Accessibility links

Санкт-Петербор мұрағаттарында Мұстафа Шоқайға қатысты жаңа құжаттар табылды


 Мұстафа Шоқай – Тәшкенттегі ерлер гимназиясының түлегі. Орталық мемлекеттік тарихи мұрағат, Санкт-Петербург, Ресей. Қыркүйек, 2009 жыл.
Мұстафа Шоқай – Тәшкенттегі ерлер гимназиясының түлегі. Орталық мемлекеттік тарихи мұрағат, Санкт-Петербург, Ресей. Қыркүйек, 2009 жыл.

Азаттық радиосы жүргізген зерттеулер барысында Санкт-Петербордың мұрағаттары мен кітапханасында Мұстафа Шоқайдың өмірі мен қызметі туралы жаңа құжаттар табылды. Бұл құжаттар Шоқайдың Әлихан Бөкейханмен құпия байланыстары жайын анықтай түседі.


МҰСТАФА ШОҚАЙДЫҢ ЖАҢА ФОТОСУРЕТІ

Әңгіме қазақтың жас жігіті Мұстафа Шоқай 1910-1914 жылдары оқыған Санкт-Петербор Императорлық институтының ісі жайында болып отыр. Санкт-Петербор мен Ленинград облыстық Орталық мемлекеттік тарихи мұрағатында сақталған №281 істе оның аты-жөні «Чокаев Мустафа Чокаевич» деп жазылған.

Мұстафа Шоқай туралы жаңа мұрағаттық құжаттар кездейсоқ табылды. Өйткені, негізгі мақсат тағы бір тарихи тұлға – ХХ ғасырдың басындағы қазақтың ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысының көсемі, Алашорда автономиясының төрағасы Әлихан Бөкейхан туралы деректер, құжаттар іздеу болатын.

Атап айтқанда, Мұстафа туралы жаңа деректер Әлихан Бөкейханның 1894 жылы ғалым-орманшының дипломын алумен қатар Санкт-Петербор университетінің заң факультетінде оқуы, нақтылай айтқанда оны экстернді түрде бітіру мүмкіндігі жайында материалдар іздеу үстінде табылды.

Мұстафа Шоқайдың ісіндегі №3 парақта оның 18-20 жасар кезде түскен, күні бүгінге дейін белгісіз болып келген суреті бірден көзге түседі. Ташкенттегі «Д. В. Назаровъ» ательесінде осыдан 100 жылдан аса бұрын түсірілген, осы уақытқа дейін түсін де, сапасын да жоғалтпаған фотосуреттің сақталуына тіпті қазіргі фото мамандары да қызыққандай.

Санкт-Петербург Императорлық университетінің заң факультетіне студент қатарына қабылдауды сұрап ректордың атына Мұстафа Шоқайдың жазған өтініші. Орталық мемлекеттік тарихи мұрағат, Санкт-Петербург, Ресей. Қыркүйек, 2009 жыл.
Бұл істің келесі №4 парағынан Мұстафа Шоқайдың Санкт-Петербор университетінің ректорының атына оны студент қатарына тіркеу туралы өз қолымен жазған өтінішін («прошеніе») оқуға болады. Құжаттың төменгі жағында хатшының: «Документы проверены 30 іюня. 1910» («Құжаттар 1910 жылдың 30 маусымында тексерілді») деген мөртаңбасы, ал жоғары жағында: «Зачисленъ въ студенты 6 іюля. 1910. Ректор» («Студенттер қатарына 1910 жылдың 6 шілдесінде тіркелді. Ректор») деген мөртаңба басылған.

Мұстафа өтіншінің мазмұнынан барынша қызығушылық тудыратыны оның соңғы абзацы. Онда өтініш иесі Санкт-Петербор университетінде өзінің оқуының ақысын кім төлейтіндігін айтады:

«...О результате сего прошу Ваше превосходительство уведомить меня чрезъ канцелярію Ташкенсткой гимназіи, что необходимо иметь для предъявленія въ главное управленіе учебными заведеніями Туркестанскаго края на предметъ полученія стипендіи въ память коронованія Ихъ Императорскихъ Величествъ.

