Accessibility links

Қазақстанның азаматтық әуе тасымалы саласында бәсекелестік болмағаны кімге тиімді?


Қазақстандағы жалғыз ұлттық әуе компания – «Эйр Астананың» құрылғанына биыл бес жыл толды. Алайда осы уақыттан бері оның 49 пайыз акциясына иелік ететін британиялық «BAE System» компаниясы Қазақстанға бірде бір инвестиция құймаған деп сынға алынды.

«Эйр Астана» осы уақытқа дейін тек мемлекет тарапынан қаржыландырылып келеді екен. Бірақ, соған қарамастан, Үкімет тарабы әзірге Қазақстанға баламалы әрі бәсекелес әуе компанияның қажеті жоқ деп отыр. Ал Парламент депутаттары «Эйр Астананың» қызмет көрсету деңгейі халықаралық талаптарға мүлдем сәйкес келмейді дейді.

Қазақстанның Көлік және коммуникация министрі Серік Ахметов Парламент депутаттарынан ұлттық компания «Эйр Астананы» сынауды қойып, оған қолдау көрсетуін сұрады.

«Эйр Астана» - азаматтарды тасымалдайтын Қазақстандағы жалғыз ұлттық компания болып саналады. Бірақ, соған қарамастан осы күнге дейін бірде-бір өзіне тиесілі ұшағы жоқ көрінеді. Осылай деп Көлік және коммуникация министрі Серік Ахметов дүйсенбі күні мәлімдеді.

«Эйр Астананың» алған ұшақтарының барлығы лизингке алынғандар. Өзінің меншік паркі жоқ қазір», - деді министр.

«Эйр Астананың» 51 пайыз акция пакеті мемлекеттік «Самрұқ» компаниясының еншісінде. Ал 49 пайызына Британияның «BAE System» компаниясы иелік етеді. Бұл компанияның құрылғанына бес жыл болғанымен, Мәжіліс депутаты Амангелді Таспиховтың айтуынша, шетелдік компания тарапынан инвестиция бөлінбеген.

«Шетелдік компания жарғылық капиталға бір де бір ақша бөлмеген», -дейді депутат.

Осыдан бірер жыл бұрын Парламент депутаттары «Эйр Астананың» қызметіне наразылықтарын білдіріп, компанияны тексеру үшін арнайы комиссия құрған болатын. Алайда, ол комиссияның жұмысы белгісіз себептермен тоқтап қалған еді. Содан бері әуе компаниясының қызметі «баяғы жартас сол жартас» күйінде қалып отыр дейді Мәжіліс депутаты Нұрбах Рүстемов.

«Ондағы өзгеріс - тек басшысы ғана өзгерді. Басқа өзгеріс болған жоқ деп ойлаймын. Сапа жөнінен, тарифтер жөнінен әлі өз деңгейінде қызмет көрсете алмай жатыр. Өйткені, неге жолаушылар тарапынан оларға үнемі нарызылық туады? Ол елдегі жалғыз ұлттық тасымалдаушы. Жалғыз болғаннан кейін ол міндетті түрде монополист болады. Монополист болғаннан кейін, әрине, ойына келген бағасын қояды. Ал 49 пайыз акциясына иелік ететін британиялық компания неге өз ақшасымен келмейді? Олар бізге жаңа техника алып келсін», - деген уәж білдірді депутат Н.Рүстемов.

Қазақстанның Көлік және коммуникация министрі Серік Ахметов болса әуе компаниясының 49 пайызына иелік ететін «BAE System» компаниясы қаржы бөлмейді деген депутаттардың пікірлерімен келіспейді. Министрдің айтуынша, 2006 жылы аталған компания ұшақ сату алу үшін 5-6 млрд. теңге бөлуге дайын болған екен. Бірақ, Қазақстан тарапы дер кезінде сондай көлемдегі ақшаны бөлуге дайын болмапты. Яғни, шетелдік инвесторлардың ақша бөлмеуіне мемлекеттің өзі кінәлі екен.

Алайда министрдің бұл айтқанына Мәжіліс депутаты Нұрбах Рүстемовтің көңілі толмады.

Мәжіліс депутаты Амангелді Таспихов өзінің жұмыс барысымен үнемі «Эйр Астананың» ұшақтарымен ұшатындығын айтады. Депутатқа ондағы қызмет көрсету деңгейі ұнамайды екен. Сондықтан да ол Қазақстанға бәсекелес әуе компаниялары қажет деген пікірін айтты:

«Басқа компаниямен салыстырғанда бұл компанияның шоқтығы әлдеқайда төмен. Бір стюардесса жоқ бүкіл компанияда қазақша дұрыс сөйлейтін. Бұл компанияның бағасы әлдеқайда қымбат».

Бірақ, министр Серік Ахметовтің сөздеріне сенсек, Қазақстанға әуе компаниялар арасында бәсеке болуы тиімсіз екен.

«Өйткені, әуе нарығында құрылған жүйе бұзылады. Сондықтан да бұл компанияны қаласақ та, қаламасақ та қолдауымыз керек», – деді Көлік және коммуникация министрі.

Осыған дейін Қазақстанның әуе кеңістігінде «Эйр Қазақстан» деген ұлттық әуе компаниясы болған. Үкімет оның сатылған акциясын бюджеттен қаржы бөліп, мемлекетке қайтарып алған болатын. Сол кездері «Эйр Қазақстанға» баламалы «Эйр Астана» әуе компаниясы құрылды. Көп ұзамай «Эйр Қазақстан» банкрот деп жарияланып, жабылып қалды.

«Ал «Эйр Астананың» 49 пайыз акция пакетін Британияның «BAE System» компаниясы қалай иелік еткені бізге құпия, біздің білетініміз біреу ғана – қазіргі бас министр Кәрім Мәсімов Көлік және коммуникация министрі болып тұрған кезінде Парламентке келіп, осы «BAE System» компаниясы Британияның үлкен әуе компаниясы екенін дәлелдеп берді. Бірақ бұл тек қорғаныс жағында жұмыс істейді екен. Азаматтық авиацияға ешқандай қатысы жоқ компания екен», - дейді Мәжіліс депутаты Нұрбах Рүстемов.
XS
SM
MD
LG