- Сағат 8-ден 10 минут өткенде біз өзіміздің үнпарақтарымызды тарата бастадық. Үнпарақта Әділет министрлігінің осы күнге дейін «Алға» партиясын тіркемей отырғаны орыс, ағылшын тілдерінде жазылған болатын. 200-дей үнпарағымызды таратып болғаннан кейін қайтіп бара жатқанымызда, ОМОН-дар бізді ұстап алып, автобустарға қамап тастады, - дейді Әлихан Рамазанов.
Қазір Алмалы аудандық ішкі істер бөлімінде қамауда жатқан Әлихан Рамазанов өздерін не үшін тұтқындағанын біле алмай отырғанын айтады. Ал Алмалы аудандық ішкі істер бөлімі бұл жайында қандай да бір мәлімет бермей отыр. Ал тіркелмеген «Алға» партиясының төрағасы Асылбек Қожахметов болса, біздің партия мүшелері ісінде ешбір заң бұзушылықтар болмады дейді.
- Біздікі пикет емес. Біздің адамдар бар болғаны флайерлер таратқан. Ондай флайерлерді көшеде әркім бір таратып жүреді ғой, - дейді Асылбек Қожахметов.
Әлихан Рамазановтың мәліметі бойынша, қонақ үй алдында «Алға» партиясының 17 мүшесі тұтқындалған. Ал бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында партияның 11 мүшесінің тұтқындалғандығы жөнінде ақпарат таратқан болатын. Бүгін сондай-ақ, Қазақ бас құрылыс-сәулет академиясының нөмірі 5-ші жатақханадан заңсыз шығаруға наразылықтарын білдіру үшін «Анкара» қонақ үйі алдына жиналған тұрғындардың бірі Эльмира есімді әйел де өздерінің заңсыз қамауға алынғандығын айтты.
- Біз алаңға қарай топ-топ болып келе жатқанбыз. Алайда бізді Сәтбаев және Желтоқсан көшелерінің қиылысынан полицейлер ұстап алып, көліктеріне салып алып кетті. Біз ешқандай да айғай-шу көтерген жоқ едік, - дейді Эльмира.
Алайда Эльмираның айтуынша, полицейлер оларды көп кешіктірмей, ешбір айғақ таппағандықтан бостандыққа жіберуге мәжбүр болған. Бүгін сондай-ақ, Алматы қалалық соты маңында Шаңырақ оқиғасына байланысты сот ісіне өз келіспейтіндіктерін айтып, наразылық білдірген «Шаңырақ» ықшамауданының тұрғындарына да өз әркеттері үшін күш қолданылды. Сот ісіне қатысуға барып, оқиғаға куәгер болып қайтқан «Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысының төрағасы Дос Көшім құқық қорғаушылардың қарапайым халыққа жөн-жосықсыз өздері тиіскенін айтады.
- Полицейлер әдеттегідей, адамдарды кәдімгідей жұлқылап, ұстап алып кетті. «Бармаймын» дегендерді машинаға күштеп тықты. Палаткаларын жығып, оларды да машиналарына тиеп алды. Менің ойымша, бұл заңсыз. Өйткені бұлар рұқсат алатындай шеру емес, пикет жасады. Ал пикет барлық демократиялық елдерде бар. Тұрғындар соттың оң жақ бөлігіндегі алаңқайға жұрттың көңілін аударту үшін «палаткалар тігіп жатамыз» деді. Бірақ оған еш мүмкіншілік берілмеді, - дейді Дос Көшім.
Ал Алматы Хельсинки комитетінің төрағасы Нинель Фокина қамауға алынғандардың барлығының әрекеттерінде ешбір заң бұзушылық болмаған деген көзқарас білдіреді.
- Олардың халықаралық стандарттарға сай, өз ойларын көпшілікке айтуға толық құқылары болды. Оның үстіне Қазақстан 2 жыл бұрын Азаматтық және саяси құқық жөніндегі халықаралық пактіге қол қойған. Алайда біз әлі ескі тәсілдермен, заңдармен өмір сүріп келеміз. Бізде көпшілік алдына шығып өз ойыңды айтқың келсе, «биліктен рұқсат сұрауың керек» дейді. Статистика көрсетіп отырғандай, 90 пайыз оқиғада билік оған рұқсат етпейді. Бұл дұрыс емес. Ал бізде егер билік өз пікірін білдіремін дегендерге рұқсат етпесе, онда ол заңсыз деп есептеледі, - дейді Нинель Фокина.