20-шы желтоқсандағы 15 минутқа жетер-жетпес отырысын ауыз толтырып сот отырысы болды деп айтуға да болмас. Себебі айыпталушылардың бірі - Бауыржан Қарабековтың науқастанып емханаға түсуі себепті сот кейінге қалдырылды. Десе де айыпталушы Болат Әбілов 12 желтоқсанда өзіне екінші жаңа жақтаушы – Александр Розенцвайгты таңдағанын білдік. Ол сотқа өтініш те білдіріп көрді.

«Мен 12 желтоқсаннан бері 130 томдық сот ісінің тек 63 томымен танысып үлгердім. Екі жылдай тексерісте болған бұл іспен мұқият танысу үшін біздерге, жақтаушыларға кем дегенде бір жарым ай уақыт беріңіз. Өйтпеген жағдайда мен сізге келесі сот отырысына дайын болмайтындығымды мәлімдегім келеді. Ал заң бойынша сіз жақтаушыларға жеткілікті уақыт беруіңіз керек» - деген Розенцвайгтың өтінішіне сот төрағасы Гүлнар Исаханова ханым: «Біз сіздерге сот ісімен танысуларыңызға алдымен 10 күн, одан соң 16 күн бергенбіз. Енді тағы да 20 күн береміз, сонда бәрі 46 күн болады. Бұл сіздер үшін жеткілікті уақыт болуы керек деп есептеймін» деп соттың келесі отырысын 2007 жылғы 10 қаңтарына бекітті.

Бұл жағдайға негізгі айыпталушы Болат Әбілов мырза былай деген көзқарас білдірді:

«Біздің жақтаушыларымыз дайын емес. Сондықтан олар бүгін тағы қосымша уақыт сұраған еді сот төрайымы оны қанағаттандырмады. Жоқ, уақыт жоқ деп сотты бастайық дейді. Сол, менің ойымша әділетті сот болмайды... Ақырын көреміз».

Ал Қарабеков Бауыржанның сырқаттанып қалуының себебі осы сот ісіне тікелей байланысты дейді оның жақтаушысы Мұстахим Төлеев. Себебі, олар 18-желтоқсанда сот ісінің кейбір томдарымен мұқият танысу барысында Ақтөбелік 18 азаматтың «Бутя-Капитал» жекешелендіру қорынан дивидент ретінде әрқайсысы 300 мың теңге көлемінде қаражат өндіріп алмақшы екендігі, ал Көкшеталық 12 азамт 200 мың теңгеден алмақшы екендігі, тіпті Мюсикова деген бір азаматша бір миллион доллар қаржы талап етіп отырғандығы анықталыпты.

«Мысалы, бір азаматша – бір миллион доллар талап етіп отыр. Ал «Бутя-Капиталға» тағып отырған айып мөлшері бар-жоғы 305 миллион теңге. Одан басқа қылмыстық іс бойынша арызданушылар 747 адам. Солардың 550 адамы жәбірленуші болып танылғанына қарамастан бір тиын да сұрамапты. Зиян келтірілді деген қаржының сомасын көрсетпеген. Соған қарамастан қаржы полициясы негізсіз ойдан шығарып айып таққан. Соның бәрін естігеннен кейін « біздің мемлекетімізде ешқандай әділеттік, заңдылық жоқ екен» деп, Бауыржан Қарабеков науқастанып қалды. Ол өзі қант диабеті мен қан қысымы бойынша арнаулы тіркеудегі адам. Қазір ауруханада жатыр» - дейді Қарабековтың жақтаушысы Мустахим Төлеев мырза.

«Бутя-Капитал» жекешелендіру қорының, елдегі 170-тей қор ішінде дивидент төлей бастаған жалғыз қор болғанына қарамай, сотты болып жатқанына алаңдаушылық білдіріп парламент депутаттары Амалбек Тшанов, Болат Абишев, Тохтар Әубакіровтер 15 желтоқсанда үкімет басшысы мен бас прокурорға сұрау салған болатын. Онда олар екі мәселе көтерген болатын. Біріншісі «елдің аса күрделі тарихи кезеңді бастан кешіру уақытында жаппай орын алған азаматтардың жеке меншік құқықтарының бұзылуына қарсы шара ретінде әлеуметтік әділдікті осындай таңдамалы түрде іріктеп іске асыру тәжрибесі елдегі тұрақтылықты сақтауға және нығайтуға септігін тигізеді деп есептейсіз бе? Екіншісі – елдегі басқа да жекешелендіру қорларының жұмыстары жаппай тексеріске алыну жоспары бар ма ?» деген сауалдар болатын. Заң бойынша депутаттар бұған бір ай ішінде жауап алуы керек.
XS
SM
MD
LG