Одновременно съ симъ мною переведено по почте на имя г. казначея Университета двадцать пять руб. (25 р.) въ счетъ платы въ пользу Университета. Іюня 21 дня 1910 г. Ташкентъ. [Подпись]. Мой адрес: Ташкентъ. Мужская гимназія. Для Мустафы Чокаевича Чокаева».

(«...Жоғары мәртебелім, бұның нәтижесі жайында маған Ташкент гимназиясының кеңсесі арқылы хабарлауыңызды өтінемін. Бұл маған Императорлар әулетінің таққа отыру құрметіне орай шәкіртақы алу үшін Түркістан өлкесінің оқу орындары жөніндегі бас басқармасына ұсынуға керек.

Бұған қоса айтарым, мен пошта арқылы университет пайдасы үшін оқу ақысы ретінде университет қазынашысының атына жиырма бес рубль аудардым. 1910 жылдың 21 маусымы. Ташкент. (Қолы). Мекен-жайым:Ташкент. Ерлер гимназиясы. Мұстафа Шоқайұлы Шоқаев үшін».)

МҰСТАФА ӨТЕ ЖАҚСЫ ОҚЫДЫ

Мұстафаның Ташкенттегі ерлер гимназиясын бітіргендігі туралы кәмелеттік аттестат және кейінірек Санкт-Петербор университетінің заң факультетін бітіргендігі туралы диплом оның өте қабілетті болғандығын көрсетеді.

Мұстафа Шоқайдың Тәшкенттегі ерлер гимназиясын тәмамдағаны туралы аттестат. Орталық мемлекеттік тарихи мұрағат, Санкт-Петербург, Ресей. Қыркүйек, 2009 жыл.
Мұстафа он бір пәннің жетеуінен «5» деген баға алған. Құдай заңын үйренуден мұсылман дінінде болғандықтан, босатылған (от изучения закона божьего освобожден в виду принадлежности к «магометанскому вероисповеданію»). Латын, неміс, француз тілдері мен «математикалық география» сабағынан «4-тік» баға алған.

№9 парақта Мұстафаның өзге суреті жапсырылған студенттік билеті («билет для входа в Императорский С.-Петербургский университет на 1913 - 1914 учебный годъ») сақталыпты. Мұстафа бұл суретке Санкт-Петерборда түссе керек, өйткені үстіне кигені студент формасы.

Төменірек, №11 парақта «Заң факультеті студентінің жазбасын..» немесе қазіргі тілмен айтқанда студенттің есеп кітапшасын көруге болады. Мұнда да Мұстафаның суреті жапсырылып, кітапша 1910 жылдың 6 шілдесінде, яғни студенттер қатарына тіркеле салысымен берілген.

МҰСТАФАНЫҢ ТУУ ТУРАЛЫ КУӘЛІГІ

Бұдан ары Мұстафа Шоқайдың ісіндегі №17 парақта мазмұны қызығушылық тудыратын куәлік көшірмесі тігілген. Онда патша шенеуніктік аппаратының бюрократтық дәстүрлеріне тән үрдіспен сөзбе-сөз былай деп жазылған:

«1902 года 10 марта. Мы, нижеподписавшіеся киргизы № 3 аула Гродековской волости, симъ свидетельствуемъ, что отъ законной жены одноаульца нашего Чокая Тургаева – Бахтыбике – въ 1890 году въ декабре месяце родился сынъ, которому дано было имя «Мустафа».

