Accessibility links

Баспасөзге шолу. 03.06.2008 жыл


Бейсенбі күнгі басылымдар кеше Астанада салтанатты түрде Украйнаның Қазақстандағы күндері басталғаны, Катар мемлекетінің Әмірі шейх Хамад бен Халифа әл-Танидің Қазақстанға ресми сапары, Қазақстан сырқы істер министірі Марат Тәжиннің Женевадағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің сессиясында сөйлеген сөзі туралы жазыпты. Бірқатар басылымдар «Қазақстан» телеарнасына 50 жыл толғанына мақалалар арнапты.

«Жас Алаш» газеті «Жемқорлыққа соққы беруден бұрынғы күйеу бала да қалысар емес» деген мақаласында Рахат Әлиевтың «Каztodey.ru» сайтында жарияланған мақаласын толығымен басып, «билiк жемқорлықпен күрестен таяқ жей бастады» деп қортындылапты.

«Ана тілі» оппозиция қайраткерлерінің бірі Әміржан Қосановпен болған сұхбатын оның өз сөзімен «Билік еңкейсе, оппозиция шалқаймайды» деп атапты. Онда автор: «Ақшаны қайдан алдың?» деген сұрақты бізден гөрі, біздің қарсыластарымызға қойғаның дұрыс болар. Өйткені, біздің қайдан алсақ та ұрлап алмағанымыз анық. Егер біз ұрласақ, әншейінде сыныққа сылтау таппай отырғандар бір-ақ күнде әшкерелеп, «уа, халайық, мыналар - ұры» деп айдай әлемге паш етер еді» деп айтыпты. Осы апталық «Өгейшешек» деген мақаласында Қазақстанда ақшаға кандидаттық, докторлық диссертация, монография, ғылыми мақалалар жаздырып алуға болатыны туралы жазыпты.

«Казахстанская правда» газеті Қазақстан білім және ғылым министрі Жансейт Түймебаевпен «Ізденімпаздық рух пен жаңалық нұры» атты сұхбатын беріпті. Онда министр «2015 жылдары Қазақстанда білім саласына бөлінетін қаржы ішкі жалпы өнімнің 2,5 пайызын құрап, қазіргіден 25 есе артпақ» депті.

«Zonakz.net» сайтында «Әлемдік бай адамдар тізіміне 8 қазақстандық кіріпті» деген мақаласында, американдық Forbes агенттігінің мәліметіне сілтемелеп, бұрыннан таныс есімдер - Ким, Машкевич, Шодиев, Ибрагимов, Тимур және Динара Құлыбаевтар, Субханбердин және Болат Өтемұратовтың атын атапты. Сондай-ақ осы сайт Бішкекте Қазақстан қаржы министрлігінің азаматы мен оның зайыбы бұзақылардың соққысына жығылғаны туралы жазыпты.

«Айқын» газеті «Алатау мен Алатоо арасындағы алауыздық» деген мақаласында Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасқа тоқтап «Орыстілді қала – Бішкек Қырғызстанның біртіндеп орыстануына да үлес қосып жатқандай. Қазақ пен қырғыз арасында ортақ тіл қалмаған сияқты. Қазақстанда аздап болса да қазақылану процесі жүргізіліп жатса, Қырғызстанда орыстану процесі айқын аңғарылады. Олай болса, жолымыз да бөлек. Күні кеше ғана бір тілде сөйлеген халық екіге қақ жарылған. Аға ұлт ретінде қазақ қырғызды өзіне тарта алмай отыр, кіші ұлт ретінде қырғыз да қазақтың құшағына құлай кетуге батпай келеді. Оның арасында жер мәселесі тағы бар. Бұл тұста бауырлас қырғыздың Ресейдің қазаққа қарсы қолданатын қолшоқпарына айналмаса игі деуден басқа амал жоқ» деген қортынды жасапты.

«Zonakz.net» сайты Елемес Халмуратов дегеннің «Қазақ басқа қазақтан гөрі папуасты болса да таңдаған болар еді» деген мақаласының екінші бөлімін жариялапты. Онда автор «қазақтың жалпы этникалық біртұтастығы - толығымен шартты түрдегі ойдан шығарылған, жалған ұғым» деген идеяны меңзейді.

Ал «Түркістан» апталығы ақын Күләш Ахметовамен «Қазақтың жанашыры қазақ қана» деген сұхбатын жариялапты. Онда автор қазақ ұлты жайлы, қазір қазаққа ауызбірлік ауадай қажеттігі жайлы ой шертеді. Осы апталық «31» арна өңін өзгертті» деген мақаласында «31» телеарнаның Ресейлік «СТС» компаниясына сатылып кетуіне орай, оның бағдарламасында Ресейлік туындылардың көбеюін атап, қаншалықты өзгешеліктер пайда болғанын саралапты. «Бұл орайда 31 телеарна дұрыс бағыт алды дей алмаймыз» деген қортынды жасапты. Сондай-ақ, осы апталықтың «Қолдан жасалған қымбатшылық» деген мақаласында Қазақстанның «астықты сыртқа шығаруға, сырттан қант әкелуге шектеу қоюының астарында не бар?» деп екшелеп көріпті.

«Айқын» болса «Айналымдағы ақшаны азайту инфляцияға тежеу бола ала ма?» деген мақаласында Қазақстандағы инфляция табиғатын зерделепті.

«Жас алаш» газеті «Елiмiз жарылқамағанда шетелдiң жарылқауы қызық екен...» деген мақаласын 24 жылда 20 бала туған Қамаш Сейтжанова апайға арнапты.

«Айқын» болса «Тоқалдан туғандарды қорғайтын толыққанды заң керек» деген мақаласында автор «Қазақстан тәуелсіздігін алғалы 17 жылдың ішінде заң орындарына келіп «екінші әйелімнің балаларының пайдасына шешілсін» деп ешкім арыз бермепті» дейді. Осы газеттің Тбилисидегі тілшісі Айжан Көшкенова «Грузин шарабы: ақиқат пен аңыз» атты мақаласында Қазақстан Грузин шарабын импорттайтын әлемдегі 40 елдің ішіндегі екінші орында екенін айта келіп осы саланың қыр-сырына тоқтайды.
XS
SM
MD
LG