Accessibility links

«Келін» фильмін неге жабық жағдайда көрсетті? Әйтсе де картина талайдың көңілінен шықты


"Келін" картинасынан көрініс. Алматы, 11ақпан, 2009 жыл.
"Келін" картинасынан көрініс. Алматы, 11ақпан, 2009 жыл.

Алматыда Ермек Тұрсыновтың «Келін» фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Картина авторлары фильмнің тұсаукесерін өткізуге Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы рұхсат бермей отыр дейді. Соңғыларының пікірінше,картинаға көп өзгерістер жасау қажет.

«Келін» фильмінің ерекшелігі - онда ешқандай сөз, кейіпкерлердің диалогтары жоқ. Фильмнің қоюшы режиссері Ермек Тұрсыновтың айтуынша, о баста сценарий жазылғанда сөздері болған. Алайда, картинаны түсіру барысында диалогтардың орнына шынайы дауыстарды, музыканы тағы басқа да табиғи дыбыстарды қолдануды дұрыс деп тапқан.

Фильмге танымал композитор Еділ Құсайынов музыка жазған. Сазгердің пайымдауынша, бұл туынды - кино әлеміндегі ерекше құбылыс. Ал мәдениеттанушы Мұрат Әуезов "Келін" картинасы көптен бері жақсы фильмдерге сусап жүргенімде, шөлімді қандырғандай болды дейді.

-"Келінде" көне түркілердің өмірі, тәңіршілдік көрініс тапқан. Ал фильмдегі табиғатты айтсаңызшы. Мына тау, көк аспан. Адамның күбірін тау естиді, ал таудың күбірін тәңір естиді. Фильмдегі бөрі образы қалай сомдалған десеңізші. Табиғат, адам, әуен бәрі өзара үйлесім тапқан.
Қазақ актері Қуандық Қыстықбаев "Келін" фильмінде. 11 ақпан, 2009 жыл.


«Келін» фильмі Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының тапсырысы бойынша түсірілген болатын. Картина 2008 жылдың желтоқсан айында дайын болғандығына қарамастан, әлі тұсаукесері болған жоқ. Мұны «Келіннің» авторы әрі режиссері Ермек Тұрсынов «Қазақфильм» жанынан құрылған сарапшылар кеңесінің шешімімен байланыстырады.

- Сарапшылар кеңесінің құрамында ақын – жазушылар, өнер адамдары бар. Олардың сөзіне қарағанда, бұл фильмде ашық сценалар көп, сонымен бірге қазақтың атына кір келтіретін жайттар да жетіп артылады. Алайда, мен бұл фильмде қазақтың емес, ежелгі 5-6 шы ғасырдағы өмір сүрген түркі тайпаларының өмірін көрсеттім. Бұл жерде тарихи деректер жоқ. Соған қарамастан бұл фильм қазір көрсетілімге жіберілмей отыр.

Сарапшылар кеңесінің мүшесі, жазушы Дулат Исабеков фильмнің тек техникалық сапасы жақсы, ал мазмұны мен айтар идеясы мүлдем қазақ халқына жат деген пікірін айтады.

- Таудың бөктерінде бүкіл адамзаттың тіршілігінен бөлініп тұрып жатқан, өгізге мініп тіршілік ететін жандар. Бұлар кімдер? Біздің ата-бабамыз ба? Олар өздерін Көк түріктен, Көк бөріден тарадық дейді. Оның сыртында тым ашық көріністер жиі көрсетіледі. Сол сынды олқылықтар жөнделсе ғана киноны көпшілікке көрсетуге әбден болады.

Осылай деген сарапшылар, фильмді бірнеше жерден түзетіп барып қалың бұқараға көрсету керек деген ұйғарымға келген. Алайда режиссер Ермек Тұрсынов мұнымен келіспей отыр.

- Бұл сайыс емес, бұл теке - тірес емес. Бірақ мен бұл фильмді автор ретінде ешқандай жерін кесуге рұсат бермеймін.
Актриса Гүлшарат Жұбаева "Келін" фильмінде басты рольде. Алматы, 11ақпан, 2009 жыл.


Ал режиссер Сатыбалды Нарымбетов болса, бұл жерде өмірдегі шынайы жағдай суреттелетіндігін айтады. Оның жалпыға бірдей ұнауы шарт емес. Сондықтан, шынайы баға беруді көрерменнің еншісіне қалдырған жөн дейді.

- Бұл жерде әңгіме оқиғаны қандай қалыпқа салып көрсетуде жатыр. Әрине, кемшіліктер іздеп, әр нәрсені тұрпайыландырса, өзі де солай болады. Алайда, егер режиссердің шеберлігі арқылы оқиға әдемі суреттелсе, оның несі айып? Көрермендер көре отырып, өзінің әділ бағасын береді деп ойлаймын.

Осындай қызу пікірталасқа қарамастан, фильмнің авторлары, «Келін» фильмі алдағы жылдары Оскар сияқты мәртебелі сыйлыққа дейін ұсынылатынына сенімді.
XS
SM
MD
LG