Accessibility links

Мұсылмандар Одағы діни секталардың қаптауымен жемқорлық та көбейді деп отыр


Заң ғылымдары академиясының президенті Сәкен Өзбекұлы, Алматы, 1 желтоқсан, 2008 ж.
Заң ғылымдары академиясының президенті Сәкен Өзбекұлы, Алматы, 1 желтоқсан, 2008 ж.

Қазақстанның Мұсылмандар Одағы мен бірқатар заңгерлер елде діни секталардың көбеюі жемқорлықтың туындауына жағдай жасап отыр, егер оларды тез арада ауыздықтамаса, ұлттық қауіпсіздікке қауіп төнеді деп отыр. Ал елдегі кішігірім діни ұйым өкілдері болса, өздерінің онсыз да қыспақ көріп, құқықтарының тапталып жатқанын айтады.

Алғашқы айтылғанға дәлел ретінде Қазақстанның Мұсылмандар Одағы төмендегідей жайтты келтіреді:


- Республиканың барлық университеттері білім және ғылым вице-министрінен елдегі діни секталармен күресуді күшейту туралы ресми хат алды. Хат иесі мысал ретінде «Мун шіркеуінің бірлестігі» атты ұйымын келтіреді. Министрліктің айтуынша, оған Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының басым бөлігіндегі студенттер мен оқытушылар осыған дейін көптеп тартылған. Хатта аталған бірлестіктің Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің басшысына грант түрінде 100 мың доллар берілгені туралы факті келтірілген. Біз бүгінде «Нұр-Отан» партиясының Алматы қалалық бөлімшесінің бірінші орынбасарынан кезіндегі бұл әрекетін түсіндіруін қалаймыз.


Сонымен қатар одақ басшысының айтуынша, Қазақстанға түрлі діни секталардың келуі ашық жемқорлыққа жол ашып отыр. Оған мысал ретінде ол бірнеше жыл бұрын елдегі діни басқарманың Ахмадийлік бірлестік өкілдерінен құны 150 мың долларлық грант талап еткені туралы фактіні келтіреді. Заң ғылымдары академиясының президенті Сәкен Өзбекұлы барған сайын секталардың қоғам үшін қауіпті болып бара жатқанын айтады.


- Бізде қазіргі уақытта 46-ға жуық конфессия бар. Бұрын 40 еді, қазір 46-ға көтерілді. Неге біз бұлайша дабыл қағып жатырмыз? Себебі, қазіргі уақытта қандай мемлекет болсын, ол зайырлы болсын, болмасын, біз өзіміздің экономикалық, рухани, идеологиялық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуіміз керек. Бұл секталар өте қауіпті.


Заңгердің пікірінше, жақында Парламент мақұлдаған «Діни сенім және діни бірлестіктер туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар дер кезінде енгізіліп отыр және де ол азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған дейді. Десек те, бұл пікірмен елдегі кейбір діни ұйым өкілдері келісіп отырған жоқ.


- Бұған дейін елдегі кішігірім діни ұйымдардың басым бөлігі оны антиконституциялық заң деп бағалаған еді. Ол заң сонымен қатар халықаралық құқық нормаларына да сәйкес келмейді. Мәселен, діни сараптама енгізілуіне байланысты діни ұйымды тіркеу үлкен мәселе болайын деп тұр. Храмдардың, діни орталықтың жабдықталуы, әдебиетті тарату сияқты мәселелерге шектеу қойылып отыр. Үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде де көптеген қайшылықтар бар. Тіпті аталған заңда ақылға қонбайтын шектеулер бар. Мұны тек сталиндік кезеңмен салыстыруға болады, - дейді «Кришна санасы» қоғамының баспасөз хатшысы Максим Варфоломеев.


Қабылданған заңды елдегі кішігірім діни конфессия өкілдері ғана емес, халықаралық адам құқығын қорғайтын мамандар да қолдап отырған жоқ.. Аталған заңда кемшіліктердің көп екенін жеткізген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюроның директоры Янеч Ленарчич «халықаралық стандарттармен одан әрі сәйкестендіру мақсатында Қазақстан президенті заңның қазіргі нұсқасына қол қоймайды деген үмітін білдірді» деп хабарлады ҚазТАГ дүйсенбі күні.
Бюро басшысының айтуынша, заңды қайта қарау 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететін Қазақстан үшін жақсы нышан болмақ екен.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG