Accessibility links

«Дейли Телеграф»: Тимур Құлыбаев Ұлыбритания королі отбасынан нарық бағасынан қымбатқа үй сатып алған


Тимур Құлыбаев, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың миллиардер күйеу баласы. 27 қараша 2003 жыл.
Тимур Құлыбаев, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың миллиардер күйеу баласы. 27 қараша 2003 жыл.

Британияның «Дейли Телеграф» газеті президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың 2007 жылы Британияның патшайымы отбасынан 15 миллион фунт стерлингке сарайдай үй сатып алғанын жазады. Бұл үйдің нарықтық құнынан 25 пайызға артық дейді басылым. Ол ранчо әлі күнге дейін бос тұр екен.

ХАНЗАДА РАНЧОНЫ ӨЗ БАҒАСЫНАН ҚЫМБАТҚА САТҚАН

«Дейли Телеграф» газеті шілденің 6-сы күнгі санында, ханзада Эндрю, «Йорк Герцогы» (бұл патшайым Елизавета ІІ мен оның күйеуі, принц Филиптен туған екінші ұлы) өзінің қарамағына берілген қызыл кірпіштен тұрғызылған зәулім бір үйін бір шетелдікке 2007 жылдың қыркүйек айында 15 миллион фунтқа (қазіргі айырбас бағамы бойынша бұл шамамен 24,29 миллион доллар болады) сатқанын баяндапты. Газет ол шетелдік - Қазақстан президентінің күйеу баласы миллиардер Тимур Құлыбаев деп айтылып жүргенін жазады.

Жылжымайтын мүлік агенттерінің сөзіне қарағанда, деп атап көрсетеді басылым, көп жылдар бойы өтпей тұрған бұл үй қазақстандық миллиардерге нарықтық бағасынан 3 миллион фунтқа (қазіргі айырбас бағамы бойынша бұл шамамен 4,85 миллион доллар болады) қымбатқа сатылып кеткен.

Алайда бұл жылжымайтын мүлік әлі күнге дейін бос тұрған көрінеді. Қазір осы үй тұрған Брекнел Форист аумағының жергілікті кеңесі енді бұл үйді жаңа иесінен тәркілеу керек пе деген мәселені қарастырып жатыр екен. Англиядағы тұрғын үй заңы бойынша, жылжымайтын мүлік өзі тұрған аумақтағы адамдардың өміріне қауіп төндірсе немесе әлдебір қиыншылықтар тудырар болса, оны жергілікті билік орындары тәркілеуге құқылы.

КОРОЛЬДІК ОТБАСЫ МҮШЕЛЕРІНЕ ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІКТЕР
ЖЕҢІЛДІКТІ БАҒАМЕН БЕРІЛГЕН

«Дейли Телеграф» газетінің жазуынша, «Йорк Герцогы» ханзада Эндрю 30 бөлмелі «Корольдің аңшылық серуен үйі» атты ғимаратты 75 жыл мерзімге бар болғаны 1-ақ миллион фунтқа жалға алған екен. Бұл үй Виндзор Үлкен Паркі деп аталатын жерде салынған көрінеді.

Аталған жалға алу құқына ханзада Британияның мемлекеттік «Тәж мүлкі» (the Crown Estate) кәсіпорынымен келісім – шарт жасасу арқылы қол жеткізіпті. «Дейли Телеграф» сөзіне қарағанда, «Тәж мүлкі» бұрындары королдік отбасының қарамағында болған мүлікке меңгерушілік етумен айналысады екен.

Жалға алу келісім – шарты бойынша, «Йорк Герцогы» бұл мүлікті өзінің қыздары Беатрис пен Юджиния ханшайымдарға бере алады, ал олар мұнда жалға алу келісім – шартының мерзімі біткенше, демек 2078 жылға дейін тегін тұруға құқылы дейді басылым.

Сонымен қатар, қолда бар мәлімет бойынша, деп жазады газет, «Йорк Герцогына» аталған мекеме Беркшир графтығындағы «Саннингхилл Парк» ғимаратын 2003 жылғы тамыз айында небәрі 12 265 фунтқа фригольд (бұл Англияда қолданылған мұраға алу не өмірбойы иемденуге құқық беретін феодалдық мүлік иелену түрі; осы заң нормасының күші сонау 1925 жылы біржола тоқтатылған) негізінде иелену құқын ұсынған.

