Accessibility links

Түркіменстан жаңа басшы тұсында бейтараптығын сақтай ала ма?


Қазақстандық саясаттанушылар Түркіменстанда 11 ақпан күнгі сайлау нәтижесінде билікке келетін жаңа президент жайында әр түрлі пікірлер білдіріп отыр. Бір саясаттанушылар жаңа президенттің жүргізетін ішкі саясатын анықтамай, Түркіменстанның сыртқы саяси бағыттары туралы айту қиын десе, енді біреулері Түркіменстан баяғы қалпынша бейтарап саясат ұстана алмауы мүмкін деген пікірлер айтады.

Алматыда орналасқан Орталық Азиядағы демократияны дамыту қорының президенті Еркін Тұқымов Түркіменстандағы билікке Түркіменбашы Ниязовтың саясатын жалғастырушылардың бірі келеді дегенімен, саясатта бәрібір өзгерістердің болмай қоймайтынын айтады. Оның пікірінше, бұл жағдай Түркіменстанның ішкі де, сыртқы да саясатында орын алмақ.

- Меніңше, Түркіменстан Ресей, Украина және Орталық Азия елдерімен қатынастарға көбірек көңіл бөлетін сияқты. Өйткені, Бердімұхаммедовке ең алдымен бұрынғы көршілес республикалардан, әсіресе, Ресейден кепілдік керек, әріптестер керек. Батыс елдері Түркіменстанда демократияландыруды көксейді. Ал Ресейге Түркіменстанның демократияланғаны емес, Мәскеуді тыңдайтын, онымен қарым-қатынасты сақтап тұра алатын адам керек. Сондай-ақ Түркіменстан баяғыдай емес, енді Орталық Азия елдерімен байланыстарын тереңдетуге белгілі бір қадамдар жасайды деп ойлаймын, - дейді Еркін Тұқымов.

Ал саясаттанушы Болатхан Тайжан Түркіменстан бейтарап саясатынан еш ұтылған жоқ дей келіп, қазіргі басшылық сол саясатты жалғастыруға тырысады деген пікір айтады.

- АҚШ-та, Ресей де Түркіменстанға үкімін жүргізгісі келеді. Ал Түркіменстан барлығымен біркелкі саясат жүргізіп, ешкіммен жауласпай отыр. Соған қарағанда бейтарап саясат жүргізу ұтымды ма деп ойлаймын. Бұдан олар ешбір жамандық көрген жоқ, - дейді Болатхан Тайжан.

Ал Еуразиялық саяси зерттеулер орталығының директоры Рүстем Лебеков «Түркіменстан ішкі саясатта оң өзгерістерге қол жеткізсе де, сыртқы саясатта бұрынғыдай бейтарап саясат жүргізе алуы екіталай» дейді.

- Ашхабад бейтараптығын сақтауға тырысқанымен, ол енді оңайға соқпайды. Алдағы 2-3 жылда Түркіменстанның сыртқы саясатында өзгерістер пайда болады деп ойлаймын. Сондай-ақ, Түркіменстан бұрынғыға қарағанда ашық мемлекет болады. Бірақ, бұрынғы саясаттың сарқыншақтары Түркіменстандағы саяси процестердің баяу жүруіне әсер етпек. Сапармұрат Ниязов өз саясатында тәуелсіз болды. Ал қазіргі президент әскери топтың ықпалындағы адам. Сондықтан алғашқыда оның үлкен өзгерістерге баруы екіталай, - дейді Рүстем Лебеков.

Ал саясаттанушы Шәріпбек Әмірбек Түркіменстанның алдағы уақыттағы сыртқы саяси бағыттары жөнінде мынадай пікір келтіреді.

- Түркіменстан басқа рыноктарға газын Ресей арқылы жеткізіп отыр. Бұл үрдістің сақталып қалатын түрі бар. Өйткені, Түркіменстан газына Пәкістан мен Үндістан құмартып отырғанымен, құбырдың Ауғанстан арқылы жүруі бұл жобаның болашағын көмескілетеді. Сондықтан Түркіменстанға Мәскеумен бұрынғы қарым-қатынасын сақтап қалған дұрыс. Мұнымен қоса, басқа да құбырлар салу үшін Түркіменстанға көпвекторлы саясат жүргізу керек болады, - дейді саясаттанушы.

Түркіменстандағы президент сайлауының ресми қорытындысын жариялау мен президент инаугурациясы 14 ақпанға жоспарланған.
XS
SM
MD
LG