«АШТЫҚҚА САЯСИ БАҒА БЕРІЛУІ ТИІС»
Ашарлықты көзімен көрген куәлердің бірі Салық Зиманов балалық шағында көрген естеліктерін айта келіп, шетел ауған қазақтардың сандық дерегін де өз сөзінде келтіріп өтті.
- Аштан қырылғандарды арбамен тасып, қазылған шұңқырларға апарып тастап жататын. Олардың арасында тірілер де бар болатын. Әлі құрып, орнынан тұра алмай қалғандарды да өлілермен бірге шұңқырға тоғытатын. Үлкендер жұмыстан қайтып келісімен, әлгі шұңқырға барып, ашық-шашық шыбын үймелеп жатқан өліктердің бетін жауып қайтатын. Кемпір, шалдар әр жерде қалатын. Ол кезде негізінен 35-40 жастағылар қырылып жататын. Тіпті, Атырауға арқадан бала әкеліп сатып жатыр екен деп те еститінбіз. Қаладағы біреулер астыққа айырбастап алатын болуы керек. Базарда тышқанның, иттің етін сатқандар да болды. Жергілікті қазақтар өздері әрең күн көріп отырса да, аштарды қолдан келгенше паналатуға тырысатын, - деді Салық Зиманов.
Салық Зимановтың келтірген деректері бойынша, ашарлық жылдары Қапқазға 5 мың қазақ, Түркіменге 90 мың қазақ, Иранға 15 мың қазақ бассауғалап кеткен. Оның сыртында, Қытайға, Моңғолияға және басқа елдерге ауып кеткендер бар.
Қазақ зиялыларының бірінші рет қоғамдық деңгейде ашаршылық мәселесін талқылап, оған саяси баға беру керектігін парламенттің алдына қоюының өзі үлкен жетістік деп бағалады конферецияға қатысушылар. Аштық тақырыбына жазылған қазақ әдебиетіндегі алғашқы толыққанды шығарма «Ақ боз үй» кітабының ауторы, жазушы Смағұл Елубай қазақ зиялылары атынан парламентке ашық хат жазылғанын мәлім етті.
- Біз бұл мәселені парламенттің алдына қоямыз. Бұған парламент келісімін береді деп ойлаймыз. Қолдағаннан кейін бірнеше баптан тұратын аштыққа байланысты іс-шаралар жүзеге асырылуы тиіс. Жұрттың ұсынысы 1920-30-шы жылдары 4 млн. қазақтың қырылуына кім кінәлі? Бұған кім жауап береді дейді. Бұған коммунистік партия кінәлі. Сондықтан, коммунистік партия символикалық түрде сотқа тартылып, жұрт алдында айыбы мойнына қойылуы тиіс,- деді Смағұл Елубай.
«АШТЫҚ - СОВЕТ ҮКІМЕТІНІҢ ҚАЗАҚҚА ЖАСАҒАН ҚИЯНАТЫНЫҢ БІР ҰШЫҒЫ ҒАНА»
Алайда, саясаттанушы, мемлекеттік тілді қолдау қорының төрағасы Берік Әбдіғали қазіргі билік аштыққа саяси баға беруде Ресейге жалтақтайтын шығар дейді. Оның ойынша, биліктің аштыққа саяси баға беруін күтіп отырмай-ақ, зиялылар, жалпы қазақ қоғамы ұлттық тарихи мәселелерге қозғау сала беруі қажет. Саясаттанушының пікірінше, сонда ғана билік совет өкіметі тарапынан жасалған қиянаттарды мойындайды.
Қазақстан Жазушылар одағында өткен конференцияға тарихшылар да қатысты. Алаштанушы ғалым Мәмбет Қойгелді аштық - совет өкіметінің қазақ халқына жасаған зор зұлымдықтарының бірі ғана. Сондықтан, совет өкіметінің ұлтқа жасаған қасақана қиянаттардың басында тұрған совет өкіметінің бүкіл қызметіне толықтай саяси баға берілуі қажет екенін атап көрсетті.
-Аштық -трагедияның бір бұтағы ғана. Оның қатарында репрессия да бар. Ең басты шабуыл ұлттық санаға жасалды. Сөйтіп, совет өкіметі ұлттық сананы шайып жіберді. Сол үшін біз сталинизм мен кеңестік жүйеге кешенді түрде толықтай саяси баға беруіміз керек. Сосын бізде шешілмей жатқан үлкен нәрсе ол - өзімен бірге аштықты, репрессияны, ұлттық сананың дағдарысын ала келген советтік билікке кешенді зерттеу жоқ. Қазір зерттеулердің бәрі үзік-үзік.
Кешенді зерттеу жасалу үшін арнайы ғылыми орталықтар ашылу керек те, оған жас буын ғалымдар яғни тарихшылар, филологтар, социологтар, философтар тартылуы қажет. Қазіргі кезде 20-шы ғасырдағы қазақ тарихы әлі жазылған жоқ. Оның мұрағаттары да ашылған жоқ. Біз Тәуелсіз елміз. Кімге жалтақтаймыз. Егер біз дамуымызды дұрыс бағытқа қойғымыз келсе, тарихымызды толықтай зерттеп, оны тұжырымдап, оқулықтарға енгізгеннен кейін ғана әрі қарай жылжуымыз керек деп ойлаймын,- деді Мәмбет Қойгелді.
Сонымен қатар, конференцияға қатысқан актер Асанәлі Әшімов қазақ зиялыларының бастамасының орынды екенін айта келіп, мұндай ашық хаттардың көбі аяқсыз қалып қоятынын және ұлт мәселесіне келгенде, бүгінгі зиялылардың әлі күнге жалтақтық танытып келе жатқанын да атап өтті.
Қазақстанда 1921- 22-ші жылдары да аштық болып, онда 1млн. 200 мың қазақ қырылып қалған болатын. Сол кездегі алаш зиялылары Әлихан Бөкейхан, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынұлы аштарға көмек орталықтарын құрып, елге шығып, сауын-салауат жинап, Торғайдағы аштыққа ұшыраған қазақтарға 8 мың бас мал айдап апарып үлестірген болатын. 14 малшы жалдап, 8 мың малды Торғай қазақтарына апарып үлестіргені үшін Жүсіпбек Аймауытов сотты болып, Алаш зиялыларының араша түсуімен ақталып шыққан еді.
(Бұл деректер тарихшы һәм жазушы Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным Алаш» кітабынан алынды)