Азаттық радиосының веб-сайтында 24 наурызда жарық көрген «Ашқұрсақ қыз «биліктің байлыққа да, атаққа да жеткізетінін» түсінді» атты мақалама қатысты пікір білдіруге уақыт тапқандарыңыз үшін барлықтарыңызға рахмет. Айта кетейін дегенім, бұл - Азаттық радиосының веб-сайтында жарияланып, осыншама көп талқылауға ие болған бірінші мақалам. Енді сол форумға қатысушылардың кейбір сауалдарына жауап беруге тырысып көрейін.
«Айналайын халқымнан еркелеткен» атты кітаптың ауторы – Роза Бағланова. Кітап 2007 жылы қазақ тілінде жарық көрген. Кітапты оның айтуы бойынша жазып алған - журналист Ұрқия Иманбай. Мен тек кітаптан оқығанымды әңгімелеп қана бердім. Оқығаныңды айтып беру күнә, кітап ауторын қорлау және құрметтемеу болады деп ешқашан ойлаған емеспін.
Бұл мақаланы «Қазақстан әйелдері өмірбаянын әлеуметтік жағынан түсіндіру» атты 2009 жылғы магистрлік жұмысымның негізінде жазып шықтым. Бұл жұмыста Қазақстандағы кейбір атақты әйелдердің өмірбаяндарына талдау жасаймын. Айтпақшы, оның ішінде әнші Мақпал Жүнісованың өмірбаянына қатысты талдаулар да бар. Мен оны Роза Бағлановамен салыстыра отырып қараймын. Мақпал Жүнісованың өмірбаяндық кітабы болмағандықтан, оның берген сұқбаттары бойынша жаздым. Оның ішінде Азаттық радиосына берген сұқбаты да бар.
Роза Бағланова қайтыс болған күні әнші жайында өзінің айтқандары бойынша мақала жазу үшін оның кітабын қайта қолыма алдым. Бірақ әнші қайтыс болған күні де, жерленген күні де, қырқында да Азаттық радиосы бұл «қорлаушы» мақаланы жариялауды қажет деп таппады. Сондықтан әдеп сақтамады деп редакцияға тағылған айып - сәл артығырақ. Қол қою жайындағы тақырыпша кейінірек пайда болды, бұл менің магистрлік жұмысымда болған жоқ. Мақаланың тақырыбы мен тақырыпшаларын қою редакторлардың еркінде.
Роза Бағланова жайында ол қайтыс болған соң әлдене айтуға журналист немесе оқырман ретінде моральдық құқым бар ма? Өз өмірі жайында ашық айтып беруді Бағланованың өзі қажет деп тапты. Өмірбаяндық кітабының жарық көргенін өзі әлдебір себеппен жөн көрген болар. Бұл кітап орыс тілінде 2010 жылы жарыққа шықты. Өкінішке қарай, ол кітаптың Астанада сатылып жатқанын байқамадым.
Әрине, әнші кітапты шығарар кезде бұл естеліктерді өзі қайтыс болған соң да біреулердің оқитындығын білді. Кітапты оқып шығып, оны қайталап айтып беруді Бағланованың өзі қорлаушылық деп есептемес еді деп ойлаймын. Оның бұған дейінгі берген сұқбаттарын оқи отырып осындай байлам жасауға болады. Атап айтқанда, пластикалық операциялар жасатқандығы туралы сыбыстарға байланысты «Казахстанская правда» газеті тілшісінің қойған сауалына ол жайбарақат қана: «Айтқысы келгендерін айта берсін», – деп жауап береді.
БАҒЛАНОВАНЫ ҚОРҒАУШЫЛАР ОНЫҢ ӘНДЕРІН ТЫҢДАМАҒАН, КІТАБЫН ОҚЫМАҒАН
Кітап жазылған екен, демек ерте ме, кеш пе, тек әлеуметтанушылар ғана емес, мәдениеттанушылардың да немесе жай ғана оқырмандардың да бұл кітапты оқып, талдау жасайтыны анық. Өйткені кітап жалпы оқырманға арналып жазылған. Форумға қатысушылардың көпшілігі біздің мәдениет қайраткерлеріміздің қазақ тіліндегі өмірбаяндық кітаптарын оқымайтындығы өкінішті.
