Accessibility links

Президент Назарбаев шетелдік инвесторларға қыспаққа алу мен мәжбүрлеуді емес, келісімге келуді артық санайтынын айтты


Тәуелсіздік сарайындағы шетел инвесторлары Кеңесінің пленарлық мәжілісі туралы хабарландыру. Астана, 4 желтоқсан 2009
Тәуелсіздік сарайындағы шетел инвесторлары Кеңесінің пленарлық мәжілісі туралы хабарландыру. Астана, 4 желтоқсан 2009

Астанада өткен жиында президент Назарбаев инвесторларды Қазақстанның қазба байлықтарымен қатар кең байтақ жерін де игеруге шақыра отырып, Қытайдың 1 млн. гектар қазақ жерінен дәмелі екенін мысалға келтірді. Ал мәжіліске қатысқан Еуропа даму және қайта құру банкінің президенті Томас Миров Қазақстанда коррупция қанат жайып отыр деген сын айтты.

Жұма күні Астанада президент жанындағы шетелдік инвесторлар Кеңесінің 22-ші мәжілісі аяқталды. Күн тәртібіне Қазақстанның технологиялық дамуы мен диверсификация саласына шетелдік инвесторлардың қатысуы деген мәселе шығарылған болатын.

Мәжілісті ашқан Н.Назарбаев 2009 жылы Қазақстанға құйылған шетелдік инвестицияның жалпы сомасы 25 миллиард доллардан асқанын атап көрсетіп, мұның себебі жоғары дәрежедегі байланыстардың арқасы екендігіне тоқталды.

Сәлден кейін баяндама жасаған индустрия және сауда министрі Әсет Исекешев болса, «тек осы жылдың өзінде мемлекет басшысының сапарлары мен келіссөздері аясында 30 миллиард доллардан астам сомаға келісімдер жасалды» деп, президент келтірген цифрды сәл өсіріп жіберді.

Осымен он бірінші жыл қатарынан өтіп келе жатқан инвесторлар Кеңесінің отырысына «Арселор Миттал» компаниясының президенті Лакшми Митталдан бастап, «Еуразия» тобының жетекшісі Александр Машкевичке дейін қатысты.

Олар өз компанияларының «Қазақстан халқы үшін жасап жатқан еңбектерін» тәптіштеп баяндаумен болды. Мәселен, Лакшми Миттал «Біз үшін ең құнды – адам денсаулығы, ол үшін қолдан келген шараны жасап жатырмыз» деп мәлімдеді.

Ал Қазақстандағы жез, алюминий секілді түрлі-түсті металдар қорына иелік ететін Александр Машкевич те Павлодардан, Ақтөбеден өз қаржыларымен ферроқорытпа зауыттарын салуды көздеп отырғанын жеткізді.
Шетел инвесторлары Кеңесінің мәжілісіне қатысушылардың бір тобы. Астана, 4 желтоқсан, 2009 жыл.


ТОМАСТЫ ШАҒЫН БИЗНЕС ЖАҒДАЙЫ АЛАҢДАТАДЫ

Шетелдік инвесторлар Кеңесінің 22-ші отырысында алпауыттардың орта және шағын бизнесті дамытуға қолдау білдірулерінің маңызды екенін Еуропа даму және қайта құру банкінің президенті Томас Миров шегелеп айтты. Ол өз баяндамасында Қазақстанда шағын және орта бизнестің жыл сайын кері кетіп бара жатқанын тілге тиек етіп, бұл бір жағынан әлемдік қаржы дағдарысынан, екіншіден елде жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың жайлыуынан деді .

– Соңғы төрт жыл ішінде Қазақстанның ішкі жалпы өнімінде орта және шағын бизнестің үлес салмағы кеми түскен. 2005 жылы орта және шағын бизнес Қазақстанның ІЖӨ-нің 45 пайызын құраса, 2007 жылы 30 пайыз болған. Ал 2008 жылы 31,2 пайыз болып отыр. Қазақстан бизнесті дамытуда бірнеше заңдық құжаттарын жетілдіргенімен, коррупция деңгейі әлі төмендемей отыр, – деді Еуропа даму және қайта құру банкінің президенті.

НАЗАРБАЕВТЫҢ ТАЛАБЫ МЕН СҰРАУЫ

– Біз сіздерге тек шикізат сатуды ғана місе тұтып отыратын мемлекет болып қала бергіміз келмейді. Ең күрделі жылдарда біз, инвесторларға, көптеген активтерімізді аса тиімді шарттармен ұсындық. Бұл сіздердің барлықтарыңызға пайдалы болды. Ал қазір біз Қазақстанда тапқан ақшаларыңызды осы елдің экономикасына салуға шақыра алатын құқымыз бар, – деді президент.

Мемлекет басшысы шетелдік инвесторларға ақша салатын саланың бірі ретінде ұланғайыр жатқан қазақ даласын игеруді атады. Ол көрші жатқан Қытайдың қазақ жеріне көз тігіп, ауылшаруашылық дақылдарын өсіруге құлшынып отырғанын айтты.

– Қытай мемлекеті бізден соя мен рапс өсіру үшін 1 млн. гектар жерімізді сұрап отыр. Сіздер де жұмыс істейтін жерлерде біздің ауыл шаруашылығы мамандарымызбен бірлесіп, өз кәсіпорындарыңызға арнап және жалпы жұртқа сатуға арнап өнім өндіретін агроөнеркәсіптік кешендер құруға неге болмасқа? Сіздердің жұмысшыларыңыз да күніне үш рет тамақтанады ғой, мен мәжбүрлегенді қаламаймын, қашанда келісімге келуге болады, – деп даусын көтере сөйлеген президенттің инвесторлардан өзінің атындағы университетке қаржы салуын сұраған тұста ийі жұмсара түскендей болды.

– Мен өзімнің атымды бір нәрсеге беруге қарсымын. Бірақ бұл жолы келісімімді бердім. Бұл университет менің атыммен Nazarbaev University деп аталып, Білім министрлігіне бағынбайды. Университеттің жанынан ғылыми орталықтарды құру үшін, дәріс оқуға әлем ғалымдарын тарту үшін арнайы қор құрылуда. Мен достарымнан осы қорды қаражатпен қолдауын сұраймын, – деді Н.Назарбаев.

Шетелдік инвесторлар Кеңесінің келесі отырысы 2010 жылы шілде айында Алматы қаласында өтетін болды.
XS
SM
MD
LG