Мұстафа Шоқайға «1913-1914 оқу жылдары Санкт-Петербургтің Императорлық университетіне кіру үшін» берілген студенттік билет. Орталық мемлекеттік тарихи мұрағат, Санкт-Петербург, Ресей. Қыркүйек, 2009 жыл.
Въ чемъ удостоверяемъ: Алишь (немесе Аминъ болуы мүмкін – Аутор) Тургаевъ, Абубакиръ Алишевъ, Шаймухаммедъ Дүйсемановъ и Палмухаммедъ Айтмухаммедовъ расписались. Мулла, давшій имя ребенку, Абубакиръ Алишевъ расписался.

Настоящее удостовереніе явлено мне, народному судье, Осману Тургаеву. Записано въ актовую книгу подъ № 3, что удостоверяю приложеніемъ должностной печати. Османъ Тургаевъ.

Перевелъ письменный переводчикъ, губернскій секретарь Ир. Касымовъ. Подпись».

(«1902 жылдың 10 наурызы. Біз, төменде қол қоюшы Гродеков болысы №3 ауылының қазақтары 1890 жылдың желтоқсан айында ауылдасымыз Шоқай Торғаевтың заңды әйелі Бақытбикеден ұл туып, оған «Мұстафа» деп ат қойылғанын растаймыз.

Растап қол қоюшылар:Әліш Торғаев, Әбубәкір Әлішев, Шаймұхаммед Дүйсеманов және Палмұхаммед Айтмұхаммедов. Балаға ат қойған молда Әбубәкір Әлішев.

Осы куәлік, маған - халық биі Оспан Торғаевқа әкелінді.

Қазақшаға тілмаш, губерниялық хатшы Ир. Қасымов аударды».)

№38 парақта 1910 жылдың 14 маусымында Ташкентте Сырдария облыстық басқармасы («Сыръ-Дарьинскимъ областнымъ правленіемъ») берген №15806 куәліктің көшірмесі тігілген. Мұнда да Мұстафа туралы жаңа, қызықты деректер келтірілген. Онда былай деп жазылған:

«Удостовереніе. Дано сіе сыну киргиза Перовскаго уезда, Гродековской волости, Мустфае Чокаеву въ томъ, что онъ, Чокаевъ, какъ туземецъ Туркестанскаго края, на основаніи 42 ст[атьи]. Уст[ава]. о воин[ской]. повин[ности]., отбыванію воинской повинности не подлежитъ.

Удостовереніе это, на основаніи ст. 111 Уст. о воин. повин., оплате гербовымъ сборомъ не подлежитъ».

(«Куәлік. Бұл куәлік Перовск оязы, Гродеков болысы қазағының ұлы Мұстафа Шоқаевқа берілді. Ол, Шоқаев, Түркістан өлкесінің жергілікті тұрғыны ретінде Әскери қызмет туралы жарғының 42-бабының негізінде әскери қызметке алынбайды».)

ПЕТЕРБУРГ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ДИПЛОМЫ

Зерттеушілер үшін келесі құжат та қызығушылық тудыруы мүмкін. Онда жас қазақ студентінің университетте оқу барысында қандай курстарды тыңдағаны туралы деректер бар. Атап айтқанда, куәлікте былай деп жазылған:

Санкт-Петербург Императорлық университетінің заң факультетін Мұстафа Шоқайдың тәмамдағаны туралы куәлік (диплом). Орталық мемлекеттік тарихи мұрағат, Санкт-Петербург, Ресей. Қыркүйек, 2009 жыл.
«Предъявитель сего Мустафа Чокаевич Чокаев, магометанскаго вероисповеданія, сынъ киргиза (казаха), родившійся въ декабре 1890 года, былъ принятъ по аттестату зрелости гимназіи Ташкентской отъ 2 іюня 1910 г. за № 1035 въ число студентовъ Императорскаго С.-Петербургскаго Университета въ іюле 1910 года и зачисленъ на Юридическій Факультетъ, на которомъ слушалъ курсы:

по Исторіи Римскаго права, Догме римскаго права, Исторіи Русскаго права, Государственному праву, Церковному праву, Полицейскому праву, Политической экономіи, Статистике, Гражданскому праву и Судопроизводству, Торговому праву и Судопроизводству, Уголовному праву и Судопроизводству, Финансовому праву, Международному праву, Энциклопедіи права, Исторіи философіи права

и, по выполненіи всехъ условій, требуемыхъ правилами о зачете полугодій, имеетъ восемь зачтенных полугодій.

Въ удостовереніи чего, на основаніи ст. 77 Общаго Устава Императорскихъ Россійскихъ Университетовъ 23 августа 1884 года, выдано это свидетельство отъ Юридическаго Факультета Императорскаго С.-Петербургскаго Университета за надлежащею подписью и съ приложеніемъ университетской печати 24 сентября 1914 года, за № 3830.

Свидетельство это видомъ на жительство служить не можетъ».

(«Осы куәлікті ұсынушы Мұстафа Шоқайұлы Шоқаев, мұсылман дінінде, 1890 жылы желтоқсанда дүниеге келген қазақтың ұлы. Ол Ташкент гимназиясын бітргендігі жөніндегі 1910 жылы №1035 кәмелеттік аттестатпен Санкт-Петербордың Императорлық университетінің студенттері қатарына алынып,
Санкт-Петербург Императорлық университетінің заң факультетінің студенті Мұстафа Шоқайдың есеп кітапшасы. Орталық мемлекеттік тарихи мұрағат, Санкт-Петербург, Ресей. Қыркүйек, 2009 жыл.
1910 жылғы шілдеде Заң факультетіне тіркелді. Онда төмендегі курстарды тыңдады:

Рим құқығының тарихы, рим құқығының догмасы, Орыс құқығының тарихы, Мемлекеттік құқық, Шіркеу құқығы, Полиция құқығы, Саяси экономия, Статистика, Азаматтық құқық және Сот өндірісі, Сауда құқығы және Сот өндірісі, Қылмыстық құқық және Сот өндірісі, Қаржылық құқық, Халықаралық құқық, Құқық энциклопедиясы, Құқық философиясының таихы бойынша.»)

Бұдан ары заң факультетінің деканы В.Удинцевтің және фамилиялары түсініксіз жазылған факультет хатшысы мен заң факультеті ғылыми кеңесі хатшысының қолдары тұр.

Аталған құжаттың ең төменгі тұсында куәлікті 1914 жылдың 29 қыркүйегінде алғандығы туралы Мұстафа Шоқайдың өз қолтаңбасы бар.

24 ЖАСЫНДА МҰСЫЛМАН ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ

Оқу бітірген Мұстафа Шоқайға берілген №782 куәлікте: «выдано выпускнику Мустафе Шокаю срокомъ по 20 августа 1915 года для свободнаго проживанія въ г. С.-Петербурге, его пригородахъ и населенныхъ пунктахъ по линіямъ железной дороги» деп жазылған.

(«Бұл куәлік оқу бітіруші Мұстафа Шоқайға берілген. Оған 1915 жылдың 20 тамызына дейін Санкт-Петербор қаласы мен оның айналасында, теміржол желісі бойында еркін тұруға рұқсат етілген».)

Бұдан ары С-Петербуогдан 50 шақырым (верст) қашықтықта орналасқан қала маңындағы елді мекендердің аттары жазылған.

Бұл жерде айта кететін маңызды бір мәселе, жас Мұстафа Шоқайдың Әлихан Бөкейханмен кездесуі шамамен 1914-1915 жылдары болған. Әлиханның уәжімен жас Мұстафаның Петерборда бөгеліп қалуы әбден мүмкін.

Өйткені, 1916 жылы Әлихан Бөкейхан бірінші жалпыұлттық «Қазақ» газетінің бетінде Мұстафаны Ресейдің төртінші Мемлекеттік думасының Мұсылман фракциясының бюросына хатшылыққа ұсынды.

