Accessibility links

Назарбаевтың інісі Алматы ауыр машина жасау зауытын таратып,"ЗТМ-станға" айналдырмақшы дейді жұмысшылар


Алматы ауыр машина жасау зауыты. 15 қаңтар 2009 ж.
Алматы ауыр машина жасау зауыты. 15 қаңтар 2009 ж.

Алматы ауыр машина жасау зауытының негізгі акционері Болат Назарбаев кәсіпорынды таратып, мыңға жуық адамды далада қалдырғалы отыр деп мәлімдейді осы зауыттың бір топ жұмысшысы. Жұмысшылар жағынан табылған қоғамдық белсенді М. Елеусізов мемлекет зауыттың жойылуына жол бермеуі керек дейді.

Алматы ауыр машина жасау зауыты акционерлік қоғамының биылғы қаңтардың 19-ына белгіленген акционерлер жиналысының күн тәртібінде акционерлік қоғамды тарату мәселесі қаралмақ. Алдын-ала мәліметтер бойынша, таратылған кәсіпорынның орнына «ЗТМ-стан» жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрылмақшы.
Алайда, акционерлік қоғам таратылатын болса, қазірде онда еңбек етіп жатқан мыңға жуық адам жұмыссыз қалуы мүмкін деп алаңдайды зауыт жұмысшылары. Олар кәсіпорынды таратудың негізгі себебін 2007 жылдың мамыр айында өндірістік ғимараттар тұрған жер аумағының үш тұлғаға жеке меншікке сатылып кетуінен көреді.
Оразай Молдабеков, Алматы ауыр машина жасау зауытының токарі. Алматы, 15 қаңтар 2009 ж.
- Негізі зауыт өнімдеріне сұраныс бар. Бірақ, зауыт тұрған жерді меншіктенген әлгі үшеудің бірі былтырғы жылдың соңынан бастап жерін босатуды талап етіп, әкімшілік-тұрмыстық ғимаратты алып алды. Кейбір адамдарды әкімшілік еңбекақысыз демалысқа жіберді. Әрқайсысы өз отбасының асыраушысы болған ол адамдар басқадай жұмыс іздеуге мәжбүр, бірақ қазіргі дағдарыс жағдайында жұмыс табу оңай болмай тұр, - деді осы зауытта 20 жыл токарь болып жұмыс істеп келе жатқан Оразай Молдабеков.
Бұл даулы мәселеге байланысты акционерлік қоғамның басшылығынан және жұмысшылардың наразылығын туғызған шешім қабылдаған акционерлерден түсінік алуға тырысқанымызбен, олар бізбен кездесуге уақыт таппады. Сондықтан, Азаттықтың сауалдарына жауап беруге ықылас білдірген зауыттың қауіпсіздік қызметінің бастығы Михаил Зазулиннің айтқандарын қанағат тұтуға тура келді.
- Зауыт қалыпты жұмыс істеп тұр, еңбекақыға қарызымыз жоқ, былтырғы жылы орташа айлық өнім өндіру көрсеткіші 141 миллион теңгені құрады. Әйткенмен, зауыт акционері акционерлік қоғамды таратуға шешім қабылдаған. Әрине, бұл оның заңды құқығы, барлығы
Владимир Маслов Алматы ауыр машина жасау зауытында 40 жыл еңбек етеді. Алматы, 15 қаңтар 2009 ж.
тек заң шеңберінде жасалынып отыр. Яғни, бір ай бұрын – 19-шы желтоқсанда республикалық басылымда ондай жиналыстың өтетіндігі туралы алдын- ала хабарландыру берілген. Кәсіпорын әкімшілігі зауытта еңбек еткен адамдар кейін осында жаңадан құрылатын жауапкершілігі шектеулі серіктестікке жұмысқа қабылданатындығын айтып отыр. Сондықтан, қазір өз еркімен өтініш жазып жұмыстан босағандар алдағы уақытта жұмысқа орналасатын болады.
- Кәсіпорынның акциялары кімнің қолында?
- Акционерлік қоғам акцияларының 86 пайызына Болат Әбішұлы Назарбаев иелік етеді, қалғаны жұмысшылар мен қызметкерлерде, мәселен, менің өзім де солардың бірімін.
Михаил Зазулин зауыттың қазіргі отырған жері үш тұлғаның меншігінде екендігі туралы ақпаратты растады. Алайда, олардың нақты кім екенін айта алмады. Ол жер кімнің меншігінде екендігін жұмысшылар да білмейді.
Кәсіпорындағы жаңалықпен келіспеген жұмысшылар өз құқығын қорғауға жәрдемдесуді өтініп, қоғам қайраткері Мэлс Елеусізовке жүгініпті.
- Қалыпты жұмыс істеп тұрған зауытты таратқысы келіп отырғандар оны жауапкершілігі шектеулі серіктестікке айналдырып алған соң, акционерлік қоғам ретіне кезінде мемлекет алдында мойнына алған міндеттемеден құтылады. Сөйтіп кейін зауытты түпкілікті құртпақшы, себебі оларға зауыт та, ондағы жоғары білікті, бірнеше ондаған жылдық тәжірибесі бар, қолы алтын мамандар керек емес. Қазіргідей
Алматы ауыр машина жасау зауытының қауіпсіздік қызметінің бастығы Михаил Зазулин. 15 қаңтар 2009 ж.
кезеңде қолда бар әрбір жұмыс орнын сақтап қалу қажеттігі туралы ел президенті де, үкімет те өз бағдарламасында айтып жүр. Ендеше, мыңға жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, қалыпты өнім беріп жатқан өндіріс орнын жойып-құрту тіпті ақылға симайды. Сондықтан, мемлекет бұған жол бермеу керек, - дейді М.Елеусізов.
Кәсіпорынның мемлекеттік акциялар пакетін сатып алғанда мойнына алған міндеттемесін орындамағаны үшін ол акциялар акционерлік қоғамның еншісінен қайтадан мемлекет иелігіне алынсын деген талап-тілек айтады жұмысшылар.
- Біз заң шеңберінде осы істің аяғына дейін күресетін боламыз. Бірақ, ол күрестің қалай болатынын мен дәл айта алмаймын. Мүмкін, әрқайсымыз өз станогымыз жанында, оны ешкімге бермей қарсылық танытармыз, - дейді 40 жыл зауытта токарь болып жұмыс істейтін Владимир Маслов.
1941 жылы қараша айында негізі қаланған Алматы ауыр машина жасау зауыты металлургиялық, тау-кен, мұнай-газ және жалпы өнеркәсіптік салаларға арналған құрал-жабдықтар шығарып келді. Оның өнімдері әлемнің 30-дан тастам елдеріне таратылатын.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG