Accessibility links

ЖСДП мен Азат партиясы бірігіп, тұңғыш қазақ ғарышкері Әубәкіров оппозицияға өтті


Азат ЖСДП партиясының тең төрағалары Жармақан Тұяқбай және Болат Әбілов екі оппозициялық партияның бірігу съезінде. Алматы, 24 қазан 2009 жыл.
Азат ЖСДП партиясының тең төрағалары Жармақан Тұяқбай және Болат Әбілов екі оппозициялық партияның бірігу съезінде. Алматы, 24 қазан 2009 жыл.

Қазақстандағы екі оппозициялық партия - ЖСДП және Азат демократиялық партиясы бірікті. Азат жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының қатарына тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров қабылданды.

«КЕЛІСПЕУШІЛІКТЕР МЕН БӨЛІНУШІЛІКТЕР ЕНДІ БОЛМАЙДЫ»

Қазанның 24-і күні Алматыда Азат демократиялық партиясы және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының бірлескен съезі болып өтті. Барлығы 421 делегат қатысқан съезде екі партияның бірігуі туралы шешім қабылданды.

Сонымен бірге, съезд бірлескен оппозициялық партияның тең төрағалары ретінде Жармақан Тұяқбай мен Болат Әбіловті сайлады. Ал партияның хатшысы болып Әміржан Қосанов бекітілді.

Азат ЖСДП тең төрағасы Жармақан Тұяқбай. Алматы, 24 қазан 2009 ж.
– Шындығына келгенде біз бұрындары да біріктіріп келген идеологияның аясына заң тұрғысында бірігіп отырмыз. Бұл процесс екі жылға созылғаны рас. Мен асырып сөйлеудің шебері емеспін. Бірақ мен барлық демократиялық қозғалыстарды, барлық саяси жүйені жаңа деңгейге жеткізетін теңдессіз партияны құрып жатқанымызға сенімдімін, – деді Тұяқбай.

Бұл екі партия осыдан екі жыл бұрын – 2007 жылғы парламент сайлауы қарсаңында бір блогқа бірігіп, сайлау аяқталған соң ажырасқан болатын. Алайда Болат Әбілов бұл жолғы бірігудің ғұмыры ұзақ болады дегенді айтып отыр.

– Біздің бірігетінімізге күмәнмен қарағандар көп болды. Бірақ оппозицияның бірліктен басқа жолы жоқ еді. Бұл түпкілікті ойланып барып қабылданған шешім екендігін айтқым келеді. Ендігі жерде келіспеушіліктер мен бөлінушіліктер болмайды, – деді Әбілов.

ҒАРЫШКЕР ӘУБӘКІРОВ ОППОЗИЦИЯДА

Съез барысында бірлескен партияның құрамына бірқатар танымал тұлғалар қабылданды. Олардың арасында тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, саясаткер Балташ Тұрсынбаев, оппозициялық «Свобода слово» газетінің бас редакторы Гүлжан Ерғалиева, «Тасжарған» жобасының жетекшісі Ермұрат Бапи бар.

Съезде ғарышкер Әубәкіровтің мінберге көтерілу сәтіне жиналған жұртшылықпен бірге партияның президиум мүшелері де түрегеп тұрып
Тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров оппозицялық партияның қатарына өтті. Алматы, 24 қазан 2009 ж.
қошемет көрсетті.

– Бүгін қарапайым халық армандаған күн туып отыр деп мен санағым келеді. Бүгін тарихи күн. Қазақстанның екі оппозициялық белді партиясының бірігуін көп адам күтті. Мен бұл сәтті ұзақ күттім. Бұл менің арманым еді. Мен қашан елде халықтық партия пайда болады, соған қашан кіремін деп ұзақ күттім, – деді 2004-2007 жылдар аралығында парламент мәжілісінің депутаты болған Тоқтар Әубәкіров.

Кезінде үкімет құрамында болып, кейін оппозиция санатында да қызмет атқарған саясаткер Балташ Тұрсынбаев, бүгінгі съезде сөйлеген сөзінде, партияның бірігуін бар болғаны алғашқы қадам деп бағалап, оның тағдыры басшылардың көрегендігіне байланысты екендігін атап көрсетті.

Бір атап өтер нәрсе, жаңадан бір ұйымға біріккен екі партияның бірлескен съезіне елдегі басқа да оппозициялық күштердің жетекшілері, атап айтқанда, Коммунистік партияның төрағасы Серікболсын Әбділдин және «Алға» партиясын тіркеу комитетінің төрағасы Владимир Козлов қатысқан жоқ.

ПАРТИЯЛАРДЫҢ БІРІГУІ САЙЛАУДЫҢ ЖАҚЫН ЕКЕНДІГІН БІЛДІРЕ МЕ?

Съезд арасындағы үзілістерде бірқатар адамдар екі партияның бүгінгі бірігуі алда сайлаудың жақын қалғанын байқатады дегендей пікірлер
Саясаткер Балташ Тұрсынбаев та оппозициялық партияға кірді. Алматы, 24 қазан 2009 ж.
білдіріп жатты. Одан қалды бірқатар дерек көздері жыл аяғына дейін Қазақстанда бір партиялық парламент таратылып, көп партиялық жүйе негізінде парламенттік сайлау өткізіледі дегендей болжамдарын айтып қалды.

Тәуелсіз саяси сарапшылар да сайлаудың болу мүмкіндігін жоққа шығармағанымен, әзірге оны кесіп айтуға ерте деген пікірде.

– Біріншіден, екі партияның бірігуі – оппозицияның ішінде өздігінен болып жатқан процеске ұқсайды. Екіншіден, оппозиция қандай да бір саяси науқанға алдын ала дайын отырғаны дұрыс. Сайлау болады
Азат ЖСДП тең төрағасы Болат Әбілов оппозициялық екі партияның бірігу съезінде. Алматы, 24 қазан 2009 ж.
екен деген әңгіме былтырдан бері айтылып келеді. Соңғы уақыттары президент Нұрсұлтан Назарбаевтың аймақтарға сапары сайлау алды үгіт-насихат жұмыстары сияқты болып өтті, – деді саясаттанушы Досым Сәтпаев.

Біріккен партиялардың басшылары тарапынан бұл турасында ашық мәлімдеме болған жоқ. Бірақ жаңа партияның тең төрағасы Болат Әбілов съезде сөйлеген сөзінде болашақтағы сайлауда толысқан күшпен жеңіске жететіндігіне шүбә келтірмейтіндігін мәлімдеді.

– Біз үшін тәуелсіз Қазақстан тарихында әділ сайлаудың өткені маңызды. Республикада әділ сайлау өткізілген жағдайда Азат жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы жеңіске жететіндігіне сенімдімін, – деп ұрандатты Әбілов.

Биылғы жылы сәуірдің 11-і күні оппозициялық төрт партия: Азат, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, Қазақстанның Коммунистік партиясы және ресми тіркелмеген «Алға» партиясы өзара бірігу мәселесін талқылап, ұйымдастыру комитетін құрған болатын.

Алайда коммунист Әбділдин мен алғалық Козлов оппозицияның бірігуі ұсынысынан бас тартқан еді.
XS
SM
MD
LG