Айтпақшы, Азаттық радиосының қазақ тілді оқырмандары Роза Бағланова жайындағы мақалама барынша жылы көзқарас танытыпты. Орыс тіліндегі мақалама оқырмандар жүзден аса пікір жазса, қазақша мақалаға бар болғаны он жеті пікір жазылған. Осыдан соң «қазақ тілді аудитория Бағланова жайында алып бара жатқан шектен шығар жаңа ешнәрсе таппаған немесе осыдан төрт жыл бұрын шыққан кітапты өздері де оқып шыққан болар» деген байлам жасап отырмын.
Сондықтан кейбір сайттарда анонимді ауторлардың менің мақалама тұтастай форумдар арнап жатқандығы күлкілі көрінеді. Бұл форумдардың мақсаты - ауторды айыптау. Бұның күлкілі көрінетін себебі, Бағланованың бұл «қорғаушылары» әншінің концертіне ешқашан бармағандарын өздері де мойындайды. Бұлар әнші репертуарында әйгілі Самара туралы частушкадан өзге қандай әндерінің бар екендігін де білмейді, кітабын да оқымаған.
Форумдағы бір пікір жазушының: «Әбенованың мақаласын оқыған жоқпын, бірақ айыптаймын!» дегені - бұдан да күлкілі. Керемет! Советтік кезеңнің тәрбиесі осылайша оқта-текте қылаң беріп қалады. Өзі жергілікті ұлттың өкілі болмағандықтан Бағланова үшін кімнің болса да кеңірдегін жұлып алуға даяр екендігін мақтанышпен айтады. Дұрыс-ақ. Бұл адам менің мақаламды оқып шыққан соң жуынды төгілген жерде жүргендей лас сезімде болдым депті. Мұндай сезімнен құтылу үшін бұл адамға әлгі кітапты оқып шығуға кеңес беремін. Бұл кітап 2010 жылы орыс тілінде шыққан, енді оны қазақша білмейтіндердің де оқуына болады.
Егер Роза Бағланованың өмірбаянын зерттесеңіз, онда оның "ертегілеріне", оның ішінде соғыс туралы "ертегілеріне" аса көп көңіл бөлмеңіздер. Бұл анонимді аутор әншінің газеттердің біріне берген сұқбатындағы "ертегісіне" сілтеме жасайды. Бағланова жайында білмейтіндерге Азаттық радиосындағы мақаланы емес, сол сұқбатты оқуға кеңес береді. Айтпақшы, Бағланованың "ертегілеріне" магистрлік жұмысымда бірнеше бетті арнағанмын.
Не себепті мен оларды "ертегі" деп айтамын? Өйткені оның айтып отырғандарының қаншалықты шын екендігін тексеру мүмкін емес. Әсіресе Светлана Аллилуеваға қатысты оқиға. Бірақ оның айтқандарының ішінде біраз мәселелерді тексеру оңай. Мысалы, әйгілі Тайқазан Қазақстанға менің арқамда қайтарылды деген әңгімесіне байланысты. Бұл үшін оның айтып отырған уақыты мен Тайқазанның елге шындығында қай уақытта қайтарылғанын салыстырса жетіп жатыр.
БАҒЛАНОВАНЫҢ ПИАРЫ ЖЫЛҒА, АЛ ИМИДЖІ МӘҢГІЛІККЕ ЖАСАЛҒАН
Фактілерге емес, Роза Бағланованың айтқан "ертегілерге" сену бір кездері партия идеологтары жасаған әншінің жағымды бейнесін бұзғысы келмеуден болар. Қалай дегенмен 70 жыл бойы сахнада жүру оңай емес. Ол кездері «имидж», «пиар» деген сөздерді білмегенімен, әншінің жағымды бейнесінің жақсылап жасалғаны соншалық, көптеген адамдар оның айтқан бір әнін естімесе де осы күнге дейін оған тамсанумен келеді.
