Ресей қорғаныс министрінің бес орынбасары сәрсенбі күні АҚШ қаржы министрлігінің санкция тізіміне енгізілді. Тізімде Ресей президенті Владимир Путиннің немере қарындасы Анна Цивилева және бұрынғы премьер-министр Михаил Фрадковтың ұлы Павел Фрадков та бар.
Тізімде 30-дан астам адамның аты-жөні аталады. Ресейліктерден бөлек, онда Үндістан, Қытай, Түркия, Швейцария, Черногория және Чили азаматтары да бар.
Санкция жүзден астам ресейлік және шетел компаниясына салынған, арасында "Чип и Дип", "Сталепромышленная компания", өткізгіштер шығаратын "Ангстрем" компаниясы, авиация және ғарыш жүйесінің бөлшектерін шығаратын "Звезда", Инженерлік физика институты және өзге де мекемелер бар.
Санкция салынған жеке тұлғалар АҚШ-қа бара алмайды, олардың сондағы активтері бұғатталады. Тізімдегі компаниялардың да активтеріне шектеу қойылып, америкалық фирмаларға олармен кез келген келісім жасауға тыйым салынады.
ПІКІРЛЕР