Accessibility links

Сөзіне ешкім құлақ аспаған кәсіпкер қылмыстық істі мақаламен ашып берді


Алматылық кәсіпкер Анатолий Ахметов Алматы облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Бағдат Майкеевті одан 1993 жылы қолхат арқылы алған 50 мың теңгесін қайтарып бермей, қорқытып-үркіткені үшін заң алдында айыпты деп отыр. Алайда ол бұл істі құқық органдарына жеткізу бос әурешілік деп тауып, оқиғаның мән-жайын халыққа жариялағанды дұрыс деп есептеген. Кәсіпкер мен шенеунік арасында бұдан бірнеше жыл бұрын болған оқиғаның мәтіні 2007 жылдың 1 ақпаны күні «kub.kz» сайтында жарияланған болатын.

«Азаттық» радиосы тілшісіне берген сұхбатында алматылық кәсіпкер Анатолий Ахметов қазіргі Алматы облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Бағдат Майкеевті өзінен 1993 жылы қарызға ақша алып, кейіннен қасақана қайтармай қойғанын айтты. Анатолий Ахметовтың айтуынша, сол кезде үшін көп ақша болып есептелетін 50 мың теңгенің қайтарылмау кесірінен ол біраз жылға кәсіпкершілікпен айналысудан қол үзіп қалған.

- Сол кезде милиция майоры болып жүрген Бағдат Майкеев менің кәсіпкершілікпен жемісті айналысып жүргенімді көріп, менен 3 айдан кейін қайтарып беремін деп, 50 мың теңге алған болатын. Ол кезде 50 мың теңгеге Алматыдан бірнеше пәтер сатып алуға болатын еді. Әрине, мен үшін ол ақшаны тауып беру оңай болмады. Мен ұзақ келіссөздерден және оның құқық органдарының қызметкері екенін білгеннен кейін оған қолхатпен қарыз бердім. Алайда, 3 ай өткен соң екеуіміз кездескенімізде ол ақшаны қайтармайтынын айтты. Қажетті қаржының жоқтығынан мен өз бизнесімді тоқтатуға мәжбүр болдым, - дейді Анатолий Ахметов.

Кәсіпкер Ахметов өзінің ақшаны қайтару жолындағы мұнан кейінгі әрекеттерінің де бос әурешілік болғанын айтады.

- Мен оған екінші мәрте қайта барғанымда, Бағдат Майкеевті таппайтынымды білдім. Ол іс-түссіз жоқ болып кетті. Жұмысында ол туралы ешкім тіс жарып айтпады. Мұнан кейін, мен басымнан өткен оқиғаларға қарап, одан ақшамды қайтарып алудың мүмкін емесін көрдім. Дәлірек айтқанда, Майкеевпен байланыс орнатқаннан кейін маған рэкетирлер жиі келіп, қорқытып кетіп тұрды. Бір жолы екі автокөлігімді өртеп жіберді. Мұның бәрін Майкеевтің «маған күні түссін» деген жоспармен қолдан жасап отырған деп сездім, өйткені, сол жылдары кәсіпкерлердің көпшілігі мықтыларға арқа сүйеп қана жұмыс жасай алатын - дейді Анатолий Ахметов.

Осы оқиғаға байланысты Алматы облыстық ішкі істер департаментіне хабарласқанымбен, Бағдат Майкеевтің сұхбат беруге қолы бос болмай шықты.

Ал осындай қиындықтар көргеніне қарамастан, Анатолий Ахметов өзінің әлі де кәсіпкершілікпен айналысып жүргенін, алайда өткен жылы қайсібіреулер заңды белден басып, өзінен тағы да бизнесін тартып алғаны жөнінде шағым айтты. Мемлекеттегі осындай заңсыздықтар мен бассыздықтардан үмітін үзген Анатолий Ахметов «енді қалғаны осылай мақала жариялау арқылы шындықты айту» дейді.
XS
SM
MD
LG