Ән демекші, оқырмандардың наразылықтарынан соң аяқ астынан сұрау салу жұмысымен айналыстым. Осы күндері кездескен адамдарға: «Бағланованың репертуарындағы қандай әндерді білесіздер?» - деген сауал қойдым. Бұған таңдану керек пе, жоқ па, ол жағын білмедім - бірақ мен сауал қойған адамдардың барлығы бір кісідей бір ғана әнді атады. Бұның қай ән екендігін өздеріңіз де шамалап отырған боларсыздар. Өзге әндерді мүлдем естеріне түсіре алмады.
Бір жолы дастархан басына ата-анамның достары жиналып қалған кезде (қалай дегенмен бізге қарағанда қазақ мәдениетін жақсырақ білетін ілгері буынның адамдары ғой) мен өзімнің үйреншікті сұрағымды қойдым. Тағы да бәрі алдымен «Ах, Самара-городокты» атады. Бірақ мен «өзге де әндерін естеріңізге түсіріңіздерші» деп тақымдап қоймадым. Біраз ойланып барып, бәрі бір ауыздан «Ақ маңдайлым», «Ақ сұңқарым» деген екі әнді атады.
Айтпақшы, осы бір анонимді сыншы бұдан былай менің атымды кіші әріппен жазуды ұсынады. Осылайша өз атын айтқысы келмейтін бұл адам шын атын жасырмай жазатын ауторды кемсітуге болады деп есептейді екен. Өзінің шын аты-жөнін көрсеткісі келмеу әлсіздік пе? Әрине, әлсіздік.
Оқырмандардың бұл белсенділігі мені біраз ойландырып тастады. Қазіргі жаһандану заманында біз бүкіл әлеммен бірге қадам басып келе жатырмыз деп ойлайтынмын. Қазақстан азаматтары дүниетанымының өзге елдердегі замандастарының дүниетанымынан айырмашылығы жоқ деп ойлайтынмын. Бірақ өзімнің қаншалықты қателескенімді байқадым.
Неге екені белгісіз, бүкіл әлемде дүниеден өткен атақты адамдар туралы жазуға тиым салмайды. Әлемге танымал адамдардың жеке өміріне қатысты кейбір жайттарды көпшілік ол адам дүниеден өткен соң ғана біліп жатады. Мысалы, Эдит Пиафтың, Рудольф Нуриевтің, Петр Чайковскийдің және өзгелердің қалыптан тыс мінез-құлықтары жайындағы мақалалар олар дүниеден өткен соң ғана барып жариялана бастады. Бірақ бұл миллиондаған қастерлеушілерінің алдында әлгі адамдардың таланты мен тұлғасын мысқалдай да кішірейте алған жоқ.
Мысал іздеп алысқа бармай ақ қоялық. Жақында ғана дүниеден өткен әйгілі әнші, совет эстрадасының жұлдызы Людмила Гурченко жерлене салысымен-ақ оның жеке өміріне қатысты біраз мақалалар жарияланды. Бірақ осы мақалалар мен телебағдарламалар ауторларына қатысты арына тиген бір де бір пікірді байқамадым. Ресей баспасөзінде, интернетте ешкім да бұл журналистерді арсыз деп атамайды.
