Accessibility links

Адам құқын қорғаушылар Назарбаев режимінің күшейіп бара жатқанын Хельсинкиде сынады


ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы А. Стубб Қазақстан сыртқы істер министрі М. Тәжинмен сөйлесіп тұр. Хельсинки, 4 желтоқсан, 2008 жыл
ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы А. Стубб Қазақстан сыртқы істер министрі М. Тәжинмен сөйлесіп тұр. Хельсинки, 4 желтоқсан, 2008 жыл

Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ-на жетекшілік етеді. Алайда бірқатар адам құқын қорғаушылар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен қуғындағы оппозиция жетекшілері елде саяси қуғындаулар тоқтатылмай тұр деп мәлімдейді.

Бұл күндері Хельсинкиде Еуропдағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы елдері сыртқы істер министрлерінің 16-шы кеңесі өтіп жатыр.

Бейсенбі, 4 желтоқсан күні "Еуразия демократиялық бастамасы" үкіметтік емес ұйымының директоры Питер Залмаев баспасөз-мәслихаты үстінде осыдан сәл бұрын Хельсинкиде өткен Азаматтық қоғам Форумда айтылған нұсқауларға тоқталды.
Онда Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-на төрағалық ететіндігіне орай түрлі алаңдаушылық жағдайы арнайы сөз болып, талқыланған болатын.

Нақты айтқанда, Питер Залмаев ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы Финляндияның сыртқы істер министрі Александр Стуббтан "Қазақстанда саяси оппозицияның қуғынға ұшырап отырғаны сіздерді алаңдатпай ма?" деп сұрады.

Бұл сауалға орай Александр Стубб:
-Мен 2010 жылғы ЕҚЫҰ-на төрағалық жөнінде дәріс оқығым келмейді. Қазақстанның 2010 жылы аталған ұйымға төрағалық етуіне байланысты символизм көп болуы мүмкін деп ойлаймын. Мен Қазақстанда жүргізілген бірқатар реформаларды құптаймын.
ЕҚЫҰ-ның мақсаты –демократиялық институттарды құру және нығайту. Менің ойымша, елге неғұрлым жоғары жауапкершілік жүктелген сайын, ол солғұрлым оң бағытта алға жылжып, дами түсетін болады.

3 желтоқсанда Washington Post газетінде "Саяси қуғындағылар қазақ басшысының қаһарынан қорқады" деген мақала жарияланды, онда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қарсыластары –Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевтың және басқа да саяси оппоненттердің қазіргі жағдайы туралы сөз болады.

Осы мақала турасында Азаттық радиосына берген сұхбатында тіркеуден өтпеген "Атамекен" партиясының жетекшісі, эмиграцияда жүрген Ержан Досмұхамедов Қазақстанда соңғы айларда авторитаризм күшейе түсті деп атап көрсетті:

-Өкінішке қарай саяси репрессия Қазақстанда өршіп барады. Ол бір жағынан қазіргі режимнің жанталасқан, соңғы тұяқ серпуін көрсетсе, екінші жағынан осы режимнің шынайы келбетін бүкіл әлмеге танытып, жуық арада мұнда оң өзгерістер болмайтынынан хабар береді,- дейді Ержан Досмұхамедов.

Қараша айында Қазақстанда БАҚ туралы және сайлау мен саяси партиялар туралы заң жобаларына бірқатар түзетулер енгізілді. Қазақстан ресмилерінің сөзіне қарағанда, заң жобаларында Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалық етуіне қатысты алынған міндеттемелері мен "Еуропаға жол" бағдарламасының бағыттары ескерілген.

Алайда Питер Залмаевтың айтуынша, адам құқын қорғаушылардың бірқатары аталған заң жобаларына үкіметтің ұсынып отырған өзгеріс, түзетулерімен келіспейді, олар бұл түзетулер халықаралық ержелер мен талаптарға сай келмейді деп есептейді.

Бұл турасында Human Rights Watch ұйымының есебінде де айтылып, осы және басқа да заң жобалары Қазақстанның өткен жылы Мадридте сыртқы істер министрі Марат Тәжиннің аузынан шыққан уәделерін толық орындамай отырғанын айғақтайды деп атап көрсетілген.

Питер Залмаев жақында Қазақстан парламенті қабылдаған "Діни наным-сенім бостандығы туралы" заң жобасы жайында да өз пікірін білдіріп, оның "өркениет талаптарына мүлде жауап бермейтіндігіне" тоқталды.
Хельсинкидегі кеңеске Қазақстанның сыртқы істер министрі Марат Тажин де қатысуда.
XS
SM
MD
LG