Accessibility links

Қазақстандық журналистер ұйымдары БАҚ туралы заң жобасын тағы да Парламент талқылауына ұсынып отыр


Қазақстандық бірқатар журналистер ұйымдары дайындаған бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң жобасын Қазақстан парламенті мәжілісінің бюросы сәуірдің 6-сы, яғни жұма күні қарағалы отыр.

Бұл туралы осы заң жобасын дайындаушылардың бірі, Қазақстан журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы Матаев бейсенбі күні «Азаттық» радиосына берген сұқбатында жаңа заң жобасы осымен үшінші мәрте парламент талқылауына ұсынылып отырғанын айтты. Өткен жылдың мамыр айы мен қазан айындағы парламент талқылауларында журналистер қауымының дайындаған БАҚ туралы заң жобасы өтпей қалған болатын.

Оның есесіне Мәдениет және ақпарат министрлігі ұсынған бұрынғы БАҚ туралы заң жобасы сәл-пәл өзгертулер мен толықтырулар арқасында қәзір қолданыста. Алайда үкіметтің бұл заң жобасын қазақстандық журналистер қауымы мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы өткір сынға алған болатын.

«Осы жолғы заң жобасын мүмкіндігімізше түсінікті әрі оңтайлы болдыруға тырыстық. Жаңа заң жобасында қәзіргі қолданыстағы заңның кейбір баптарын қалдырсақ та, кейбірін алып тастадық. Әсіресе бұл БАҚ тарды тіркеу, олардың қызметіне билік органдары тарапынан араласу мәселелеріне қатысты баптар», - дейді С.Матаев.

Ал осы журналистер ұйымдары дайындаған заң жобасын ұсынушылардың тағы бірі, Қазақстандағы сөз бостандығының ахуалын бақылайтын «Әділ сөз» халықаралық қорының президенті Тамара Қалееваның айтуынша, журналистер қауымы ұсынып отырған қәзіргі заң жобасы мен мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевтың өткен жылы өткізген қәзіргі қолданыстағы «БАҚ туралы» заңы екеуінің арасында принциптік үлкен айырмашылық бар көрінеді.

«Егерде журналистік қауымның заң жобасы осы жолы парламентте мақұлданып, одан соң президент тарапынан қол қойылса, онда Қазақстанның бірқатар заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет етіледі», - дейді Тамара Қалеева.

Оның айтуынша, ең әуелі Қазақстанның қылмыстық кодексіне, азаматтық кодексі және әкімшілік кодексі секілді заңнамаларға өзгертулер енгізу қажет болмақ.

Журналистер қауымы дайындаған заң жобасында сондай-ақ ақпаратты алу мен таратудағы еркіндікті сақтау ережелері, БАҚ-ын монополияға айналдыруға жол бермеу жайлары қарастырылыпты. Сондай-ақ, заң жобасында теле-радио хабарларын таратуды ұйымдастыру мәселелерін реттейтін, БАҚ қызметін мәжбүрлі түрде тоқтатуға қатаң тиым салынған баптар кіріп отыр.

Алайда саясаткер, журналист Әміржан Қосанов журналистер ұйымдары жайындаған осы заң жобасының осы жолы парламенттен аман-есен өтіп кетеді дегенге үлкен күмәнмен қарайды. Оның айтуынша, қәзіргі парламент биліктің «ашса алақанында, жұмса жұдырығында», сондықтан билік не десе парламент тек соны ғана істеп отыра береді.

Ал тәуелсіз журналист Жұмаш Кенебайдың елдегі журналистер ұйымдары дайындаған БАҚ туралы заң жобасына қатысты өзінің өзгеше көзқарасы бар.

«Заң жобасында қазақ тілді ақпарат құралдарының мүддесін қорғаған арнайы баптардың болмауы - бұл заң жобасының кемшін жағы», - дейді ол.
XS
SM
MD
LG