Майкл Джексонның миллиондаған қастерлеушілерінің ешқайсысы өз кумирі жайындағы мақала ауторының атын кіші әріппен жазу керек демейді. Біздің діліміз өзгеше болуы керек, жұлдыз дүниеден өтіп кеткендіктен тек жақсы нәрсе жайында ғана жазыңыз, Роза Бағланованың совет өкіметі кезінде жасалған имиджінің шеңберінен шықпаңыз дейді. Бірақ неге екені белгісіз, көптеген адамдар мақаладағы фактілер Роза Бағланованың кітабынан алынған үзінділер екендігін қаперге ілгісі келмейді. Яғни бұл оның өзінің айтқандары. Демек, әншінің өзі мұнда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаған ғой. Керісінше ол өз өміріндегі бұл оқиғаларды мақтан тұтқан.
Қалай дегенмен де кітап – жазбаша құжат. Оның ауторы бұл айтқандары қоғамға жария болғанын қалаған. Роза Бағланованың өмірі мен шығармашылығы жайында әлі талай кітаптың жазыларына сенімдімін. Және бұл кітаптардың көптеген болашақ ауторлары түпнұсқаға – Бағланованың өзінің кітабына талай мәрте қайтып оралатын болады.
Атыраулық «Ақ көңіл»: «Роза Бағланованың мемуарларында қалай ғана бір де бір қарапайым адамның аты-жөні жоқ, әлдебір еңбекқор мақташымен, колхозшымен, малшымен, жұмысшымен, сарбазбен, оның аналарымен кездесуі жөнінде ешнәрсе жазылмаған, өйткені оның өмірлік және шығармашылық жолында мұндай адамдармен кездесулер өте көп болған жоқ па, тіпті жүргізушімен кездесуі жайында жазылмаған ба, өйткені елдің түкпір-түкпіріндегі концерттерге оны жүргізушілер алып барған жоқ па, қалайша ол қарапайым еңбеккерлерді бір де бір рет есіне алмаған?» - деп сұрақ қояды.
Өкінішке қарай дәл осылай екендігін айтуыма тура келеді: бірде бір қарапайым адамның аты аталмаған, ол бірде бір мақташыны немесе колхозшыны есіне алмайды. Иә, Роза Бағланова концерттермен ауылдарға жиі шығып тұрды. Бірақ ол қарапайым адамдармен кездесуі жөніндегі әсерлерін есіне алмайды. Оның кітабынан әлдебір совхоздың директорымен бірге түскен суретін ғана көруге болады. Кітапты қарап отырып мен де осы жайға назар аудардым. Тіпті кітаптың аты мазмұнына сәйкес келмейді деген қорытындыға келдім.
СОҒЫС - ӨЗ АЛДЫНА, АЛ ТУФЛИ - КРЕМЛЬ ДҮКЕНІНЕН...
Роза Бағланованың майдангер екендігін барлығымыз да білеміз. Соғысқа бастан-аяқ қатысқан. Концерттер берген. Соғыстың барлық қасіретін көзімен көрген 20 жасар жас қыздың сезімін «Соғыс - Бағланованың көзімен» атты тарауда көрсеткім келді. Бірақ қайтадан сіздің көңіліңізді қалдыруға тура келеді. Ол жерде майдандағы жерлестерімен кездесу, болып жатқан оқиғаларға баға беру жоқ. Бұл тарау оның атақты маршалдармен және генералдармен кездесулеріне арналған. Тіпті мені таңдандырған бір эпизод та бар.
Концерт болып жатқан кезде күтпеген жерден атыс басталып кеткен. Әртістер де оқтан бас сауғалап қаша жөнелген. Осы алмағайып сәт туралы еске алып отырғанда Роза Бағланованың жақында ғана Кремль дүкенінен талонмен алған туфлиін бүлдіріп алғаны жайында сипаттап жазғаны мені таң қалдырды. Қалай дегенмен бұл эпизод оның әйелдік бейнесін көрсетеді деп айтуға да болар. Соғыс өз алдына, ал туфли бүлінбеуі керек. Бірақ бұл оқиға менің көңілімде әлдебір түсініксіз сезім қалыптастырды. Айналаңда бомбалар жарылып, көз алдыңда ана сүті аузынан кетпеген жап-жас азаматтар, біреудің балалары, бауырлары қаза болып жатқанда қалай ғана туфлиді ойлауға болады?..