Сонымен бірге, дәл сол «Қазақ» газетінде кейінірек жарияланған мақалалардан Әлихан Бөкейханның бұл бастамасы сол жылдары Санкт-Петербургте тұрған қазақ зиялыларының шағын тобының ашу-ызасын туғызғаны байқалады. Олар Мұстафа Шоқайды «саясат үшін әлі жас және тәжірибесі жоқ» деп есептеген.

Мұстафаның қаншалықты «жас және тәжірибесіз» болғандығын арада бір жыл өткен соң, 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін Қоқанда болған тарихи бетбұрысты оқиғалар көрсетіп берді. Мұнда оның бастамасымен және тікелей басшылығымен Қоқан автономиясы деген атпен белгілі Түркістан Мұхтариатының құрылғандығы жарияланды. Шамасы, алғашқы ұстазы Әлихан Бөкейханның саяси сабақтары мен тәжірибесі бекер кетпеген сияқты.

Ал, қазақтардың көсемі оны мұсылман фракциясының хатшылығына ұсынған 1916 жылдың күзінде Мұстафа әлі 26 жасқа да тола қоймаған еді. Ол 1890 жылдың желтоқсан айында дүниеге келген.

МҰСТАФАНЫҢ ЕҢБЕКТЕРІ ӨЗІНІҢ ЗЕРТТЕУШІЛЕРІН КҮТУДЕ

Жоғарыда айтылған барлық мұрағаттық құжаттар мен ондағы жаңа деректер Мұстафа Шоқайдың өмірі мен қызметін зерттеушілер үшін нақты деректер береді.

Бүгінде Қазақстанда, Ресейде және өзге де бірқатар елдерде Мұстафа Шоқайдың өмірі мен қызметі туралы барынша мол мақалаларды табуға болады. Тек Қазақстанның өзінде Мұстафа Шоқайдың «Түркістан Советтердің үстемдігі астында», 2 томдық «таңдамалылары», «Түркістандағы төңкеріс. Ақпан дәуірі» атты белгілі еңбектері жарияланды.

2002 жылы Мәскеуде шыққан «Ресейдегі азамат соғысы:оқиғалар, пікірлер, бағалар» деген кітапта оның «Орта Азиядағы ұлттық қозғалыс» атты еңбегі жарияланды.

Бірақ бұл әлі де жеткіліксіз. Кавказ елдерінің, Түркияның және Батыс Еуропаның газеттерінде түрік, француз, ағылшын, неміс тілдерінде жарияланған Шоқайдың толып жатқан мақаласы әлі күнге дейін қазақ және орыс тілдеріне аударылған жоқ. Олар өз зерттеушілерін күтіп жатыр.

Алайда, Мұстафа Шоқай өмірінің ең бір маңызды, әсіресе 1910-1917 жылдары оның қоғам қайраткері және көсемсөзші ретінде қалыптасқан Санкт-Петербор кезеңі жайындағы замандастарының зерттеулерінен талай кемшілікті байқауға болады.

МҰСТАФАҒА АҚЫЛШЫ БОЛҒАН ӘЛИХАН

Қазақ және шетелдік ғалымдардың азын-аулақ зерттеулерінде Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейханның қоғамдық процесстерде ысыла қоймаған Мұстафаның дүниетанымы мен көзқарасының қалыптасуына ықпал жасаған маңызды кезеңі айтылмай кетеді.

1912 жылдан Ресей Конституциялық-демократиялық партиясы ОК-нің мүшесі болған, бұған дейін (шамамен 1907-1908 жылдары) «Темірқазық" (Полярная звезда») Санкт-Петербор масондар ложасына қабылданған Әлихан Бөкейхан жас Мұстафа Шоқайды Ресейдің жоғары саяси ортасына алып кірді. Өзінің сия көк түсті туының астына саяси партия басшыларын жинаған масондар ложасының мақсаты Ресейдегі самодержавиелік билікті құлату болатын.

Мұстафаның саяси публицистикадағы алғашқы сабақтарын Әлихан Бөкейханнан алғанын да қаперден шығаруға болмайды. Оның алғашқы мақалалары 1916-1917 жылдары «Қазақ» газетінің бетінде «Алаш» қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейханмен қосалқы ауторлықта шықты.