1988 жылы Уэссекстің графына (яғни Эдвард ханзадаға, Елизавета патшайымның үшінші ұлы) жылына 90 000 фунт жалға алу ақысын төлеп отыру шартымен Сюррей графтығындағы 50 бөлмелі «Бэгшот Парк» ғимараты 50 жылға жалға берілген. Бұл келісім – шарт осы жылжымайтын мүлік кешеніне енетін атқораны жылына 80 000 фунт төлеп отыру шартымен бөтен біреулерге жалға берудің алдында жасалған.

Бұның мәнісі, деп жазады «Дейли Телеграф», графқа жалға алу ақысы айына небәрі 1000 фунттан да аз сомаға түсетінін білдіреді. Ал ханзада болса, одан бері жалға алу мерзімін 5 миллион фунт төлеп, 150 жылға ұзартып алған. Газет жылжымайтын мүлік агенттерінің мұндай мүліктің нарықта шамамен 30 миллион фунт тұратынын айтып отырғанын жазады.

«Тәж мүлкі» болса өз іс-әрекеттерін мүлтіксіз, тиянақты жасалды деп ақтап отыр. Оның өкілдерінің айтуынша, ханзадаға «Саннингхилл Парк» сарайын фригольд құқы негізінде беруде еш мағына болмаған. Себебі, ол үй ағылшын патшайымына бұрыннан-ақ 125 жылға жалға берілген «жасыл аймақ» белдеуінде салынған.

«Тәж мүлкі» өкілдерінің сөзіне қарағанда, оларға «Корольдің аңшылық серуен үйі» ғимаратын нарықта ең қымбат бағаға өткізудің реті келмеген. Өйткені, бұл үйді саудалау ісінде қауіпсіздік мәселесін де есепке алу қажет болған. Ғимарат аумағында Барлық әулиелердің корольдік шіркеуі деп аталатын ғибадатхана орналасыпты.

Король отбасы мұнда өткізілетін ғибадаттарға кейде келіп қатысып тұратын көрінеді. «Тәж мүлкі» мекемесінің өкілі өзі жұмыс істейтін ұйымды қорғап, былайша мәлімдеген: «Біз патшайым отбасына [жылжымайтын мүлікке қатысты істерде] жөнсіз жеңілдік жасалды деп айта алмаймыз. Алайда, кей жайттарда қолда бар мүлікті біз нарықта еркін саудалай алмаймыз. Біз мүмкінінше ең ұтымды сауда істеуге тырыстық. [Әдетте] біздің мекеме мұндай істерді жүргізерде, тәуелсіз бағалаумен айналысушыларды табады да, аталған мамандар кеңесі бойынша әрекет жасайды».

АҒЫЛШЫНДАР КОРОЛЬ ОТБАСЫНЫҢ ИЕЛІГІНДЕГІ МҮЛІКТІ ХАЛЫҚ ИЕЛІГІНЕ БАЯҒЫДА-АҚ ӨТКІЗІП АЛЫПТЫ

Енді британ үкіметінің қарамағындағы «Тәж мүлкі» мекемесі жайлы бірер сөз. Аталған мекеме бұрын ағылшын королінің отбасының иелігінде болған не ол отбасына мұраға қалған мүлікке иелік етеді. Ағылшын корольдарынан қалған мүлік атаулының басым бөлігі бүгіндері бұл елдің королі не патшайымы қарамағындағы мүлік болып саналмайды.

Король, болмаса патшайым бұл мүлікті сата да алмайды, бұл мүліктен келіп түсетін пайда Британия патшасына тиесілі деп есептелмейді. Аталған мүліктен келетін басы артық түсім жыл сайын мемлекет қазынасына, елдегі қаржы министрлігінің қарамағына жөнелтіліп отырады. «Тәж мүлкі» мекемесі ресми түрде британ парламентіне бағынышты әрі оған жылда өз іс-әрекеті жөнінде есеп беріп отырады.

Осы аталған қазыналық мекеме британ еліндегі ең бай мүлік иеленушінің бірі болып саналады. Қазіргі күні оның қол астындағы мүлік құны мөлшермен 7,33 миллиардов фунт стерлингке тең болады деп бағаланып отыр.

Мұның ішінде қалалардағы жылжымайтын мүлік құны 5,38 миллиард фунттың маңайында делінеді. Сонымен қатар, осы мекеме көптеген ауылдық аймақ, орман алқаптары, теңіз шеті, тағысын тағы жерлердегі жылжымайтын мүлікке иелік етеді екен.
XS
SM
MD
LG