Егер біреулер қызығып жатса, Роза Бағланова өмірбаянының толық әлеуметтік түсіндірмесін жібере аламын. Айтпақшы, ол бұдан бұрын бірнеше ғылыми жинақтарда жарық көрген. Достастық елдері тарихшылары халықаралық форумының «Тарихтан қазіргі заманға» атты халықаралық ғылыми-парактикалық конференциясының аясында жарық көрген мәскеулік жинақтың редакторлары бұл жұмысты әлеуметтану саласындағы үздік ғылыми мақалалардың бірі деп бағалады. Демек, ғылыми сынақтан менің мақалам сүрінбей өтті деуге болады.
Ғылыми ортадағылар маған шіріген қызанақ лақтырған жоқ. Өйткені, ғалымдар, менің оқытушыларым дәл мен сияқты ойлайды. Яғни менің зерттеуімнің кейіпкері өмірден өтіп кетсе, бұл оның өмірін зерттеуге болмайды, ол жайында жазуға болмайды дегенді білдірмейді.
СЕКС ЖӘНЕ «АХ, САМАРА-ГОРОДОК»
«Ах, Самара-городок» әні не жайында? Өзімнің әлеуметтік емес түсіндірмемді беріп көрейін. Қысқаша айтсақ, шамамен былай болады: Жасы он жетіге келіп, толысқан бойжеткен өзіне деген сезімін анық білмейтін жігітке көңілімді жайлы ет деп өтініш жасайды («Сүйіктім сүйе ме, сүймей ме»). Бұл жерде оның Самара-қалашыққа қарата айтып тұрғаны маңызды емес. Қалашық қалай оның көңілін жайландыра алады?
Демек, қазіргі жас буынның түсінік, пайымымен қарайтын болсақ, біреулер оның әлдебір қажетін қанағаттандыруы керек деп түсіну керек пе? Ал енді жас дененің қызуына шыдай алмай күйіп-жанған он жеті жасар қыздың сезімін қанағаттандырғысы келетіндер көп-ақ. Бірақ ол тек осы жігітті ғана қалайды. Бұл қыз жас болғандықтан махаббат қарым-қатынасында тәжірибесі жоқ екендігін, бірақ байқап көруге қарсы еместігін білдіреді.
Бірақ бұл жігіттің оған үйленетін ойы бар болса, шөп қорада ай жарығымен кездесуді шегере тұру керек. Тек үйленгеннен соң ғана...
Шамамен осылай. «Ах, Самара-городокты» әншінің ойнақы әуеніне қосылып бүкіл совет елі шырқады десем, артық айтқандық болмас еді. Енді қалай болар еді?! Ашыналыққа, қылымсуға, жалпы секс пен интимдік мәселелерге тиым салынған, әйелдері «Совет одағында секстің жоқ екендігіне» сенімді болған елде Бағланованың орындауындағы бұл әннің танымал болмауы мүмкін емес.
Айтпақшы, осы аяқ астынан пайда болған түсіндірмемнен кейін құлағыма қазіргі жастардың айтатын әні келді: «Забирай меня скорей, увози за сто морей и целуй меня везде. Восемнадцать мне уже…» Бірақ бұл ән елтіген талай жас қыздың көз жасына себепкер болды деседі...
МОРАЛЬДЫҚ БЕЙНЕСІНЕ ҚАУІП ТӨНДІРУ МЕ?
Магистрлік жұмысымның бір тарауын Фатима Ғабитованың кітабын, оның күнделік жазбалары мен хаттарын зерттеуге арнадым. Атап айтқанда, оның жетінші баласының әкесі – атақты жазушы Мұхтар Әуезовпен жазысқан хаттарын талдадым. Егер осы кітаптан алынған үзінділерді Азаттық радиосына мақала ретінде жарияласам, өз атыма толып жатқан наразылықтар мен айыптаулардың болатындығын болжап отырмын. Сіз бен біздің көзқарасымызда Мұхтар Әуезов те әулие адам ғой. Ал оның сүйікті әйелінің күнделіктері мен хаттарында опасыз, алдамшы, әйелжанды, қорқақ... осылай деп жалғаса береді.