Сонымен бірге, Мұстафа Шоқай туралы кейбір зерттеулер, жұмсартып айтқанда, түпнұсқа мұрағаттық, фактологиялық материалдардың жеткіліксіздігімен, қандай да бір оқиға датасының және аты-жөндердің дәлсіздігімен ғана емес, жанынан қосып жазғандығымен де кемшілігі бар. Бұл жерде салқынқанды талдау, бағалау мен қорытындыға қарағанда зерттеушінің эмоциясы көбірек көрініс береді.

Қазақтардың ұлттық тарихы ғана емес, Мұстафа Шоқайдың тұлғалық өмірбаяны үшін де маңызы бар, 1918 жылғы ақпанда Түркістан Мұхтариаты қиратылғаннан оның Түркия арқылы Францияға эмиграцияға кеткен кезіндегі аз ғана уақыт аралығы нақтылауды және барынша жіті назар аударуды қажет етеді. Оның қызметінің Париждегі кезеңіне байланысты да талай сұрақтар бар.

Мәселен, 1925 жылы кезінде танымал болған қазақтың әншісі, домбырашы Әміре Қашаубайұлы (Қашаубаев) түрлі халықтардың мәдени күндері өткен Парижде ән салды. Айтпақшы, бұған қатысты Әлихан Бөкейхан өзінің досы, серігі Ахмет Байтұрсынұлына 1923 жылғы 23 маусымда Мәскеуден былай деп хат жазды:

«Әміре Қашаубайұлын Парижге жібермекші. ...Мен оны ьірыңғай әншілердің үйіне апарып, ән салғыздырттым. Дауысын мақтастық, әйтсе де ән салған кезде, мен қатты ұялдым. Айтқан әнінің сөзінде мән болсайшы! Парижде мәнді ән талап етеді ғой.

Парижге жібермес бұрын оған ең болмаса жақсы бір әнді жаттатуға болады ғой! Әміремен бірге бара жатқан өзге халықтардың әншілері өздерінің ұлттық киімдерін киіп алған. Ал біздің Әміре орыс мещанынша киініпті?!. Бұл соншалықты қин ба еді?!»

МАСОН ЛОЖАСЫ АРҚЫЛЫ БАЙЛАНЫС БОЛДЫ МА?

Ғылымның барлық саласы сияқты тарихнамада да, әсіресе тақырып маңызды тарихи тұлғалар мен кезеңдер туралы болғанда, онда ұсақ-түйек дегеннің болмайтыны белгілі. Зерттелушінің тұлғасы мен сипаты дәл осы ұсақ-түйектерден құралады. Шағын ғана бір жайт 1920-1930 жылдарда темір шымылдық орнаған кезде Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқайдың қалай байланыста болғанын анықтай түседі.

Әлихан Бөкейхан Парижде тұрып жатқан Мұстафаға арнаған хатын жол жүріп бара жатқан қазақ әншісінің ұлтарағының астына салып жіберген және жауапты да осы жолмен алған! Кейін Мұстафаның өзі еске алғанындай, ол Әмірені Мәскеуге қайтуға әзер үгіттеп көндірген.

Әр нәрсеге әуес келетін зерттеуші үшін осы жерде бірнеше сұрақ туындауы керек. Мысалы, егер олар эмиграцияға дейін бұл жайында келіспеген болса және олар осы уақытқа дейін байланыста болмаса, онда Әлихан Бөкейхан шәкіртінің Парижге келгенін қайдан білген?

Ақылшы ұстаз бен оның шәкірті бір-бірінен бөлек Алашорда және Қоқан автономиясы деп аталатын ұлттық-территориялық автономиялар құрды. Бірақ, оның өмірі ұзаққа бармады. Ал енді эмиграциядағы Мұстафа Шоқайдың Үлкен Түркістанды қайтадан құру идеясы өткен қателіктер мен әттеген-айларды сарапқа салып, ой елегінен өткізген Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқайдың ортақ көзқарасы емес пе екен деген екінші сұрақ туындайды.