Бұл кітап та жалпы оқырман қауымына арналған. Егер осы жарияланған хаттардың мазмұнын қайталап айтып берсем, Азаттық радиосының оқырмандары мені ұлы жазушының моральдық бет бейнесіне қастандық жасап отыр деп есептейтін болады ма?
Қалай болғанда да пікір білдіргендеріңіз үшін бәріңізге рахмет. Сіздердің пікірлеріңізді оқу маған әрқашан қызық. Құрметті Алмат, мен өз мақалаларыма түрлі бүркеншік аттарды жамылып пікір жазуға әдеттенбегенмін. Сіздің осындай долбарыңыз менің күлкімді келтірді. Өзге бір атты жамылып өзіме өзімнің пікір жазуымның не қажеті бар? Айтқым келгеннің барлығы мақалада жазылған. Мен өз уақытымды пікір жазуға емес, жаңа мақалалар жазуға жұмсағанды артық көремін. Маған өзімнің түсініктемелерім емес, сіздердің пікірлеріңіз қызықты. Бір жақсысы, ол пікірлер әртүрлі. Адамдардың әртүрлі болғаны сияқты - пікірлер де әр алуан. Форумның артықшылығы да осында.
Түсініктемелерден өзің жайында біраз нәрсені білуге болады. "Бұл мақаланы жазуға біреулер тапсырыс берді" деген сөздер, күдіктер күлкі тудырады. Хиджаб туралы пікір білдіріп едім, біреудің тапсырысы деді. Астанадағы аурухана жайында жазсам, тапсырыс дейді. Яғни, біреу менің баламның сырқаттануына тапсырыс берген.
Мешіттегі аяқ киім ұрлығына қатысты блогқа берілген түсініктеме бұдан да күлкілі болды. Бақсам, бұл да «тапсырыс» екен. Бұл блогтың «тапсырыс берушісі» атағы дардай ҰҚК мекемесі екендігі мен үшін күтпеген жаңалық болды. Мешіттегі аяқ киім және ҰҚК. Күлкілі емес пе?
Мешіттегі аяқ киім туралы блогты мен әсерім тарамай тұрғанда, он минуттың ішінде жазып тастап, "жариялауға берсем бе, жоқ па" деп екі күн ойланғанмын. Бірақ оның осыншалықты құнды боларын білмеппін, тіпті оның ауторлығын да біреулер иемденіп алыпты. Жазыңыздар. Ауторға сіздің кез-келген ақылды, ашулы пікіріңіздің және жорамалдарыңыздың да құнды екендігін біліп қойыңыз. Әсіресе күлкі тудыратындары құндырақ.
Құрметпен,
Гүлбану Әбенова.
РЕДАКЦИЯДАН: Құрметті оқырмандар, «Ашқұрсақ қыз «биліктің байлыққа да, атаққа да жеткізетінін» түсінді» атты мақала бойынша пкірталасқа қатысқандарыңыз үшін баршаңызға алғыс білдіреміз. Ол мақалада қазақстандық зиялы қауым мен шығармашылық қайраткерлері ортасындағы саяси мәдениет стандарттары, олардың халық арасындағы танымалдығын пайдалана отырып авторитарлық режимге жарамсақтанғысы келу проблемаларының қарастырылғаны анық. Азаттық радиосы бұл тақырыпты одан ары жалғастырмақ. Бұл мақалаларда қазақ мәдениетіндегі Асанәлі Әшімов, Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева және өзге де өнер шеберлерінің өмірі мен қызметіндегі кейбір сәттер сөз болады.