Үшінші сұрақ, Мұстафа Шоқай Әлихан Бөкейханды сыртқы әлеммен байланыстырған бірден бір адам ба? Әлихан Бөкейхан Патшалық Петр Столыпиннің үкіметі билік жүргізіп тұрған кезде астыртын күрес мектебінен өткенін де ұмытпауымыз керек.

Әлихан Бөкейханның қызы Елизаветаның еске алуынша, шамамен 1930 жылдардың бірінші жартысында әкесі француздың «Фигаро» газетімен құпия байланысып, газет бетінде оның мақалалары шығып тұрған. Бұл жайында ол Әлихан Бөкейханның немере туысы Сырым Бөкейхановқа айтып берсе, өз кезегінде одан осы жолдардың ауторы естіген.

Бірақ, Мұстафа Шоқай Парижге келгенде ол қандай астыртын арналар, кім арқылы бұл байланыстарды ұстап тұрды? Әрине, бұл жайдан-жай туып отырған сұрақ емес.

Мұстафа Шоқай алдымен Түркияға өтті. Мұнда оның Үлкен Түркістан туралы идеясы қолдау табуы мүмкін еді. Бірақ ол мұнда қалмай, өзге елді де таңдамай, тура Парижге барып тұрақтады. Осы жай және Әлихан Бөкейханның француздық «Фигаро» газетімен байланыста болуы қалай болғанда да соңғысының орыс масондарының қатарындағы қызметімен байланысты сияқты.

ХХ ғасырдың басында қайта көтерілген орыс масондарының Санкт-Петербордағы «Темірқазық» және Мәскеудегі «Қайта өрлеу» ұйымдары француздық «Ұлы Шығыс» масондық ложасының филиалы болғанын естеріңізге саламын.

Ресейдің екі астанасындағы ложалар да француздық «бауырлардың» келісуі мен бата беруімен, олардың өкілдерінің қатысуымен 1906 жылы ашылды. Бұл масондар ұйымының бүкіл әлемдегі міндетті атрибуты болып табылады.

Тағы бір жай. 1923 жылы Владимир Лениннің тікелей нұсқауымен қазақтардың көсемі Әлихан Бөкейхан Мәскеудегі СССР халықтарының орталық баспасына Қазақстаннан айдауылмен әкелініп, ол «Темірқазық» атты журнал шығара бастады. Әдетте қазақтар Поляр жұлдызын «Темірқазық» деп атайды. Бұл кездейсоқ сәйкестік пе?

Әлихан Бөкейханның өзі 1905 жылы жазғанындай «құпияның барлығы кейін ашылады». Бір сөзбен айтқанда, тарихшылар үшін тақырыптар мен онымен байланысты сұрақтар жетерлік. Бұл үшін ондаған жылдар қажет болар.

Бірақ, бір жаңалықты, Әлихан Бөкейханның өміріндегі бір үлкен құпияны, оның өліміне байланысты жайды қазір айта кетпекпіз. Петербург кезеңіне байланысты Азаттық радиосының жүргізген зерттеулер сериясынан соң бізбен Қазақстандық журналистер Әділ Нұрмақов пен Болат Мүрсәлім хабарласты. Олар Әлихан Бөкейхан Мәскеуде атылған соң оның қайда жерленгенін білетіндігін айтты. Әлихан Бөкейхан Дон зиратында жерленіпті.

Дон зиратының директоры Александр Деменков Азаттық радиосына Әлихан Бөкейханның аты-жөні 1937 жылы 27 қыркүйекте ортақ қорымда жерленген адамдардың тізімінде бар екендігін растады. Бұл жайында егжей-тегжейлі жақын арада, келесі репортажымызда айтамыз.
XS
SM
MD
LG